Қапал дегенде көз алдымызға ең алдымен асқақ таулар, мөлдір бұлақтар, көк майса жайлаулар, шипалы арасан, Бүйеннің бойындағы қоңыр тіршілік елестейді. Бірақ Қапалдың қадірін табиғаты ғана арттырып тұрған жоқ. Бұл өлкенің әр қырқасы мен әр сайында ел жадында сақталған аңыз бар. Сол аңыздардың ең мұңлысы әрі ең көркемі – Баян мен Сайынбөлек туралы хикая.
Ілияс Жансүгіровтің Жетісу табиғатына арналған жырларын оқығанда, ақынның тау мен тасты жай ғана табиғат көрінісі ретінде суреттемегенін байқаймыз. Ол әрбір жотаның мінезін, әрбір сайдың сырын сезінген. «Баян жүрек» те ақын жырында адам тағдырымен астасып, тірі бейнеге айналады.
Аршалы, Амантекше, Қарасырық,
Қараүңгір, Қалмақасу, Қаражырық.
Сауыры Салқынбел мен Сайынбөлек
Суығы соғып тұрад аласұрып…
Кейбіреулер үшін бұл жай ғана Қапал өңірі болуы мүмкін. Жергілікті халық үшін әр атаудың артында бір оқиға, айқын белгі, қимас естелік жатыр.
Қапалдың тарихы тым әріде. Бұл өңір ежелден адамға құтты қоныс, малға жайлы мекен. Жоңғар Алатауының етегіндегі шұрайлы жерлер, өзен-сулар, табиғи жайылымдар ежелгі жұрттың тіршілігіне қолайлы болған.
Жартастағы суреттер мен көне белгілер де бұл өлкенің тарихы тамыры тереңде жатқанын аңғартады. Олардан мыңдаған жыл бұрын осы даланы мекендеген адамдардың дүниетанымын, кәсібін, табиғатпен қарым-қатынасын тануға болады.
Жерұйықты іздеген Асанқайғының Жетісуға берген бағасы да бекер емес. Аңыз бойынша, ол бұл өлкені көргенде табиғаты мен қонысына сүйсініп, елге жайлы мекен екенін айтқан. Жетісудың құдіреті де осында. Табиғаты адамды таңғалдырса, тарихы ойға жетелейді.
Баянның тағдыры жазылған тау
Қапалдың Баян жүрек атанған тауына қатысты аңыз да осы табиғат пен адам тағдырының байланысын көрсетеді. Ертеде Қапал есімді дәулетті, елге беделді бай өмір сүріпті. Оның қоныстары Тамшыбұлақтың төрінен бастап, Қопа маңы, Бүйен өзені бойы, Қаракүнгейдің жайлы қыраттарына дейін созылып, жаз жайлауы Жоңғар Алатауының көк шалғынды бөктерлерін қамтыған деседі. Қапал байдың Баян атты жалғыз қызы болыпты. Баянның бойындағы ең басты қасиет – оның еркіндігі. Ол ат құлағында ойнаған, садақ тартып, қылыш ұстаған, ер балалардан кем түспейтін өжет қыз болып өседі. Дәулетті әкенің жалғыз қызы болғанымен, сән-салтанатқа емес, дала тіршілігіне жақын болады. Жылқыға құмар Баян әкесінің жылқышысы Сайынбөлекпен бірге өседі. Екеуі бала кезден ат үстінде қатар жүріп, жылқының мінезін бірге таныған. Уақыт өте келе балалық достықтың орнын жүрекке бағынбайтын сезім басады. Бірақ ол заманда байдың қызы мен жылқышының қосылуы оңай емес еді. Баянға сырттан құда түсушілер көп болған. Әкесі қызының тағдырын өз қалауынша шешкісі келеді. Ал Баян үшін байлықтан бұрын жүрек қалауы қымбат еді. Сөйтіп, екі жас елден кетуге бел байлайды.
