Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы қалған көрнекті ақын Хамит Ерғалидың шығармалары – алтын қордағы асыл мұра. Ал ақынның ұрпағы үшін Хамит Ерғали – ел білетін әйгілі қаламгер ғана емес, отбасының ақылшысы, мейірімді атасы. Бүгінгі «Асылдың сынығы» айдарының кейіпкері – ақынның немересі Айдар Мұратұлы. Мамандығы сәулетші Айдар Ерғали атасының өнегесін, қарапайым болмысын, отбасылық естеліктерін және кейінгі ұрпаққа аманат етер асыл мұрасын әңгімелеп берді.
– Ең алдымен оқырманға өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Сәулет саласын таңдауыңызға не әсер етті?
– Алматы қаласында тұрамын. Отбасымызда төрт қыз, бір ұл. Мамандығым – сәулетші. Бірнеше ғимараттың авторымын. Бала кезімнен сурет салуға құштар болатынмын. Сәулет пен дизайн саласына жолым түскені содан шығар. Бұл сала – көркемөнер мен инженерлік ілімнің қоспасы ғой.
– Ақын Хамит Ерғали дегенде көпшілікке белгілі тұлға көз алдымызға келеді. Ал сіз атаңызды қай қырынан елестетесіз?
– Әрине, жұртшылық танымал адамды тұлғалық қасиеті арқылы біледі. Ал үйдегі аталар мен немерелер қарым-қатынастары барлық жерде де белгілі бір дәрежеде ұқсас деп айтуға болатын шығар. Біз де атамызды ең алдымен ата ретінде таныдық. Ол кісіні жұрт алдында қанша кемеңгер ақын, батагөй ақсақал болса да үйде өте ақкөңіл, балажан кісі әрі өзі де бала сияқты аңғал еді. Әсіресе үстел ойындарына құмар еді. Сондықтан үйде ішіміз пыспайтын. Әр немересіне еркелетіп өлең де шығарып жіберетін. Маған жазғаны мына өлең:
Айдарым менің Айдарым,
Дос алдында жайдарым,
Қас алдында айбарым.
Жырдай көркем көрінгей,
Жылдарың мен айларың.
– Атаңыздың жеке заттары, қолжазбалары немесе сіз ерекше қастерлейтін естеліктері сақталған ба?
– Заттар мен қолжазбалардың көбісін Астанадағы кітапхана мен Атыраудағы мұражайларға тапсырдық. Бірақ бірен-саран атамыздың көзі деп сақтап қалған заттар бар. Домбырасы көп болатын. Біздің үйде біреуі қалды. Сонымен бірге кәдесый қамшысы, біршама тұрмыстық заттары мен кітаптары сақтаулы.
– Сіз сәулетшісіз. Поэзия мен сәулет өнерінің арасында қандай ұқсастық көресіз?
– Сәулет өнері мен поэзия бір қарағанда мүлдем ұқсамайтын екі түрлі сала болып көрінсе де, негізі екі өнердің де айқын ұқсастығы бар. Ол сыртқы формасында емес, ішкі ұқсастық. Екеуі де өнер туындысы болу үшін белгілі бір сезімге, ойға, мағынаға, шабытқа ие болуы керек. Бірақ оларды тұтынушыға жеткізу үшін дұрыс пайымдай білген дұрыс. Өзіндік нақты ішкі құрылысы, құрылымы үндескеннен шығар көп адам сәулет өнерін поэзия мен музыкаға жиі теңейді.
– Тегіңіз өмірдегі ұстанымдарыңызға әсер етті ме?
– Әрине, әсер етті деп ойлаймын. Менің ойымша, әрбір адам шыққан әулетін рухани тұғыры деп білуі керек. Қазақ «тектілік» деп осыны айтқан шығар. Тектілік – өткен мен келешек буын арасындағы байланысқа жауапты қарап, олардың түйісуіне барлық жағдай жасау, оларды бір-біріне жалғау деп білемін. Әр адам қайдан шыққанын, ата-бабасының кім болғанын білген сайын өзіне де жауапкершілікпен қарай бастайды.
– «Мен – Хамит Ерғалиевтің немересімін» деген сөз сізге қандай міндет жүктейді?
– Меніңше, ең алдымен әрбір адам шыққан тегін, әулетін қадірлеуі керек. Бірақ мақтану мен мақтаншақтықты ажырата білу қажет. Бұл да атамыздың өз өмірімен бізге үлгі етіп көрсетіп кеткен өсиеттерінің бірі. Ол кісі өте қарапайым адам еді. Сондықтан атаның немересі болдым екен деп өзіңді өзгеден биік қоюға болмайды. Керісінше, атадан қалған жақсы қасиеттерді жалғастыруға, өзімді сол атқа лайық ұстауға тырысамын. Мен үшін жауапкершілік деген осы.
– Жастар бүгін Хамит Ерғалиевті не үшін қайта оқуы керек деп ойлайсыз?
