Бүгін – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы әрі қазақ тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылғы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы Жангелді ауданының Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Ол қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының қалыптасуына елеулі үлес қосып, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы және қоғам қайраткері ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ Алаш Орда үкіметінің мүшесі болды.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні
2017 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің қаулысымен 5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Қазақстан халқы тілдері күні ретінде белгіленді. Бұған дейін бұл мереке 22 қыркүйекте аталып келген.
Ұстаздық және ғылыми қызметі
1921-1925 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы Орынбордағы, ал 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді.
1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуына байланысты профессор қызметіне шақырылды. Осы кезеңде ғылыми-педагогикалық жұмыстарын жалғастырды.
Қуғын-сүргін жылдары
1929 жылғы 2 маусымда Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қозғалысының 43 қайраткерімен бірге Алматыда тұтқындалды. Кейін тергеу жүргізу үшін Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жөнелтілді.
1930 жылғы 4 сәуірде КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» шешімімен ату жазасына кесілді. Кейін бұл үкім бірнеше рет өзгертілді. 1931 жылы қаңтарда жаза 10 жыл концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы қарашада Архангельскіге үш жылға жер аудару туралы шешім қабылданды.
1933 жылы денсаулығының нашарлауына байланысты қалған жазасын Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен бірге өтеуге рұқсат берілді. 1934 жылы Максим Горькийдің жұбайы Е.Пешкованың көмегімен мерзімінен бұрын босатылып, отбасымен бірге Алматыға оралды.
Алайда Алматыда тұрақты жұмысқа орналаса алмай, әртүрлі мекемелерде қысқа мерзімді қызметтер атқарды.
1937 жылғы 8 тамызда Ахмет Байтұрсынұлы қайтадан тұтқындалып, сол жылдың 8 желтоқсанында ату жазасына кесіліп, өмірден озды.
Ахмет Байтұрсынұлының есімі қазақ халқының рухани тарихында ерекше орын алады. Оның ғылыми еңбектері, ағартушылық қызметі мен ұлттық тіл мен жазуды дамытуға қосқан үлесі бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.





