Бүгін «Әділет» партиясы Жетісу облыстық сайлауалды штабының өкілдері облыстық көпсалалы аурухана ұжымымен кездесіп, денсаулық сақтау саласының қазіргі даму бағыттарын талқылады.
Басқосуда медициналық қызмет көрсету сапасын арттырудағы цифрлық технологиялардың рөліне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда ақпараттық жүйелердің дамуы дәрігер мен пациент арасындағы байланысты жеңілдетіп қана қоймай, медициналық мәліметтерді жинақтау, сақтау және өңдеу үдерістерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Кездесуде медициналық қызметті цифрландырудың тиімді тұстарымен қатар, оны енгізу барысында туындайтын мәселелер де сөз болды. Атап айтқанда, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, мамандардың цифрлық дағдыларын жетілдіру, ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығын күшейту және деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды екені айтылды.
Заманауи технологияларды медицинаға енгізу – тек жаңа бағдарламалар мен құралдарды пайдаланумен шектелмейді. Оның негізгі мақсаты – дәрігердің уақытын тиімді пайдалану, қажет ақпаратқа жедел қол жеткізу және пациентке көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру.
Кездесу барысында медицина қызметкерлерінің тәжірибесі мен ұсыныстары тыңдалып, саланы дамытуға қатысты пікірлер ортаға салынды. Мұндай кәсіби пікір алмасулар денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістердің нақты қажеттіліктерге сай жүргізілуіне мүмкіндік береді.





