Технология мен спортты қатар алып жүрген Мадияр Молдахмет облыста FPV дронрейсинг бағытының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Талдықорғанның алғашқы FPV пилоты атанған жоғары сынып оқушысы дронды жоғары жылдамдықта басқаруды меңгеріп қана қоймай, оның техникалық құрылымына да терең үңіліп, кастомды дрондарды өз қолымен құрастырып жүр.
FPV-дронрейсинг – пилоттан жоғары шапшаңдықпен шешім қабылдауды, дәлдікті және техникалық білімді талап ететін заманауи технологиялық спорт түрі. Мадияр бұл бағытқа қызығушылығын тәжірибемен ұштастырып, қажетті бөлшектерге тапсырыс беріп, дрондарын өз бетінше жинайды. Осылайша ол пилоттық шеберлігін жетілдірумен қатар, робототехникалық жүйелердің болашақ инженері ретінде тәжірибе жинақтап келеді.
Жас спортшының жарыстардағы нәтижелері де көңіл қуантады. Ол Alem Tech Fest / Alem Drone Championship 2026 чемпионатында Smart Sarbaz командасының құрамында III орын иеленді. Сондай-ақ Almaty Drone Championship/ Kazakhstan Drone Championship 2026 іріктеу кезеңінде Tiny Whoop Drone Race (Junior) санаты бойынша IV орынға қол жеткізді.
Мадиярдың бүгінгі деңгейге жетуіне тұрақты жаттығудың да әсері зор. Ол Uncrashed және DCL кәсіби симуляторларында 350 сағаттан астам ұшу тәжірибесін жинаған. Симулятордағы ұзақ жаттығулар жас пилотқа күрделі маневрлерді қауіпсіз жағдайда пысықтап, кейін 5 дюймдік кастомды дрондарды басқаруға мүмкіндік берді.
Жас маман өз білгенін өзгелермен бөлісуді де жолға қойған. Талдықорған қаласындағы Astana Hub өңірлік филиалы – Jetisu Digital IT хабы базасында FPV дронрейсинг пен симуляторларды қолдану бойынша практикалық воркшоп өткізіп, қала тұрғындарына бұл бағыттың қыр-сырын таныстырды. Сонымен бірге жергілікті IT қоғамдастықтың белсенді мүшесі ретінде түрлі хакатондар мен турнирлерге қатысып жүр.
Мадиярдың мысалынан қазіргі жастардың технологияны тек қызығушылық ретінде қабылдамай, оны нақты кәсіп пен спортқа айналдырып келе жатқанын аңғаруға болады. Әсіресе робототехника, жасанды интеллект, дрон технологиясы секілді бағыттардың қарқынды дамуы жас буынға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Бүгінде елімізде технологиялық спортқа деген қызығушылық та арта түскен. Соның бір дәлелі – қазіргі уақытта Астанада «Қазақстан инжиниринг» орталығы ұйымдастырған, жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайтын «R&D Kazakhstan Engineering Drone Cup» республикалық конкурсының өтуі. Байқау елдің әр өңірінен келген инженерлер мен FPV пилоттардың басын қосып, олардың техникалық мүмкіндігі мен кәсіби шеберлігін саралауға жол ашуда.
Осындай жарыстар мен жобалардың көбеюі Мадияр секілді жас энтузиастарға өз қабілетін шыңдап, жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді. Ал талдықорғандық жас пилоттың жетістігі Жетісуда да FPV дронрейсингтің болашағы бар екенін көрсетіп отыр. Бәлкім, бүгін симулятор алдында шеберлігін шыңдап жүрген Мадиярдың ертең еліміздің атын халықаралық аренада танытатын инженер әрі кәсіби пилотқа айналуы да ғажап емес.
Медет ЖҰМАБАЙ





