Талдықорған: +29°C
$ 464.77
€ 541.36
₽ 5.41
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

Мемлекет жаныңа жақын бола түскенде

29.08.2026
КҮНДЕРЕК
Мемлекет жаныңа жақын бола түскенде
WhatsAppTelegramFacebook

Уақыт сыны

Журналистің редакция тапсырмасымен ғана емес, жүрек қалауымен де қайта орала беретін өңірлері болады. Солардың бірі Жетісудың мен үшін орны бөлек.

Бұл өлке маған баяғыдан, жеке облыс болып құрылғанға дейін жақсы таныс. Журналистік жұмыс атқарған ондаған жылдар ішінде бұл жерге талай рет ат басын бұрып, өңір басшыларының қызметі жайында, аудандарды аралап, тұрғындармен әңгімелесіп, шағын ауылдар мен аудан орталықтарының тыныс-тіршілігін бағамдаудың сәті түскен еді. Мұндай сапарлар әр жылдары жасалып, соған орай үміт пен міндеттер де алма-кезек алмасып отырды, ашығын айтқанда, нәтижелері де әртүрлі болатын.

Журналист мамандығы адамды қауіпті бір әдеттен – билікке көзсіз сеніп кетуден сақтайды. Мұның өзі журналист бәріне күмәнмен қарауы керек дегенді білдірмесе керек. Басты себебі – даңғаза уәделердің нақты өмір шындығымен сәйкеспей жататынынан жиі көруінде деп ойлаймын.

Журналистикада жұмыс істеген жылдары мен әдемі тұсаукесерлерден басталып, небары екі-үш айдан соң ешкімді қызықтырмайтын, көл-көсір есептермен аяқталатын өңірлік бағдарламалардың талайын көрдім. Шенеуніктің жады тоқсандармен, бюджеттік кезеңдермен өлшенетін болса, журналистің жады әдетте адам тағдырымен байланысты болып келеді.

Мен 2022 жылы Жетісу облысының жаңадан құрылғаны жайындағы хабарды естігенде, бөркімді аспанға атқан жоқпын, бірақ сенімсіздік те туындаған жоқ. Қазақстан ол кезде әкімшілік реформаларды бастан өткеріп жатқан болатын. Облыстар мен аудандар өзгеріп, олардың атаулары мен басшылары ауысып жатты. Десе де адамдардың өмір сүру деңгейі мен тұрмыстық жағдайы елдің саяси картасымен бір мезгілде өзгере бермесі хақ.

Жаңа облыс құру соншалықты қиын емес. Ал оны жаңа мазмұнмен толықтыру әлдеқайда күрделі. Кез келген билік алғашқы жүз күндік кезеңді ұнатады. Нақ осы кезеңде адамдарға әдемі әсер қалдырып, даңғаза мәлімдемелер жасау, жылдам өзгерістерді жүзеге асырамын деп уәде беру оңай. Дегенмен саяси көпірме сөздер мен әдемі тұсаукесерлерге назар аудара бермейтін әділ қазы бар. Ол уақыт деп аталады.

Уақыт алдын ала берілген бағаны мойындай бермейді. Ол нақты нәтижені ғана есепке алады. Егер адам бірнеше жыл өткеннен кейін де бұрынғыша ондаған шақырым жердегі дәрігерге қаралуға мәжбүр болып, балалар бірнеше ауысыммен оқитын болса, жастар ауылдан кетіп жатса, мемлекеттік бағдарламалардың қанша пайызға орындалғанының айрықша маңызы бола қоймайды.

Жетісу жеріне кезекті сапарға шығып бара жатып әдеттегі көрініске кезігермін деп ойлағанмын. Әйтсе де көп ұзамай-ақ мұндай жаттанды көріністердің бой көрсетпейтіні белгілі бола бастады.

Рас, Жетісуды мінсіз аумаққа айналды деуден аулақпыз. Еліміздің кез келген өңіріндегі сияқты бұл жерде де уақыт пен қаражатты, саяси ерік-жігерді қажет ететін мәселелер жеткілікті. Дегенмен мына бір жайтты атап өтпесек, әділдік болмас еді.

