Виктория ФЕДОРОВИЧТІҢ шыр етіп дүниеге келген жері – Ақсу ауданына қарасты Жансүгіров ауылы. Ұлты – поляк. Ал жүрегіне жақын тілі – қазақ тілі. Талдықорғандағы №16 мектеп-гимназиясында білім алған алғыр шәкірт бүгінде Жетісу университетінің журналистика мамандығында оқиды. Қазақтың қайсар қызының өмір жолы, жеткен жетістігі, ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІН, САЛТ-ДӘСТҮРІН, ӘДЕБИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТІН ҚҰРМЕТТЕУІ бүгінде екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Жас болса да бас болып жүрген қайсар қыздың ерлігінен бүгінгі жастар үлгі алуы тиіс деген оймен сырлы сұхбат құрдық.
– Виктория Антоновна, балалық шағыңыз туралы айтып өтсеңіз. Есіңізде ерекше қалған сәттер бар ма?
– Балалық шағым өте қызықты өтті. Естен кетпес естеліктерім көп. Мектепте өтетін іс-шараның барлығына қатысатынмын. Балаларға арналған мерекелер, кештер ұйымдастырылатын. Осындай шаралардың әрқайсысы мен үшін ерекше болатын. Мен кішкентай кезімнен белсенді болдым. Қоғамдық жұмыстарға қатысқанды ұнаттым. Көпшілік ортада жүргенде өзімді еркін сезінетінмін. Мұндай шаралар маған жақсы көңіл күй сыйлап қана қоймай, өз қабілетімді көрсетуге мүмкіндік берді.
Тағдырдың салуымен балалар үйінде тәрбиелендім. Бұл – менің өмірімдегі маңызды кезеңдердің бірі. Ол жерде мені тәрбиелеген, маған бағыт көрсеткен көптеген жақсы адам болды. Тәрбиешілерім, мұғалімдерім, достарым – әрқайсысы менің жеке тұлға болып қалыптасуыма, өсуіме өзінше ықпал етті. Олардың берген тәрбиесі мен қолдауының нәтижесінде бүгінгі жетістіктеріме жетіп отырмын деп ойлаймын. Өмір жолымда кездескен жаны жайсаң жандарға ерекше алғыс айтамын.
Меніңше, адам өмірінде кездесетін әрбір жақсы жанның өзіндік орны болады. Кейде бір адамның айтқан сөзі немесе көрсеткен қамқорлығы сенің өміріңе үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін. Дәл сонда жандар менің өмір жолымда көп кездесті. Барлығына ризамын.
– Балалық шағыңыздағы қиындықтар сіздің өмірге деген көзқарасыңызды өзгертті ме? Сіз үшін балалық шақтың адам тағдырындағы орны қандай?
– Әрине, әсері болды. Бірақ мен қиындықты өмірдің тоқтайтын жері деп қабылдамаймын. Қандай қиындық кездеспесін, ең алдымен бала кезімдегі армандарымды және алдыма қойған мақсаттарымды есіме аламын. Өзіме берген уәделерімді орындауым керек деп ойлаймын. Сондықтан алға қарай ұмтыламын. Қиындықтар әр адамның өмірінде болады. Мен оларды өмірлік сынақ деп қабылдаймын. Аадамды қиындықтың өзі емес, сол қиындыққа деген көзқарасы қалыптастырады.
Балалық шақ адамның тағдырына әсер етеді деп ойлаймын. Себебі дәл осы кезеңде адамның мінезі, дүниетанымы, қорқынышы мен арманы қалыптасады. Бірақ балалық шақ адамның бүкіл тағдырын толық анықтамайды. Кейін адам өз таңдауымен өмірінің бағытын өзгерте алады. Мен осыған сенемін. Адамның өткен жолы қандай болса да, оның болашағын өзі қалыптастыра алады. Ең бастысы – өзіңе сену және алға ұмтылу.
– Бала күнгі арманға бүгін қол жеткіздіңіз. Армандаған журналистика мамандығында білім алудасыз. Бұл мамандыққа қызығушылығыңыз қашан басталды?
