Қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты дамыту, ел дамуының басым бағыттарын айқындау және азаматтардың ұсыныс-пікірін ортақ талқыға салу тұрғысынан Ұлттық құрылтайдың маңызы ерекше. Бұл – қоғамның түрлі өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, елдің бүгіні мен болашағына қатысты өзекті мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Ұлттық құрылтай жұмысына қоғамның әртүрлі саласының өкілдері – мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, зиялы қауым, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер, жастар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысады. Мұнда әлеуметтік-экономикалық даму, білім мен ғылым, мәдениет, ұлттық құндылықтар, жастар саясаты, отбасы институты, қоғамдық жауапкершілік және заң мен тәртіп секілді маңызды мәселелер көтеріледі.
Құрылтайдың басты ерекшелігі – ел үшін маңызды мәселелерді ашық талқылап, қоғамның ұсыныстары мен азаматтардың пікіріне назар аудару. Әртүрлі көзқарастардың ортаға салынуы өзекті мәселелерді жан-жақты саралауға және нақты бастамаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстанның тұрақты дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Қоғамдағы өзара құрмет, жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік, заңға бағыну және ұлттық құндылықтарды сақтау да ел болашағының берік негізі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлттық құрылтайда көтерілетін мәселелердің қоғамдық мәні зор.
Әсіресе жас ұрпақтың тәрбиесі мен дүниетанымын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлудің маңызы артып келеді. Жастарға сапалы білім беру, еңбекке баулу, ұлттық мәдениет пен тарихты дәріптеу, азаматтық жауапкершілікті күшейту – мемлекеттің ғана емес, ата-ана, білім беру ұйымдары мен тұтас қоғамның ортақ міндеті.
Ұлттық бірлік те ел дамуының негізгі тіректерінің бірі. Қоғамда өзара түсіністік пен келісім орныққан жағдайда ғана ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізуге болады. Сондықтан Құрылтай аясында ұлттық құндылықтарды сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және азаматтардың ел тағдырына деген жауапкершілігін арттыру мәселелерінің көтерілуі заңды.
Құрылтайдың тағы бір маңызды қыры – қоғамдағы өзгерістерге қатысты пікірлерді жинақтап, оларды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарымен сабақтастыруға мүмкіндік беруі. Халықтың ұсынысы мен қоғамдағы сұраныс ескерілген жағдайда қабылданатын шешімдердің де тиімділігі арта түседі.
Ел болашағы – баршаға ортақ жауапкершілік. Мемлекет дамуының әр кезеңінде қоғамның үнін есту, азаматтардың бастамаларына қолдау көрсету және ортақ мақсат төңірегіне топтасу маңызды. Осы міндеттерді жүзеге асыруда Ұлттық құрылтайдың қоғамдық диалог алаңы ретіндегі рөлі айрықша.
Сондықтан Ұлттық құрылтайды тек пікір алмасатын жиын емес, ел дамуының өзекті мәселелерін саралап, қоғамдық ойды қалыптастыратын және ортақ құндылықтарды дәріптейтін маңызды институт ретінде бағалауға болады. Оның аясында айтылған ұсыныстар мен бастамалар қоғамның сұранысымен үндесіп, Қазақстанның тұрақты дамуына, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің нығаюына қызмет етуі тиіс.
Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың мемлекет ісіне деген сенімін нығайту және болашаққа ортақ жауапкершілікпен қарау. Ұлттық құрылтайдың мәні де осында – елдің бүгініне баға беріп қана қоймай, келешекке бағыт-бағдар айқындау.
«Жетісу-Ақпарат»