Осынау төрт жылдың ішінде облыста бұрындары жетіспей келген бір қасиеттің – жұмыста жүйеліліктің орныққанын байқадым. Бір қарағанда бұл сөз құлаққа тым қарапайым естілетін тәрізді. Алайда нақ осы сөз орын алып жатқан өзгерістерді өте дәл сипаттайды. Жүйелілікті мыңдаған шақырым жолмен, миллиардтаған теңгемен өлшей алмайсың. Ол басқалай көрініс береді. Ол биліктің бір даңғайыр жобадан екіншісіне құлаш ұрмай, адамдардың күнделікті тыныс-тіршілігін айқындайтын мәселелерді шешуге қабілеттілігінен байқалады.

Ауылдың жаңа амбулаториясы өздігінен саяси сенсацияға айнала қоймайды. Шағын елді мекендегі жаңа мектеп те республикалық газеттердің алғашқы беттерінің тақырыбына жиі шыға бермейді. Ауылдағы мәдениет үйі де әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырмайды. Әйтсе де нақ осындай өзгерістерден халықтың мемлекетке, өңір мен ауданның басшыларына деген сенімі біртіндеп қалыптаса бастайды..

Сондықтан да Жетісудағы басты өзгерістерді адамның мемлекетпен күнделікті жүздесетін жерлерінен, мәселен, ол көмек іздеп келетін аурухана мен баласын апаратын мектептен, жасөспірімдер бос уақыттарын өткізетін спорт залынан, бүгінде адамдар қайта көп келе бастаған кітапхана мен сапалы жолдардан, елді мекендерге газ тарту жобаларынан іздеген жөн.

Облыста төрт жылдың ішінде әлеуметтік саланың 276 нысаны салынып, күрделі жөндеуден өткізіліпті. Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың орташа деңгейі 55,8%-ға жетті. Әр көрсеткіштің тасасында нақты адамдар тұр. Ол – тозығы жетіп қаусаған ғимараттың орнына заманауи мектепте сабақ беретін мұғалім. Ресурсы әлдеқашан тамамдалған құралмен жұмыс істеуді доғарған дәрігер. Өз баспанасына алғаш рет қол жеткізген жас отбасы. Бейімделген бөлмеде емес, нағыз спорт кешенінде спортпен айналыса алатын балдырған.

Айналасында өмір сүруге қолайлы орта қалыптасса, адамдардың қоғамға, бір-біріне, мемлекетке деген сенімі пайда болады.

Басымдықты таңдай білу де біліктіліктен

Соңғы жылдары әр деңгейдегі басшылармен пікірлесудің орайы келді. Олардың әрқайсының өзіндік басқару стилі болды. Өңірдің дамуы үшін әрине инвестиция, жаңа жобалар қажет. Дегенмен қай кезде болсын сөз бен істің арасында алшақтық болмағанын қалар едік.

Кейбір басшылар билікті тұрақты түрде жұртшылық назарында болу мүмкіндігі ретінде қарастырады. Енді біреулері нәтижесі жылдар өте ғана айқындалатын, көп ретте байқала да бермейтін күнделікті тынымсыз жұмыс, жүйелі жоспарларды рет-ретімен жүзеге асыруды жөн санайды.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың басқару стилі нақ осы екінші категорияға келеді. Өңірде адамдардың пікірін сұрастырғанымда осыған көзім жетті.

Облыс басшысы көп ретте жұртшылыққа бірден жағымды әсер қалдыратын іс-шаралар емес, шаруашылық қисынын жүйелі басшылыққа алады. Бүгінде Жетісуда нақты басқару жүйесі айқын көріне бастады. Бұл жүйе жекелеген нысандардың немесе даңғайыр жобалардың айналасына құрылмаған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, оның өзегінде адам тұр. Сондықтан да шығар, тұрғындар мемлекеттің қатысын сезінетін денсаулық сақтау жүйесінде елеулі өзгерістер орын алды.

Мемлекет ауруханадан басталады

Мемлекеттің қоғам алдында қателесуге құқығы жоқ салалар бар.

Экономикалық өсу қарқыны мен бюджеттік саясаттың басым бағыттары, өнеркәсіптің немесе туризмнің болашағы туралы көп айтуға, дауласуға болады. Әйтсе де әңгіме адамның денсаулығы жайына көшкенде ондай пікірсайысқа орын қалмайды. Бұл жердегі әрбір әдемі сөзді өмірдің өзі сүзгісінен өткізеді.

