Қазақстанда «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында елді мекендерді жоғары жылдамдықты байланыспен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Елімізде халық пен бизнесті кемінде 100 Мбит/с жылдамдықтағы интернетке қосу мақсатында үлкен инфрақұрылымдық өзгерістер жүзеге асуда. Жоспарланған 31 ауқымды іс-шараның 21-і толықтай аяқталды. Өткен жылы спутниктік байланыс арқылы 362 ауыл ғаламторға қосылып, ұялы байланыс операторлары 12 қосарлы мақсаттағы тірек орнатты. Оған қоса, ел аумағында байланыс сапасы төмен немесе мүлдем жоқ 743 «ақтаңдақ» аумақ толығымен жойылды. Себебі телекоммуникациялық инфрақұрылым құрылысын жеделдету әрі әкімшілік кедергілерді азайту бағытында заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді.
Сандық теңсіздікті жою үшін ірі инвестициялар тартылуда. «Қазақтелеком» АҚ-мен бюджеттен тыс 239 млрд теңгеге келісім жасалды. Осы жоба шеңберінде 2027 жылдың соңына дейін 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту көзделген. Нәтижесінде 1,2 млн тұрғын мен 5,8 мың мемлекеттік нысан заманауи желіге қол жеткізеді. Қазіргі таңда 12 ауылда талшықты-оптикалық желі тартылып, 340 елді мекен спутниктік интернетпен қамтылды.
Сондай-ақ Дүниежүзілік банктің қолдауымен 83,9 млрд теңге қаржы бөлініп, тағы 1 123 ауылда интернет инфрақұрылымын дамыту басталды. Бұл бастама әрбір үй шаруашылығына дейін талшықты-оптикалық желі жеткізіп, 2,3 млн адамға сапалы байланысты пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, қалалар мен ауылдарда заманауи байланыс стандарттары енгізілуде:
-
5G желісі: Ұялы байланыс операторлары жоспарды мерзімінен бұрын орындап, еліміздің 20 қаласында 3 618-ден астам базалық стансаны іске қосты.
-
4G стандарты: Халқы 250 адамнан асатын 3 807 ауылды кезең-кезеңімен көшіру бағдарламасы аясында 566 елді мекен жаңа желіге қосылып үлгерді.
Жаһандық цифрлық хабқа айналу бағытында да ауқымды жобалар бар. Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің түбімен өткізу қабілеті 6 Тбит/с-қа дейінгі суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал «Батыс – Шығыс» гипермагистралінің құрылысы 58%-ға орындалып, 2 341 шақырым желі төселді. Астанада 256 тірекке арналған Tier III деңгейіндегі жаңа деректерді өңдеу орталығының құрылысы 99%-ға дайын.





