Қоғамдық көлік – қала тіршілігінің ажырамас бөлігі. Күн сайын мыңдаған адам автобусқа мініп, діттеген жеріне жетеді. Сондықтан мұндағы тәртіп пен мәдениет, жүргізуші мен жолаушы арасындағы өзара сыйластық – қоғамдағы жалпы қарым-қатынас мәдениетінің бір көрінісі. Осы орайда қоғамдық көлікте туындайтын жанжалдардың алдын алу бүгінде өзекті мәселелердің біріне айналды.
Осы бағытта Талдықорған қаласында республикалық «Елдесу және татуласу» жобасы аясында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Басқосуға көлік компанияларының өкілдері, заңгерлер, кәсіби медиаторлар және қоғамдық көлік жүргізушілері қатысып, қызмет көрсету мәдениеті, өзара құрмет пен даулы жағдайларды өркениетті жолмен шешу мәселелерін талқылады.
Жиында айтылғандай, қоғамдық көліктегі түсініспеушіліктердің туындауына көбіне тәртіп ережелерінің сақталмауы, ашуға бой алдыру, бір-бірінің жағдайын түсінбеу және қарапайым әдеп нормаларының ескерілмеуі себеп болады. Кейде болмашы ғана келіспеушілік үлкен жанжалға ұласып, оның бейнежазбасы әлеуметтік желілерге тарап, көпшіліктің талқысына түсіп жатады. Мұндай жағдайлардың алдын алуда ең алдымен сабыр мен сыйластық қажет. Әсіресе жүргізушінің кәсіби әдебі мен жолаушымен дұрыс қарым-қатынас орната білуі маңызды. Өйткені жүргізуші – тек көлікті басқаратын маман емес, сонымен бірге ондаған жолаушының қауіпсіздігіне жауапты тұлға.
Кездесуде осы мәселеге кәсіби медиаторлар да арнайы тоқталды. Облыстық медиация кеңесінің төрайымы Бақыт Чингаева қоғамдық көліктегі мәдениетті бала кезден қалыптастырудың маңызын атап өтті.
– Біз күнделікті қоғамдық көлікпен жүргендіктен кейде әртүрлі жағдайға тап боламыз. Біздің қалада мұндай келеңсіз жағдайлар жиі бола бермейді, әрине, бірақ кездесіп жатады. Біз сондай кезде бәрін байқап, талдау жасаймыз. Жалпы, қоғамдық көлікке отырған кездегі өзін-өзі ұстау мәдениетін үйретуге тырысамыз. Тіпті балаларға дейін түсіндіреміз. Көлікке отырған кезде өзін дұрыс ұстау, бір-біріне сыйластықпен, құрметпен қарау керектігін айтамыз. Бұл тәсілді бүгін жүргізушілерге де түсіндірсек, болашақта осы әдістермен жұмыс істеулеріне оңай болмақ, – деді облыстық медиация кеңесінің төрайымы Бақыт Чингаева.
Маманның айтуынша, жанжалдың алдын алу үшін оның салдарымен ғана емес, себебімен де жұмыс істеу керек. Яғни мәселе туындағаннан кейін оны шешуге тырысқаннан гөрі дау-дамайға жеткізбейтін қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру әлдеқайда тиімді.
Жиында қоғамдық көлік жүргізушілері де өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Олар қаладағы кейбір аялдамалардың орналасуы мен инфрақұрылымына қатысты қиындықтарды айтты. Атап айтқанда, «Фиалка» аялдамасының маңындағы жағдайға назар аударып, аялдаманы кеңейту мәселесін қарастыруды ұсынды.
Жүргізушілердің айтуынша, аталған жерде көлік көп болған кезде кептеліс пайда болады. Кей жағдайда автобустардың аялдамаға толық сыймауына байланысты жолдың екінші жолағына шығуына тура келеді. Бұл өз кезегінде қозғалыс қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан жүргізушілер мәселені тиісті мамандардың назарға алып, шешу жолдарын қарастырғанын қалайды.
Басқосуда көтерілген мәселенің барлығы қоғамдық көліктегі ахуалды жақсартуға бағытталған. Өйткені қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық көлік тек жүргізушінің немесе жолаушының емес, барша қоғамның ортақ міндеті.
Мамандардың пікірінше, өзара түсіністік пен сабыр, қарапайым әдеп пен құрмет кез келген даудың алдын алуға мүмкіндік береді. Ал медиация мәдениетін күнделікті өмірге енгізу – келіспеушілікті ушықтырмай, оны бейбіт жолмен шешудің тиімді тетігі.
Қоғамдық көлік – түрлі жастағы, түрлі мінездегі адамдар тоғысатын орта. Сондықтан әр жолаушы өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, жүргізуші өз міндетін сапалы атқарып, екі тарап та бір-біріне құрметпен қараған жағдайда ғана қаладағы көлік мәдениеті жаңа деңгейге көтеріледі.
Г. МҰҚАШҚЫЗЫ