Әдетте адамдардың дені облыстық әкімдіктің табалдырығынан аттай бермейді. Көптеген замандастарымыз министрлер мен депутаттардың аты-жөндерін де білмейді. Есесіне әр адам өмірінде бір рет болса да емхананың, аудандық аурухана мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияның есігін ашады. Сол себептен де медицина кез келген билік үшін қай кезде де ең бір әділ емтихан болып қала береді.

Бұл тұрғыда Жетісу көп уақыт бойы өзгелерден ерекшелене қойған жоқ. Еліміздің көптеген өңірлеріндегі сияқты ауылдық денсаулық сақтау жүйесінің проблемалары бұл жерде де жылдар бойы қордаланды.

Медициналық пункттердің бірі бейімделген бөлмелерге орналасып келсе, өзгелері қашаннан бері күрделі жөндеуді қажетсінетін. Осылайша тозығы жеткен материалдық базаның орнын дәрігерлер өздерінің кәсіби біліктіліктерімен толтыруға тура келетін. Мұндай проблемалар бір ғана нұсқаумен шешіле салмайды. Бұл жерде ең бастысы – жүйелі қаржыландыру, қаржыны сапалы игеріп, тиімді бақылау орнату.

Аурухана рейтингті қас пен көздің арасында көтеріп жібермейді. Ол адам сенімін қалыптастырады. Ал сенімнің бірте-бірте қалыптасатыны белгілі.

Жетісу облысында төрт жылдың ішінде 149 денсаулық сақтау нысаны салынды. Тағы 59 медициналық мекеме «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп, 13 нысан күрделі жөндеуден өткізілді. Соның нәтижесінде бүгінгі күнге дейін өңірдің медициналық инфрақұрылымының 63,8 %-ы жаңартылды. Бұл көрсеткіштер әрине, көңілге сенім ұялатады.

Жаңа нысандар іс жүзінде медициналық көмектің қолжетімділігі қашанда өзекті саналатын ауылдық жерлерде бой көтерді. Дәрігер маманның кеңесін алу үшін ондаған шақырым жол жүруге тура келген ауыл тұрғыны өзінің жоғалтқан уақытының қадірін басқалардан гөрі өткір сезінеді.

Әдемі ғимараттар өздігінен ешкімді емдей алмайды. Нағыз медицина дегеніміз дәрігердің дәл диагноз қоюынан, ал пациенттің дер кезінде тексеруден өтуіне мүмкіндік жасалған жерден басталады. Облыста құрылыспен қатар емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жүйелі түрде жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Тек өткен жылдың өзінде ғана 165 бірлік заманауи медициналық жабдық пен 29 санитарлық автомобиль сатып алынды. Бұл орайдағы жұмыстар биыл да жалғастырылуда.

Соның арқасында медициналық ұйымдардың заманауи техникамен жабдықталу деңгейі 93 %-ға көтерілді. Кейде осындай бір көрсеткіштің өзі ондаған салтанатты баяндамалардан салмақты көрінеді. Себебі заманауи УЗИ аппараты мен компьютерлік томографты немесе жан сақтау жабдығын ешбір саяси лозунг алмастыра алмайды. Яғни, ондай жабдықтар бар болса, дәрігерге адам жанын арашалап қалуға көмектеседі, ең бір қажет кезінде болмаса, ол жоқ деген сөз.

Биылғы жылдың өзінде Панфилов, Кербұлақ, Ақсу аудандық ауруханалары қайта жаңғыртудан кейін жұмыстарын бастайды. Талдықорғанда жаңарған облыстық балалар ауруханасы алғашқы пациенттерін қабылдайды. Сонымен қатар бір ауысымда 500 келушіні қабылдай алатын жаңа қалалық емхананың құрылысы аяқталады.

Кез келген жаңа аурухана – бюджеттің шығысы ғана емес, ол адамның денсаулығына, абыройы мен қадір-қасиетіне салынған инвестиция саналады. Жетісудың дамуы туралы әңгіме нақ осыдан кейін де өз ретімен келесі тақырыпқа келіп тірелетін сыңайлы.

Егер медицина адам денсаулығына жауапты болса, мектеп оның болашағын айқындайды.