– Журналистикаға қызығушылығым бала кезімнен басталды. Кішкентайымнан жаңалықтар тыңдағанды ұнататынмын. Әртүрлі ақпаратқа қызығып, бір нәрсені зерттеп, ізденгенді жақсы көрдім. Уақыт өте келе осы қызығушылығымның болашақ мамандығыммен тікелей байланысты екенін түсіндім. Журналистика мен үшін – тек ақпарат жеткізу емес, қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік беретін мамандық. Журналист ізденеді, сұрақ қояды, адамдардың өмірін зерттейді, маңызды мәселелерді көтереді. Сондықтан бұл мамандықты таңдағаныма қуанамын.
– Ұлтыңыз поляк болса да, қазақ тілін өте жақсы меңгергенсіз. Қалай, қайдан үйрендіңіз?
– Қазақ тілін балалар үйіне түскен кезімнен бастап үйрендім. Ол кезде тілім енді шығып келе жатқан кез еді. Мұғалімдерім мен тәрбиешілерім де, достарым да қазақ болды. Сол ортада қазақ тілінде сөйлесіп өстім. Сондықтан қазақ тілін табиғи түрде меңгердім. Қазақ тілінде таза сөйлей бастадым. Мен тіпті өзімді де қазақпын деп ойлайтынмын. Қазақ тілінде еркін сөлейтінімді, терең білетінімді әрқашан мақтанышпен айтамын. Күнделікті өзіме риза боламын, себебі бұл да үлкен жетістік деп ойлаймын.
Мен үшін қазақ тілін білу – жай ғана белгілі бір тілде сөйлей алу емес. Бұл өзің өмір сүріп жатқан ортаны, халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін, дүниетанымын тереңірек түсінуге мүмкіндік. Тілдің ұлтқа бөлінбейтініне көзім жетті. Қазақ тілін білу үшін міндетті түрде қазақ болып туудың қажеті жоқ. Ең бастысы – ниет пен құрмет. Мен өзімді поляк ұлтының өкілі ретінде құрметтеймін, сонымен бірге Қазақстанның мемлекеттік тілін меңгергенімді де мақтан тұтамын. Себебі тіл – халыққа жақындаудың, оны түсінудің ең үлкен жолдарының бірі.
– Қазақ тілінде өзіңізге ерекше ұнайтын сөз немесе мақал бар ма?
– Маған «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген мақал ерекше ұнайды. Бұл сөздің мағынасы мен үшін өте терең. Себебі бірлік дегеніміз – тек бір жерде өмір сүру немесе бір ортада болу емес, бір-біріңді түсіну, құрметтеу, қолдау және ортақ мақсатқа бірге ұмтылу. Қазақстан – түрлі этнос өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан мемлекет. Әр халықтың өз тілі, мәдениеті мен дәстүрі бар. Бірақ бәрімізді біріктіретін ортақ құндылықтарымыздың барын ұмытыпауымыз керек. Соның бірі әрі маңыздысы – мемлекеттік тіл.
Мен өзім поляк ұлтының өкілімін. Бірақ қазақ тілін бала кезімнен үйреніп, осы тілде еркін сөйлеп өстім. Сондықтан қазақ тілі мен үшін тек қарым-қатынас құралы емес, мені осы қоғаммен, осы елдің адамдарымен жақындастыратын рухани көпір деуге болады. Қазақ тілін білген сайын қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, дүниетанымын тереңірек түсіне бастадым. Меніңше, мемлекеттік тіл – қоғамды біріктіретін маңызды факторлардың бірі. Адамдар бір-бірінің тілін, мәдениетін және дәстүрін құрметтеген жерде өзара түсіністік те берік болады. Ал түсіністік бар жерде татулық болады.
Сондықтан «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген мақал бүгінгі Қазақстан үшін де өте маңызды деп ойлаймын. Түрлі ұлт өкілі болсақ та, бізді бөліп-жаратын нәрсеге емес, біріктіретін құндылықтарға көбірек мән беруіміз керек. Қазақ тілін білу де сол ортақ құндылықтарға деген құрметтің бір көрінісі.
