Астанадағы Ақорда резиденциясында елімізге ресми сапармен келген Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Салтанатты іс-шара барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Хун Манет бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт бергеннен кейін Президент оркестрі екі мемлекеттің әнұрандарын шырқады. Рәсімнен соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізіп, екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін сарапқа салды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, аталған сапар екі ел арасындағы байланысқа тың серпін беретінін және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективасына жол ашатынын айтты. Президент бұл кездесудің тарихи мәні ерекше екенін еске салды. Өйткені бұған дейін Камбоджа Үкіметінің басшылары Қазақстанға ресми сапармен келмеген.
Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сапарыңыздың тарихи мәні зор деп санаймын. Өйткені бұған дейін Камбоджа премьер-министрлерінің Қазақстанға жолы түспеген. Ал Сіздің қазақ жерімен жеке байланысыңыз бар. Әкеңіз 1982 жылы елімізге келген екен. Бүгін екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін талқылаймыз. Қазақстан халқының еліңізге ықыласы ерекше. Көптеген отандасымыз Камбоджаға барып, оның көрікті жерлерімен танысқысы келеді. Елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауымыз қажет. Сондай-ақ гуманитарлық саладағы байланыстарды жандандырғанымыз жөн», – деді.
Мемлекет басшысы екі елдің де табиғи байлығы мол екенін жеткізіп, аталған саладағы ықпалдастықты кеңейту мүмкіндіктерін атап өтті. Келіссөздер кезінде сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды нығайту, сондай-ақ туризм саласын дамыту мәселелері кешенді түрде қарастырылды.
Тікелей әуе қатынасының ашылуы мен өзара сауданың жандануы Жетісу өңірі сияқты туристік және аграрлық-индустриялық аймақтарға да жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Азия-Тынық мұхиты аймағындағы серіктестермен байланысты арттыру еліміздің экспорттық әлеуетін өсіріп, экономиканы әртараптандыруға оң ықпал етеді.