Мектеп, спорт пен кітапхана. Болашақ бағдарланатын мекен

Өңірдің әлеуметтік даму көрсеткішін бой көтерген нысандар санымен өлшейтін ескі әдет бар.

Мектеп салынды – «орындалды» деген белгі қойылады. Спорт залы ашылса, тағы бір белгі қойылды деген сөз. Кітапхана пайдалануға берілсе, кезекті есепті дайындай беруге болады. Қағаз жүзінде бәрі мінсіз көрінеді. Өмір, әйтсе де, бұл өлшемге сыя бермейді.

Мектепті әдемі қасбеті үшін ғана тұрғызбайды. Спорт кешені де салтанатты ашылуда лента қию үшін салынбайды. Кітапхана да статистикалық жинақтағы қомақты көрсеткіштер үшін ашылмайды. Мұның бәрі бір ғана мәселе – адамға өз жерінде тұрақтап қалғысы келетіндей жағдай туғызу үшін жасалынады.

Қазақстан соңғы онжылдықтар барысында білім саласына қатысты әлденеше реформаны бастан өткізді. Министрлер, бағдарламалар, стандарттар мен оқулықтар ауысып жатты. Әр жаңа басшылық кезекті жетістіктерге жетеміз деген уәдені үйіп-төгіп берді. Дегенмен өңірлерге барған сапарларым барысында мына бір қарапайым ақиқатқа көз жеткіздім: білім берудің сапасы министрлердің кабинеттерінде шешілмейді. Оны кәдімгі ауыл мектебі айқындайды.

Егер онда қыстыкүні жылы болса, егер балалар бір ауысымда ғана оқыса, егер мұғалім су тамшылап тұрған шатырды емес, өзінің оқушылары жайында ойлайтын болса, онда мемлекеттің өз міндетін орындағаны. Жетісу жұмысты нақ осыдан бастаған.

Бүгінде облыс үш ауысымда білім беру машақатынан толықтай арылған. Мұның өзі балдырғандардың үйге қараңғы түспей оралатынын білдіреді. Олардың үйірмелерге қатысып, спортпен айналысуына, кітап оқуға уақыты болады, демек мектеп те енді тозығы жеткенше жұмыс істемейді.

2022–2025 жылдары өңірде 41 мектеп жаңғыртылды. Президент тапсырмасы бойынша Панфилов ауданы мен Достық стансысында жаңа буындағы заманауи «Келешек мектептері» бой көтерді. Биыл тағы төрт жаңа мектеп пайдалануға беріліп, үш мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі.

Мұның бәрі әдеттегі құрылыс бағдарламасы сияқты көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде мектеп әрдайым балдырғандардың бойында әділдік жөніндегі алғашқы түсінікті қалыптастыратын киелі орын. Балалар қалада заманауи сыныптарда оқып, ал ауылдағы оқушылар кешегі кезеңді көңілдеріне медет санайтын болса, тең мүмкіндіктер жайындағы қандай да бір әңгіменің ешбір мәні болмайды.

Жетісуда атқарылып жатқан жұмыстарға қарағанда, облыс мұндай әділетсіздікті біртіндеп жоюға кіріскен сыңайлы. Ересектер тым кеш түсіне бастайтын тағы бір жайт бар.

Балаларды тек тыйым салумен ғана тәрбиелеу мүмкін емес. Оларға өздерінің энергиясын жұмсай алатын кеңістік қажет. Сол себептен де спорт көптен бері тек медаль үшін ғана өтетін жарыс болудан қалған. Бұл – қоғамдық денсаулықтың, мінез-құлық пен болашақтың да мәселесі.

Облыста соңғы жылдары волейбол спорты қарыштап дамып келеді. Жетісулық қыздар мен ерлер командалары соңғы екі жылда алдына жан салар емес. Талдықорғанда өзінің жатақханасы мен жаттығу базасы, барлық қажетті инфрақұрылымы бар заманауи волейбол орталығы пайда болды. Қазірдің өзінде мамандандырылған Волейбол академиясын құру жайы талқылануда.

Төрт жылдың ішінде 39 спорт нысаны жаңғыртылды. Жақын арада тағы жеті нысанның – дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен ауылдық жерлерде бірнеше модульді спорттық ғимараттың құрылысы аяқталады. Әсіресе, Текелідегі заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Лепсідегі спорт интернатының символикалық мәні өзгеше.