Олар Алтыншаңырақтың ар жағындағы туыстарына қарай қашып өтпек болады. Қапалдың таңдаулы сәйгүліктеріне мініп, таң бозынан жолға шығады. Күреңбелді кесіп өтіп, Бүйенді өрлей отырып, алдарынан асу, тау, тас кездессе де үміттерін үзбейді. Бірақ адамның арманы мен тағдырдың жазуы үнемі бір жерден шыға бермейді. Қапал олардың қашқанын естіп, артынан қуғыншы жібереді. Қос ғашықты қуғыншылар тау бөктерінде қуып жетеді. Сайынбөлек жан аямай шайқасып, ақыры қаза табады. Қанға боялған Баянды ауылға алып қайтады. Алайда сүйгенінен айырылған қыздың ендігі өмірі де мәнсіз еді. Жолда ол бір қыратқа көтеріліп, қуғыншылардан өзін жалғыз қалдыруды сұрайды. Сол жерден сүйгенінің өлі денесі қалған тауларға ұзақ қарап отырады. Сол жерде Баянның жүрегі тоқтаған деседі. Ал алыстан қарағанда тау сұлбасы жүрекке ұқсайды екен. Содан бері бұл жер «Баян жүрек» аталыпты. Аңыздың шындығы қай жерде, көркем қиялы қай тұста екенін дәл айыру қиын. Бірақ халықтың жадында ғасырлар бойы сақталған әңгіменің құдіреті де осында. Ол тарихи құжат секілді нақты дерек бермеуі мүмкін, есесіне сол заманның адамдық сезімін, елдің дүниетанымын, жерге деген ықыласын сақтап қалады.
Аңыздың ең қызық тұстарының бірі – Баянның әкесі Қапалдың кейінгі тағдыры. Жалғыз қызынан айырылған әке қайғыдан қан жұтады. Көз алдындағы Баянның бейнесі кетпей, қызының қаза болған тауына қарап күрсініп өтеді. Ақыры Бүйеннің бойына үй тіккізіп, сол маңнан қызын еске алып өмір сүреді. Аңыз бойынша, оның көз жасынан сазды жерге су жиналып, кейін сол орынның суы шипалы арасанға айналған. Бұл – халық қиялының көркем бейнесі. Бірақ Қапал-Арасанның шипалы суы мен табиғи ерекшелігі шын мәнінде осы өлкенің басты байлықтарының бірі.
Қапал-Арасанның аты бүгін де әлемге аян. Табиғаттың өз қолымен жаратқан минералды сулары, таудың таза ауасы, айналаның көркемдігі бұл мекенді емдік-сауықтыру орнына айналдырған. Осылайша аңыздағы әкенің көз жасы деген бейне мен табиғаттың шипалы суы халық жадында бір-бірімен астасып кеткен.
Қарлы шыңдар алыстан мұнартады
Қапал өңірінің табиғатын бір көрген адам ұмыта қоймайды. Мұнда тау бірден басталмайды. Кең дала біртіндеп белеске, белес қыратқа, қырат асқар тауға ұласады. Бүйеннің суы тау жақтан төмен сырғып, айналасына жан бітіреді. Көктемде сай-салаға су толып, жазда тау бөктері көк майсаға оранады. Ал күз келгенде Жоңғар Алатауының етегі алтын түске боялады. Қапалдың табиғатының тағы бір ерекшелігі – оның әр алуан мінезі. Бір жерде мөлдір бұлақ сылдырайды. Бір жерде жел өңменіңнен өтетін тау суығы қарсы алады. Бір қырқада арша өссе, екінші жерде жусанның иісі аңқиды. Қарлы шыңдар алыстан мұнартып, төменде жайқалған жайлау созылып жатады.
Ілияс Жансүгіров осындай табиғатты жай ғана көріп қоймай, тілін түсінген ақын. Оның «Тау суреттеріндегі» Күреңбел, Қора, Шажа, Бүркітті, Сайынбөлек, Баян жүрек секілді атаулардың әрқайсысы халықтың рухани қуаты. Ақын тауды адамға ұқсатады, оған мінез береді. Бір тау түнеріп тұрса, екіншісі сәукеледей сәнденеді, тағы бірі жүрекке ұқсайды. Қапалды табиғат арқылы емес, жүрек арқылы таниды.
Қапал – табиғат қана емес, тарих. Баянның аты тауға берілді. Сайынбөлек есімі жайлау атында қалды. Қапал тұтас бір өңірдің тарихи атауына айналды. Бүгінде біз осы атауларды күнделікті айтып жүргенімізбен, олардың ар жағында қандай сыр жатқанын біле бермейміз. Баян жүрек тарихтың ең мұңды беттерінің бірі болса да, ол – туған жердің қадірін арттыратын, ұрпақ жадында сақталуға тиіс рухани мұра. Жер тарихы – ел тарихы. Ал ел тарихын сақтайтын ең мықты мұрағаттың бірі – халықтың жадында қалған аңыз. Қапалдың таулары сол аңызды әлі де үнсіз айтып тұрғандай.
Гүлжан ТҰРСЫН





