Сарқан қаласында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында арнайы жәрмеңке ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңа оқу жылы қарсаңында өткізілген игі шара барысында жергілікті кәсіпкерлер оқушыларға қажетті кеңсе тауарларын, мектеп формасы мен киім-кешектерді және өзге де маңызды оқу құралдарын халыққа тиімді бағада ұсынды. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл бастама – әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға нақты қолдау көрсетудің тиімді жолы. Жәрмеңкеде ұсынылған өнімдер бағасының қолжетімділігі тұрғындардың мектепке дайындық шығындарын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
Балалардың болашағына бейжай қарамай, демеушілік танытқан азаматтардың арқасында көптеген отбасыларға нақты әлеуметтік көмек көрсетілді. Мектеп табалдырығын аттайтын өрендерге қуаныш сыйлап, жаңа оқу жылына дайындығына қолдау білдірген барша демеушілер мен кәсіпкерлерге ақжарма алғысымызды білдіреміз! Жетісу өңірінде осындай қайырымдылық істерінің көбейгені қоғамдағы өзара бауырмалдық пен жауапкершілікті арттыратыны сөзсіз.





