Бапкер – сенің қарым-қабілетіңді жетілдіре отырып, нақты бағыт көрсетіп, сын сәтте ұтымды шешім қабылдап, шәкіртінің жақсы нәтиже көрсетуі үшін жанын салып, барын беретін жан. Бүгінгі кейіпкеріміз – Таңат Сағындықов. Сөзбен емес, шәкірттерінің маңдай терімен, жеңістің салмағымен тарих жазған ол – қазақ күресінің күретамырына қан жүгірткен нағыз бапкер. Көз көрген құрдас, аралас-құралас болған жолдас, қызметтегі әріптес, бастысы өзі дайындаған шәкірттері ұстаз жөнінде толғана отырып толымды естеліктер жариялап жатты. Ал бапкер жайлы біз жазсақ…
Бейжің Олимпиадасы. Теледидарға телмірген бала жарыстың әр сәтін қалт жібермейді. Ел намысын қорғап жатқан спортшыларға жаны күйіп, айғайға басып, барынша тілеулес болып отыр. Бұратартумен жөнсіз шешімдерге қара бұлтша түнеріп, шатыр-шұтыр найзағай ойнатқандай бір жарқылдап алса, енді бірде болысып отырғандары жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, сәл жетпеген тұста – етегі сөгілген бұлтша келіп өкіріп жібереді. Еліміздің спортшылары шетінен жарыс жолынан шығып жатқанда көңілдегі күдік ұлғайып, «жүлделер саны аз бола ма?» деген сұрақ келген. Әсіресе әр қазақтың қанында бар, бойынан табылатын күрес өнеріндегі балуандар кезек-кезек жығылып, салы суға кеткен тұста үлкен басын кішірейте отырып әр жарыстан қалмайтын Жақсылық Үшкемпіров, одан бертін лауазымды қызметте болса да мойынтақты босатып жіберіп, кілемдегі қызыққа кіріп кететін Дәулет Тұрлыхановтың ізбасарын іздеумен уақыт өткен. Бұл тұста грек-рим күресінен ұлттық құраманың капитаны Нұрбақыт Теңізбаевқа артылған үміт зор еді. Ал өз кезегінде Нұрбақыт Теңізбаев қазақ балуандары арасынан араға 16 жыл салып (Дәулет Тұрлыханов 1992 жылы Барселона Олимпиадасында 82 келіде қола алды) грек-рим күресінен жүлде алып (қола жеңіп алғанымен 2016 жылы жартылай финалда ұтқан қарсыласы әзербайжан Виталий Рагимовтың қан құрамынан допинг табылып, Нұрбақытқа ресми түрде Олимпиаданың күміс медалі табысталды), тұғырға көтерілді. Одан кейін кілемге көтеріліп, жұбаныш белдесу арқылы жүлдеге таласуға мүмкіндік алған 96 келідегі Әсет Мәмбетовтың да сол кезде алған қоласы Алаш жұртын біраз желпінткен еді (Өкінішке қарай, 2016 жылы Әсеттің Олимпиада кезіндегі сынамасынан допинг анықтап, қоласын қайтарып алды).
Бұл жетістіктерді тізбелеуіміздің өзіндік себебі бар. Олимпиада кезінде грек-рим шеберелері кілемде алысып жатқанда, жиегінде өзі күресіп кетердей болып, айғайға басып, балуандарға бағыт-бағдар беріп отырған жанды көз шалған болар.
Біздің кейіпкеріміз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері Таңат Сағындықов 1955 жылы 14 қазанда Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмырын отандық грек-рим күресінің өркендеуіне арнап, қазақ баласын олимпиадалық және әлемдік биіктерге бастаған ұстаз. Қасиетті теріскей топырағында балалық шағын өткізіп, күреске бала жастан құмартып өскен ол 1976 жылы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтының спорт факультетін ойдағыдай тамамдап, жаттықтырушы мамандығын алды. Дәл осы 1976 жылдан бастап оның спорттағы қажырлы да даңқты жолы басталды. Алматы қаласындағы республикалық жалпы білім беретін спорттық кәсіптік мектеп-интернатында жас жеткіншектерді баптауға кіріскен жан бозкілемде талай таланттың көзін ашты. Оның қатаң тәртіпке, терең тактикалық сауаттылыққа және психологиялық мығымдыққа негізделген әдістемесі өз жемісін беріп, 1984 жылы «КСРО дене тәрбиесінің озаты», ал 1986 жылы бар болғаны 31 жасында «ҚазКСР-дің еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген мәртебелі атақты иеленуіне жол ашты.
Таңат Сағындықов жаттықтырған балуандар қатарында Олимпиада ойындарының 2 мәрте жүлдегері, аты аңызға айналған Дәулет Тұрлыханов, еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионы Бахтияр Байсейітов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марғұлан Әсембеков, КСРО Халықтары спартакиадасының чемпионы Есенгелді Батырғалин және Әлем кубогының иегері, Еуропа чемпионатының жүлдегері Айваз Каучева бар.
Таңат Сағындықовтың күрес әлеміндегі жолы – тек жаттығу залындағы нұсқаулықтардың жиынтығы емес, адам жанын түсінудің, спортшының бойындағы бұғып жатқан мінезді оятудың нағыз мектебі. Тәжірибесі толысып, біліктілігі халықаралық деңгейде мойындалған маман 2006 жылы грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы болып тізгінді ұстады. Ұлттық құраманы жауапты кезеңде басқара отырып, отандық күрес мектебінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырды. Ал 2008 жылы ел спортына сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2009 жылдан бастап Алматы қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (БСМ) директоры қызметіне кірісіп, жас буынды тәрбиелеу мен спорттық инфрақұрылымды дамытуға басшы ретінде де тың серпін берді.
Өз саласына шексіз берілген, ұлттық мүддені бәрінен биік қойған Таңат Сағындықовтың жүріп өткен жолы – бапкерлік адалдықтың, көрегендік пен табанды еңбектің айқын үлгісі болып қала береді. Өзгенің мерейін өсіруді өмірлік мұратына айналдырған ол қазақ спортының алтын дәуірін қолмен тұрғызып, бозкілемде талай дүлдүлді түлеткен қарағайдай қабырғалы тәлімгер.
Теледидарға телміріп, ішіне еніп кетердей болған сол бір жанкүйер, сан арманды кеудесіне қондырған баланың талай таланттың шыңдалуына жол ашып, қолдап, керек жерінде демеген қазақ грек-рим күресі тарихында өз есімін қалдырған жан турасындағы бүгінгі жазбасы осылай түйінделді.
Серік ҚАНТАЙ