Мен үшін қазақ тілінде еркін сөйлей алу – үлкен мақтаныш. Өзге ұлт өкілі бола тұра мемлекеттік тілді меңгеруім арқылы осы елдің мәдениеті мен қоғамына жақындай түстім деп ойлаймын. Сондықтан жастарға да қазақ тілін үйренуге, оны құрметтеуге және күнделікті өмірде қолдануға тырысу керек дер едім. Өйткені тіл – халықты біріктіретін үлкен күш. Қазақ тілін үйренуден қорықпау керек дер едім. Тіл үйрену үшін ең алдымен ниет қажет. Қате сөйлеп қалудан ұялмау керек, себебі кез келген тіл тәжірибе арқылы қалыптасады. Қазақ тілін үйрену арқылы адам жаңа сөздерді ғана емес, жаңа мәдениетті, жаңа дүниетанымды таниды. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өзің өмір сүріп жатқан елге деген құрметтің бір көрінісі деп ойлаймын.
– Қазақ тілі сіздің болашақ журналистік мамандығыңызға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Қазақ тілін білу журналист ретінде мен үшін үлкен мүмкіндік. Себебі журналист түрлі адаммен сөйлеседі, олардың пікірін тыңдайды, ақпарат жинайды. Қазақ тілін еркін меңгеру арқылы мен аудиторияның кең ауқымымен жұмыс істей аламын. Сонымен қатар қазақ тілінде сапалы әрі сауатты контент жасауға өз үлесімді қосқым келеді.
– Егер қазақ тілін бір кітапқа теңеу керек болса, қай кітаппен салыстырар едіңіз?
– Мен қазақ тілін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына теңер едім. Себебі қазақ тілі де «Абай жолы» сияқты терең, бай және бірнеше қырлы. Оның ішінде қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, дүниетанымы мен мінезі жатыр. Қазақ тілін тереңірек таныған сайын оның қаншалықты бай тіл екенін түсіне бастайсың. Қазақ тілінің шұрайлы, терең, жанжақты тіл екенін қазақ жазушыларының туындысын оқығанда терең түсіндім. Қолыма қандай кітап тиеді, соны оқи беретінмін. Қазір нақты бір жазушыны ғана сүйіп оқимын деп айта алмаймын. Себебі әр жазушының өзіндік стилі, өз жанры бар. Әрқайсысының шығармашылығынан өзіңе қажетті нәрсе табуға болады. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің шығармаларын ұнатамын. Оның шығармаларында махаббат, әділетсіздік, әйел теңдігі, халық тағдыры және ұлттық дәстүр сияқты маңызды мәселелер көтеріледі.
– Абай атамыздың қара сөздерінен қандай ой түйдіңіз?
– Абай атамыздың он тоғызыншы қара сөзін ерекше есте сақтап алдым. Қазақтың бас ақыны адам баласының дүниеге келгенде бірден ақылды болып тумайтынын, өмірдегі жақсы нәрселерді көріп, естіп, үйрену арқылы білімді әрі саналы болатынын айтады. Мен бұл ойды өте маңызды деп есептеймін. Себебі адам өзін үнемі дамытуы керек. Жақсы адамдардан үлгі алып, білім жинап, көрген-білгенін есте сақтап, өмірден сабақ ала білуі қажет. Өмірімдегі адамдар да осы тұрғыдан үлкен рөл атқарды. Маған бағыт берген жандардан үйренген дүниелерімді бүгінге дейін өзіммен бірге алып келемін. Сондықтан да өмір жолымдағы әр жанның кездескеніне алғыс айтудан жалықпаймын.
– Сіз қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатыныңызды айттыңыз. Неліктен адамдарға көмектесуге ұмтыласыз?
– Мен көпшіліктің арасында жүргенді жақсы көретін адаммын. Ол маған шабыт пен жақсы көңіл күй сыйлайды. Шабыттанамын, өмірге деген құштарлығым артып, түрлі идея келеді. Өзімді көрсетіп қана қоймай, қоғамға пайдам тигенін қалаймын. Біреуге көмектескен кезде жақсылықтың қайтып келетініне қатты сенемін. Ең бастысы – сол істен өзің де жақсы әсер алып, күш жинайсың. Мен үшін біреуге көмектесу өте маңызды.
– Қазіргі жастарға «бір адам қоғамды өзгерте ала ма?» деген сұрақ қойылса, сіз не дер едіңіз?
