Қазақстанда мұнай-газ саласын басқару үшін жеке ведомство құру қажет. Мұндай ұсынысты сарапшы Асқар Исмаилов айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оның пікірінше, елдің оңтүстігінде болған электр энергиясының жаппай өшуі энергетика саласындағы басқару жүйесіне қатысты мәселелер бар екенін тағы көрсетті. Сарапшы электр энергетикасы мен мұнай-газ секторын бір министрлік аясында қатар тиімді басқару қиын екенін атап өтті.
Исмаилов бұл салалардың міндеттері мен тәуекелдері бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленетінін айтты. Электр энергетикасында желілердің тозуы, генерация қуатының жеткіліксіздігі, тарифтер және жүйенің тұрақтылығы мәселелері өзекті болса, мұнай-газ саласында экспорт, мұнай өңдеу және өнімді бөлу туралы келісімдер секілді бағыттар маңызды.
Сарапшының сөзінше, екі саланың бір ведомствоға біріктірілуі кезінде олардың біріне басымдық беріліп, екіншісі кейінгі орынға ығысуы мүмкін.
Ол 14 тамыздағы электр энергиясының жаппай ажыратылуын кездейсоқ жағдай ретінде қарастыруға болмайтынын айтып, электр энергетикасы мен жылумен жабдықтауға жауап беретін арнайы құрылым қажет екенін жеткізді.
Асқар Исмаиловтың пікірінше, Энергетика министрлігін екі бөлек органға бөлу мәселесі қазірдің өзінде өзекті. Бір ведомство мұнай-газ саласына, екіншісі электр және жылу энергетикасына жауап беруі керек.
Сарапшы мұндай өзгеріс мемлекеттік аппаратты көбейту үшін емес, стратегиялық маңызы бар екі саланың басқару сапасын арттыру үшін қажет деп санайды. Оның айтуынша, әр саланың өзіндік ерекшеліктерін ескермей басқару жүйесін сақтай беру алдағы уақытта елге қымбатқа түсуі мүмкін.