Бұрынырақта негізінен жастар шағын ауылдардан қалалық жерге жиі кетіп жататын. Бүгіндері болашақ чемпиондардың алғашқы қадамдарының нақ осы жерден басталуы үшін барлық жағдай тудырылған.

Таланттың қалаға келуін күтпей, оның туған жерінде жағдай жасалуы тиіс. Халықаралық турнирлер, жеңістер мен жүлделі орындар көңіл қуантады. Дегенмен кез келген жеңіс мәреге дейін-ақ, яғни балалар спорт залынан басталады.

Қоғам дамуы бұдан да нақтырақ айқындалатын тағы бір орын бар. Ол – кітапхана. Жаңа өңірге аяқ басқан сапарымда жергілікті кітапханаға міндетті түрде бас сұғамын.

Бұл сирек кітаптарды іздегендіктен, әйтпесе әдебиетке қатысым болғандықтан емес. Кітапхана қоғамның көңіл күйін барынша әділ көрсетеді.

Егер кітапханаға ешкім бармаса, кітап беттері жылдар бойы ашылмаса, ғимараттың біртіндеп тозығы жете бастаса, демек, проблеманың бір қарағандағыдан да өзектілеу болғаны. Егер кітапхана толыққанды жұмыс істеп, оған балалар мен жастар, зейнеткерлер келіп тұрса, онда бұл жердің болашағының бар болғаны. Сол себептен де ауылдық жерге мәдениет үйлері мен кітапханалар салу ісі ресми құжаттарда жазылғаннан мүлдем басқаша қабылданады.

Жетісуда, әсіресе ауылдық жерлерде бүгінге дейін 34 мәдениет нысаны жаңғыртылғаны қуантады. Мәселен, Сарыөзек ауылында құрылысы аяқталған жаңа заманауи кітапхана жақын арада алғашқы оқырмандарын қабылдай бастады. Мұны да әлеуметтік инфрақұрылымның тағы бір нысаны қатарында атауға болады. Бірақ мен бұл жайында басқаша айтқан болар едім. Расында, кей кезде болашақ шағын ғана ауылдық кітапхана сөресінен алынған кітаптан басталып жатады.

 Табиғат адамға жұмыс істей бастағанда

Бірде бір бюджеттік цикл тұрғыза алмайтын нәрселер болады. Тау. Көл. Өзен. Жоңғар қақпасынан есетін жел.

Жетісу өңірінде мұның бәрі алғашқы мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар пайда болғанға дейін де бар болған. Табиғат бұл өлкеге байлықты аямай берген. Бұл жерде береке тұнған Балқаш пен айдынды Алакөл, Қазақстандағы ең әдемі сарқырамалардың бірі саналатын Бұрқанбұлақ, тау шатқалдары, сайын дала мен адам өз елінің аумағын айрықша айқын сезінетін өзге де ондаған жерлер бар. Дегенмен өзім баяғыда байқаған бір заңдылық — табиғат ешқашан өздігінен игілігін ұсына бермейді.

Аймақта әдемі көлдер болуы мүмкін, бірақ оған жету қиындық тудырса, жағалауда электр қуаты, су, қарапайым санитарлық жағдайлар болмаса, турист бір келген соң ол жерге қайтып орала қоймайды.

Жетісу басшылығының соңғы жылдары осыны жақсы түсінгені аңғарылып тұр. Бүгінде бұл жердегі туризм әдемі декорация ретінде қабылданудан қалған. Ол біртіндеп экономика саласына айналып барады. Бұл әсіресе мемлекеттің аталған саланы дамытуға жұмсаған қаражат мөлшерінен де байқалады.

2023-2025 жылдары туристік инфрақұрылымды дамытуға облыста 50,7 миллиард теңге бағытталған болса, оның 30 миллиардқа жуығы 2025 жылдың еншісінде. Биыл қосымша 23,2 миллиард теңге бөлініп отыр. Көрсеткіштер көңіл тоғайтады. Әйтсе де ең маңыздысы бұл емес. Туризм саласында жолдар салынып, инженерлік жүйелер тартылуда, жаңа энергетикалық қуаттар пайда болып, тазарту қондырғылары салынуда. Нағыз туристік жобаны әдеттегі жарнамалық науқаннан ерекшелейтін де нақ осы жайттар. Бүгінде облыста 20 туристік демалыс аймағының құрылысы жеке инвестициялар есебінен бір мезгілде жүргізілуде. Мұның өзі жақсы нышан.

