Қазақстанда электр энергиясы тапшылығын жою және өндіріс орындарын тұрақты қуатпен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Энергетика министрлігі генерациялау қуаттарын ұлғайтып, қажетті электр энергиясы резервін қалыптастыру бойынша жүйелі шараларды жалғастыруда. Алдағы 2027 жылы республика аумағында жалпы қуаты 845 МВт болатын жаңа энергетикалық нысандарды іске қосу жоспарланған. Атап айтқанда, Жамбыл ГРЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын 5 газтурбиналық қондырғы, ал «МАЭК» кәсіпорнында қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысы жұмысын бастайды.
Сонымен қатар «Баскуат Энергопром» серіктестігі жобасының бірінші кезеңі аясында 34,7 МВт қуат беретін 5 газпоршеньді қондырғы орнатылады. «Kazakhmys Energy» компаниясы да қуаты 70 МВт бу-газ қондырғысын іске қосуды көздеп отыр.
Бұдан бөлек, жалпы қуаты 570 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері жобаларын жүзеге асыру көзделуде. Бұл қатарға Алматы облысындағы 100 МВт күн электр станциясы, Қызылорда облысындағы жалпы қуаты 70 МВт болатын 3 күн электр станциясы еніп отыр. Оған қоса Ақтөбе облысында әрқайсысы 100 МВт болатын 2 жел электр станциясы, Қызылорда мен Түркістан өңірлерінде 50 МВт жел электр станциялары салынбақ. Абай облысында да жалпы қуаты 100 МВт болатын 2 жел электр станциясы бой көтереді.
Жаңа нысандарды іске қосу экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді. Мамандардың есебі бойынша, 2027 жылдың соңына қарай шамамен 1,3 млрд кВт·сағ көлемінде профицит қалыптасады. Еске сала кетсек, 2026 жылы шамамен 2,6 ГВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарланған болатын. Мұндай оң өзгерістер өнеркәсіптің дамуына тың серпін беріп, өңірлердің әлеуетін арттырады.