– Әрине, бір адам қоғамды өзгерте алады деп ойлаймын. Ол үшін міндетті түрде билік немесе үлкен қаражат қажет емес. Кейде бір адамның идеясы, сөзі, еңбегі немесе батылдығы мыңдаған адамға әсер етеді. Ең бастысы – адамның өз ісіне сенуі және бастаған ісін соңына дейін жеткізуге тырысуы. Үлкен өзгерістердің өзі кішкентай қадамнан басталады деп ойлаймын. Мен «Отаным Қазақстан» деп айтқан кішкентай ғана қыз едім. Қазір сол Отанымның болашағына қатты алаңдаймын. Әрбір тасы, саф ауасы, мөлдір суы қымбат маған. Әсіресе, осы жүректен шыққан сөзді ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ айтуым үлкен мақтаныш әрі мәртебе.
– Болашақ журналист ретінде қоғамға қандай пайда әкелгіңіз келеді?
– Ең алдымен, жақсы журналист болғым келеді. Адамдардың мәселесін тыңдап, қоғамға маңызды тақырыптарды көтергім келеді.
Мен журналистиканы адамдарға әсер етудің, ой салудың және пайдалы ақпарат жеткізудің мүмкіндігі деп қабылдаймын. Адамдарға көмектесетін, қоғамдағы маңызды мәселелерді назарға салатын дүниелер жасағым келеді. Егер менің сөзім немесе еңбегім бір адамға болса да жақсы әсер етсе, оны өзім үшін үлкен нәтиже деп есептер едім.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Өзіңізге және өзіңіз секілді жастарға не айтар едіңіз?
– Ең бастысы – өзіңе сену керек. Қандай жағдайдан шыққаның маңызды емес, ең маңыздысы – қайда бара жатқаның. Адам өз армандарын ұмытпай, қиындықтардан қорықпауы қажет. Білім алып, жақсы адамдарды үлгі тұтып, өзіңді үнемі дамытуға тырысу керек. Меніңше, әр адамның қоғамға берер өз пайдасы бар. Біреудің қолынан үлкен іс келеді, біреудің қолынан кішкентай жақсылық келеді. Бірақ жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Мен де өз жолымды тауып, білім алып, журналистика арқылы қоғамға пайдалы болғым келеді.
– Виктория, өмір жолыңызға қарап отырсақ, балалық шағыңыздан бастап бүгінге дейін сізге бағыт берген адамдар, қазақ тіліне деген құрметіңіз және журналистикаға деген қызығушылығыңыз өзара сабақтасып жатқандай. Алдағы уақытта өзіңізден кейін қандай із қалдырғыңыз келеді?
– Мен ең алдымен жақсы адам ретінде із қалдырғым келеді. Өмірімде маған жақсылық жасаған, қиын сәттерде қолдау көрсеткен адамдарды ешқашан ұмытпаймын. Сол кісілерден алған тәрбием мен жылулықты өзім де өзгелерге бере алсам, мен үшін одан үлкен жетістік жоқ. Болашақта журналист ретінде қоғамға пайдалы дүниелер жасағым келеді. Адамдардың мәселесін көтеріп, олардың сөзін билікке жеткізіп, қоғамда жақсы өзгерістердің қалыптасуына өз үлесімді қоссам деймін. Кейде үлкен өзгеріс бір адамның кішкентай ғана әрекетінен басталады ғой. Сондықтан өз сөзіммен, еңбегіммен бір адамға болса да ой салып, үміт беріп немесе жақсылық жасауға себепші болсам, бұл мен үшін үлкен нәтиже болар еді.
Өмір жолымда қазақ тілінің орны тым ерекше. Өзге ұлт өкілі болсам да, қазақ тілін жүрегіме жақын тіл ретінде қабылдадым. Сондықтан келешекте қазақ тілін құрметтеп, оның дамуына өз салам арқылы үлес қосқым келеді.
Мен үшін ең маңыздысы – қандай биікке жетсем де, адамдық қасиетімді жоғалтпау. Өйткені адамның артында қалатын ең үлкен мұрасы – атағы немесе байлығы емес, оның жасаған жақсылығы мен адамдарға берген пайдасы деп ойлаймын.
Еңлік КЕНЕБАЙ