Бизнес мемлекетке сенім пайда болған жерге ғана келеді. Ондай сенімді қаулыға қол қоюмен орнықтыра алмайсың. Ол тер төгумен ғана келеді. Соңғы жылдары өңірде өз алдына жеке туризм басқармасы құрылды. Алакөл, Ескелді, Панфилов, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында салалық бөлімшелері ашылған.

Бір қарағанда әдеттегі әкімшілік реформа іспетті. Іс жүзінде ол басқа жайттан хабардар етеді. Туризм қосалқы тақырып болудан қалды. Бұл әсіресе Алакөл жағалауы мысалынан айқын көрінеді. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана туристік маусым аяқталған соң көптеген проблемалар келесі жазға дейін шешілмеген күйінде қалатын.

Бүгінде Алакөл мен Балқаш жағалауларын талапқа сай ұстау үшін «Алакөл Тазалық» пен «Балқаш Тазалық» коммуналдық кәсіпорындары құрылған. Әлдебіреу мұны ұсақ-түйек деуі де мүмкін. Шын мәнінде туристің демалуға келген жеріне деген құрметі нақ осы «ұсақ-түйектен» қалыптасады. Қосалқы стансылардың, жаңа электр желілерінің, жағалауды бекіту имараттары мен кәріздік тазалау жүйелерінің құрылысы жалғасуда. Алакөл жағалауында өткен жылдан бері қорғаныс дамбасы тұрғызылып жатыр. Құрылысты аяқтау 2027 жылға жоспарланған.

Балқаш көліне апаратын 137 шақырым автомобиль жолы қазірдің өзінде қайта жаңғыртылды.  Лепсіде жаңа теміржол вокзалының құрылысы аяқталу үстінде. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым құру – автомобиль жолдарын салу, сумен жабдықтау, кәріз жүйесін құру, электр желілерін тарту жұмыстары жалғастырылуда. Бүгінде жоба 94% дайын деуге болады. Жақын арада Балқаш жағалауында үш коммуналдық жағажай салынады. Мұның бәрі туристік көрнекі жарнама емес. Бұл – іргетас. Нақ осы іргетаста осы заманғы демалыс индустриясы бой көтереді.

Жетісу аймағы өзінің табиғи байлықтары есебінен ғана тіршілік етуді қоя бастады. Оны даму көзіне айналдыруды меңгеруде. Өңірдің болашағына деген саналы көзқарас та осыдан байқалады. Табиғаттың шынайы құндылығы оның бабалардан осы қалыпта қалғандығында емес. Басты құндылық оны кейінгі ұрпаққа қандай күйде қалдыра алатындығымызда.

 Уақыт – ең қатаң сарапшы

Өзімнің кәсіби қызметімде мен ондаған өңірлік бағдарламалар мен жүздеген салтанатты тұсаукесерлерге куә болып, мыңдаған әдемі уәделерді естідім. Олардың бірқатары әлдеқашан естен шығып кетті. Сол сияқты адамдардың өмірін шынайы өзгерткендері де болды. Бұл екеуінің арасында жалғыз ғана айырмашылық бар. Бірқатар бағдарламалар бүгінгі газет мақаласының тақырыбына ғана орайластырылатын. Енді бірқатары ертеңгі күннің қамын ойлап жасалатын. Содан кейін де болар, очеркімді аяқтай келе, рейтингтер мен орындау пайыздары немесе қаржыландыру көлемі жайын қозғағым келмей тұр.

Мұның бәрі маңызды, бірақ бұлардың бәрі де бір кезде архивке айналады. Адамның жады мүлдем басқаша құрылған. Қарапайым жұрт қаулы-қарарларды есіне сақтай бермейді. Халықтың жадында  қолайлы өмірді сезінгені қалады. Дәрігер көмек көрсете алған аурухана, балдырғанның өз болашағын үлкен қаладағы құрбы-құрдастарынан бір мысқал кем сезіндірмейтін мектебі, жасөспірімнің күш-жігеріне сенім ұялатқан спорт залы, кішкентай оқырманның өмірін өзгерткен кітап беттерін ашқан кітапханасы естен кетер ме?! Кез келген өлкенің шынайы тарихы нақ осындай, көзге байқала бермейтін оқиғалардан қалыптасады.