– Жастар жалпы поэзияны жақсы көрсе екен деймін. Өйткені қазақ поэзиясы – қазақ тілін сақтап тұрған бірден-бір қамал. Қазақ тілінің киелі мекені. Мен көріп жүрген жастар бүгінде поэзияға құштар. Оның ішінде Хамит Ерғали шығармашылығы да ұмыт қалып жатқан жоқ. Бірақ «міндетті түрде білу керек» дегенге өз басым қарсымын. Жалпы, өнер күштегенді жақсы көрмейді. Күштеп таратқан өнер – өнер емес, үгіттеу. Өнер деген алтын сияқты. Адам оны іздеп тапқан жағдайда ғана құндылығы бар. Хамит Ерғали өлеңдері – эпикалық, өзіндік сипаты айқын туындылар. Көп өлеңдері күрделі, терең. Ондай поэзияны жұрттың бәрі жатқа білмейді. Оның жеке оқырманы бар және олар халық ішінде қашанда табылады.
– Егер атаңыз бүгін қасыңызда болса, қандай сұрақ қойып, қандай әңгіме айтқыңыз келер еді?
– Атам кезінде «Ғұмырнама» деген автобиографиялық шағын шығарма жазған. Сол кітапшаның ішінде өзім сүйсініп оқитын бөлім – атамның балалық, жастық шағы, арғы аталарым мен әжелерімнің өмірбаяндары. «Не деген тағдырлар, не деген оқиғалар, не деген кейіпкерлер!» деп тамсанатынмын. Әрқайсысына бөлек фильм түсіруге болады. Бұйыртса кейін тарқатып, повесть қылып жазамын деп еді. Соны күтіп жүретінмін. Бірақ ол бұйырмады. Мен үшін сол өте өкінішті жайт. Егер бүгін қасымда болса, сол шығарманы жазып шығуын сұрайтын едім. Бәлкім, атамның өміріндегі біз білмейтін талай сырды, оқиғаны тағы бір рет тыңдар едім.
– Өзіңіздің балаларыңызға немесе кейінгі ұрпаққа атаңыздың қандай қасиетін аманат еткіңіз келеді?
– Атамның үлгі алатын, үйренетін тұстары көп еді. Ол шынымен де өте ерекше тұлға болатын. Маған арнайы өз қолымен жазған бір бет шежіре қағазы бар. Онда шыққан тегіміз, руымыз, ұранымыз, жеті атамыз сияқты мәліметтер қысқаша жазылған. Сол қағазды менің балаларым өз балаларына оқытып, жаттатып, аманат етіп өз ұрпақтарына жеткізсе деймін. Ол өте маңызды. Ондай шежіренің біздің үйде бар болғаны мен үшін зор бақыт. «Отбасылық құнды құжат» әр қазақтың үйінде сақтаулы тұру керек деп ойлаймын.
– «Асылдың сынығы» айдарының оқырмандарына Хамит Ерғалиев туралы бір ғана өмір шындығын айтып беру мүмкіндігі болса, қай оқиғаны таңдар едіңіз?
– Біз Алматыда тұрдық. Бала кезімде нағашы әжемнің қолында ауылды жерде көп болдым. Тілім де сол жақта шықты. Уақыты келгенде орысша бірауыз сөз білмейтін мені әке-шешем үйдің жанындағы орыс балабақшасына берді. Бірер аптада мен де айналадағы балаларға ұқсап шүлдірлеп шықтым. Ол кезде Алматыда жалғыз ғана қазақ балабақшасы болатын. Оған баланы беру мүмкін емес, орын жоқ. Орыстандырудың зардабын онсыз да көріп жүрген атам соны естіді де қатты күйзеліске түсті. Сөйтіп мені жетектеп алды да әлгі балабақшаның меңгерушісіне тікелей өзі кіріп барды. Атағы дүркіреп тұрған кезі ғой, әкімшілігі қуана қарсы алды. Оны естіген бүкіл ұжым сол бойда меңгерушінің бөлмесіне жиналып қалды. Атам солардың алдында сөз сөйлеп, өлеңдерін оқып, кітаптарын сыйлап, құдды бір шығармашылық кеш өткізгендей болды. Жұрттың бәрі ду қол шапалақтап, мәз-мейрам. Әрине, ондайдан кейін мені орын болмаса да бір амалын тауып, алмасқа шаралары қалмады. Атамның кез келген адамды лезде баурап алатын ерекше қуатты, адуынды ақындық рухы әлі күнге дейін көз алдымда. Сол күн менің тағдырымды шешкен күннің бірі десем артық болмас. Өйткені мыңдаған құрдастарым қатарлы мен де тілмен байланыс үзіп, алшақтап қалсам, өмірім де, ішкі әлемім де сөзсіз басқа бағытта кетуші еді.
P.S. Айдар Ерғалидың әңгімесінен Хамит Ерғалидың ақындық қуатымен қатар қарапайым адам, балажан ата, ұлт болашағына алаңдаған азамат ретіндегі болмысы да анық аңғарылады. Ақынның немересі үшін атадан қалған ең үлкен мұра – атақ пен даңқ емес, ұрпақтар сабақтастығын үзбеу, туған тіл мен текті қадірлеу, өткенді есте сақтап, келешекке аманаттау. Бәлкім, Айдар Мұратұлы сақтап отырған бір парақ шежіре қағазының мәні де осында шығар. Бір әулеттің тарихын бір ұрпақтан екіншісіне жалғап тұрған сол шағын ғана қағаз – уақыттан жеткен үлкен аманат. Ал Хамит Ерғали секілді алып тұлғалардың артында қалған ең қымбат мұра – олардың шығармалары ғана емес, ұрпағына сіңірген рухани өнегесі.
Гүлжан ТҰРСЫН





