Құрылтай – қоғамдағы маңызды мәселелерді ашық талқылап, елдің болашағына қатысты ортақ ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік беретін алаң. Оның мәні белгілі бір пікірді ғана қолдаумен шектелмейді. Керісінше, әртүрлі көзқарастардың ортаға салынып, олардың арасынан қоғам мен мемлекет үшін тиімді шешімнің ізделуінде. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтайдың қалыптасуы саяси пікір алуандығын дамытуға және қоғамдық диалог мәдениетін нығайтуға жол ашады.
Саяси партиялар үшін мұндай алаңның маңызы зор. Өйткені қоғам біртекті емес. Әртүрлі әлеуметтік топтың өзіндік мүддесі, мәселесі мен ұсынысы бар. Сол мүдделерді ашық әрі өркениетті түрде білдіру – саяси мәдениеттің маңызды көрсеткіші. Партиялар өз бағдарламалары арқылы қоғамның сұранысына жауап беріп, азаматтарға нақты ұсыныстарын таныстыруы тиіс.
Партиялар арасындағы бәсекелестікті де тек бір-бірінен озу немесе қарсы пікір айту ретінде түсінуге болмайды. Шынайы саяси бәсеке – елдің мәселесін кім тереңірек түсініп, оны шешудің тиімді жолын ұсына алады деген жарыс. Бір партия әлеуметтік мәселелерге басымдық берсе, екіншісі экономикалық өсімге, үшіншісі өңірлердің әлеуетін арттыруға назар аударуы мүмкін. Осындай бағдарламалық айырмашылықтар қоғамда мазмұнды пікірталас қалыптастырады.
Алайда саяси бәсекенің де өз шегі бар. Ол – заң талаптары мен қоғамдық жауапкершілік. Партиялар өз ұстанымын қорғау барысында қарсыласын қаралау, жалған ақпарат тарату немесе қоғамды араздыққа итермелеу сияқты тәсілдерден аулақ болуы қажет. Бәсекенің мақсаты қарсы тарапты жоққа шығару емес, өз бағдарламасының тиімділігін нақты дәлелдер арқылы көрсету болғаны жөн.
Бұл мәселе өңірлер үшін де аса өзекті. Тұрғындарды жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту, жол мен ин-фрақұрылымды жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді мәселелер халықты алаңдатады. Партиялар осы түйткілдерге әртүрлі шешім ұсынуы мүмкін. Бірі өндірісті дамытуға басымдық берсе, екіншісі экологиялық талаптарды күшейтуді ұсынуы ықтимал. Мұндай пікір айырмашылығының өзі теріс құбылыс емес. Керісінше, ұсыныстар ашық талқыланып, нақты дәлелдермен салыстырылса, одан қоғам ұтады. Құрылтайдың басты құндылығы да осында. Ол әртүрлі пікірді бір ортаға жинап, саяси және қоғамдық келіспеушіліктерді текетіреске емес, сындарлы диалогқа айналдыруы тиіс. Партиялар арасындағы бәсеке неғұрлым әділ, ашық және құқықтық талаптарға сай жүргізілсе, елдегі саяси мәдениет те соғұрлым жоғары деңгейге көтеріледі.
Мықты мемлекет үшін пікір алуандығы қаншалықты маңызды болса, сол пікірді өркениетті түрде білдіру, қарсы көзқарасты құрметтеу және ортақ мүдде жолында мәмілеге келе білу де соншалықты қажет. Құрылтайдың тарихи және қазіргі саяси мәні осындай қоғамдық келісім мәдениетін қалыптастырумен тығыз байланысты.
Қалибек АЛПЫСБАЕВ,
«Кеңдала» шаруа қожалығының
директоры
Көксу ауданы