Жетісуда соңғы төрт жылдың ішінде көп жұмыстар атқарылды. Мыңдаған шақырым жолдар салынып, қайта жаңғыртылды, әлеуметтік саланың жүздеген нысаны тұрғызылды. Өңір газдандырылды: облыс құрылған кезде небары 5 елді мекенге көгілдір отын тартылып, газдандыру деңгейі 27% болған. Бүгінгі күні 110 елді мекенге газ жеткізілді, сөйтіп газдандыру деңгейі 67,2%-ға жетті. Ауылдың мәдени өмірі қайта түлеп, туристік бағыттар жандануда. Мұның бәрі жекелеген жобалар емес, өңірді өмірге қолайлы етудің талпынысы.

Егер ауылдық амбулатория он жыл өткеннен кейін де пациенттерді бұрынғыша қабылдай беретін болса, жаңа мектептер балалардың жарқын күлкісіне толып тұрса, жол төсеніші бір қыстан соң бұзылмаса, Алакөл мен Балқашқа халық әдемі фотосуреттер үшін ғана емес, жайлы демалыс үшін қайта-қайта оралып жатса, онда бүгінгі әңгіменің жай ғана құрылыс туралы емес, болашақ жайында болғаны. Мен бұл очеркті саналы түрде жетістіктер тізбесіне айналдырған жоқпын. Ондай жетістіктер аз емес. Журналистік қызмет атқарған жылдарымда мен қарапайым бір жайтты көңілге нық түйдім.

Мінсіз басшы болмайды, идеалды өңір де кездеспейді. Шешімі табылмаған мәселелер қай кезде де болады. Ондай кемшілікті әділетті түрде көрсететін адамдар да табылады. Бұл да қалыпты жағдай.

Бүгінгі Жетісудың жай-күйін бақылай келе, өңір басшылығы жылтетпе әсері бар жайттардан бас тартқан-ау деген ой келді. Ұзақ жылдар бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін, берік негіз құруға басымдық бергені байқалып отыр. Жетісу бір-ақ күннің ішінде өзгеріп кете қоймайды. Ол қадам басқан сайын жайлап өзгерді. Даңғаза ұрансыз, дабыра уәдесіз-ақ өзгерді. Осылайша, біздің ауылдарымыз бен қалаларымыздың өмірі қадам-қадаммен өзгеріп, әр тұрғын үшін қолайлы жағдай жасалады.

Бір күні адам бұл жерде өзінің жайлы өмір сүре бастағанын айқын сезінеді. Бәлкім, мемлекеттік саясат нақ осы мезетте абстрактілі түсінік болудан қалатын шығар. Сөйтіп ол күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналады. Кейін Жетісуды жас буын кадрлар дамытатын болады. Жаңа басшылар төбе көрсетеді. Жаңа бағдарламалар қабылданады. Басымдықтар өзгереді. Әйтсе де, бүгінгі күні салынған құрылыстар жылдар өте елге қызмет көрсетуді жалғастыра берсе, онда осынау алғашқы төрт жылдық кезеңнің өңір дамуындағы орны мен маңызы анық сезілері хақ.

Қатысты жаңалықтар

Ұлты – поляк, тілі – қазақ

Ұлты – поляк, тілі – қазақ

29.08.2026
Отабек Ирисматов: қазаққа қызмет етпей қоймаймын

Отабек Ирисматов: қазаққа қызмет етпей қоймаймын

29.08.2026
«Таза жағалау» акциясы: 36 мың адам қатысып, 1,5 мың тонна қалдық жиналды

«Таза жағалау» акциясы: 36 мың адам қатысып, 1,5 мың тонна қалдық жиналды

29.08.2026
Мемлекет жаныңа жақын бола түскенде

Мемлекет жаныңа жақын бола түскенде

29.08.2026
Пирамида – пайда емес, пәлекет

Пирамида – пайда емес, пәлекет

29.08.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.