Жаңа оқу жылының қарсаңында облыстағы білім ошақтарында қарбалас қыза түсті. Биыл аймақта 131,5 мыңнан астам оқушы білім алса, соның 12,8 мыңы мектеп табалдырығын тұңғыш аттайды. Ал колледждер 4,5 мың жасты қабылдауға әзір.
Басты назар – бала қауіпсіздігінде. Білім беру ұйымдарындағы 19 200-ге жуық цифрлық бейнекамера Жедел басқару орталығына қосылған. «Дабыл түймелері» жергілікті полиция басқармаларының кезекші бөлімдеріне жалғанған. 209 білім беру ұйымы 352 штат бірлікте арнайы мамандандырылған күзетпен қамтылған. Сонымен қатар 228 білім беру мекемесінің жанына жасанды жол кедергілері, 132 мектеп маңына балалар макеттері, 259 мектеп аумағына жылдамдықты шектеу белгілері орнатылған.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, оқу қорын жаңартуға 14 баспамен 85 келісімшарт жасалған. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге 1,7 млрд. теңге, материалдық-техникалық базаны жаңартуға 2,5 млрд. теңге бөлінді. Облыстағы 314 мектептің барлығы интернетке толық қосылған. Жалпы білім беру қоры есебінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 25 704 баласына мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға қаражат ата-аналардың есепшоттарына аударылды. Тегін ыстық тамақпен қамтуға жергілікті бюджеттен 6,9 млрд. теңге бөлінді.
– Биыл білім беру ұйымдарының оқу жылына дайындығымен қатар оқулық қорын толықтыруға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және әлеуметтік қолдауға басымдық берілді. Ең бастысы – әр баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жағдай жасау, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов.
Өңірде 84 елді мекеннен 1 816 оқушы тасымалданады. Қазан айында жергілікті бюджет есебінен 10 микроавтобус сатып алу жоспарланған. Аймақта апаттық және үшауысымды мектеп жоқ. Биыл 5 жаңа білім беру нысанының құрылысы Арнайы мемлекеттік қор, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры және жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Оның төртеуі биыл аяқталады. Соның ішінде үшеуі жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі. Жергілікті бюджет есебінен 3 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Оның екеуі жаңа оқу жылы басталғанға дейін, біреуі жыл соңына дейін аяқталады.
Студенттерді жатақханамен қамту мәселесі де толық шешілген. 21 мемлекеттік колледж бен І. Жансүгіров атындағы университеттің жатақханаларында 5 391 орын бар. Барлық жатақхана бейнебақылау, дабыл түймелері, өрт қауіпсіздігі жүйелері және мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





