«Қолыма ине мен жіп ілінген сәтте, айналамдағы тіршіліктің дауысы бір сәтке бәсеңдеп, өзімнің бөлек бір әлеміме еніп кеткендей боламын. Жанымда жатқан сан түрлі матаның қиындысы көз алдымда өрнекке, өрнек тұтас бір көркем дүниеге айналады. Сол сәтте санама сан алуан ой келіп, көңіліме жаңа бір дүние ұялайды. Оны қолыммен жасап шықпайынша, жүрегім де тынышталмайды. Әр түсті өз орнын тауып қиюластыру, әр бөлшекке жан бітіріп, шашыраңқы дүниеден жарасымды тұтастық жасау ерекше бір ләззат сыйлайды. Ал іс машинасының тетігін басқан сәтте жаным тыныстап, көңілім орнығып, бойымды әлдебір жеңілдік билейді. Бар бақытым ине ұшында, жіптің ілмегінде, түрлі түсті матаның жарасымында тұрғандай». Бұл дәстүрлі өнерді заманауи сипатпен сабақтастырып, ұлттық қолөнердің жаңа қырын танытып жүрген шебер Шынар ОНЖАНОВАНЫҢ жүрек сөзі. Ісмер үшін құрақ құрау – кәсіптен бұрын әулеттен жеткен аманат.
Шебердің құрақ өнеріне деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол бұл өнердің қыр-сырын әжесі Келіман Рамазановаға қарап үйренген. Жалпы, Жұмағұл Жанайбекұлы мен Мастура Мұсаханқызынан тараған ұл-қыздың бәрі де өнерлі. Біздің кейіпкерімізге бұл өнерді туғанда-ақ Жаратқан сый қып тартқан. Өмірге келген сәттен бастап әжесінің ісмерлігін жан-жақты көріп, түсінген Шынар үлкен өмірге аяқ басқан сәтте де жаны қалаған іспен айналысты.
Ескелді ауданына қарасты Жалғызағаш дейтін қасиетті мекенде дүниеге келген батыл қыз озат шопан атанған асқар таудай әкенің тәлімін алып, аяулы анасы салған сара жолмен жүріп, өмірде біраз жетістікке жеткен. «Қасиетті өнерді апамнан үйрендім» деген шебердің қарапайым сөзінің астарында тұтас бір ұрпақ сабақтастығы жатыр. Атадан балаға жалғасқан өнер дәл Шынар Жұмағұлқызының қолында жаңаша сипат алып келеді. Себебі ісмер шығармашылығының ерекшелігі – ұлттық қолөнерді туған жер тарихымен ұштастыра білуінде жатыр.
Қай жерде жүрсем де ең әуелі өзімді таныстырғанда Көксу ауданы, Талапты ауылының құрақшысымын деп айтамын. Қасиетті мекенге 2000 жылы келін болып түсіп, күні бүгінге дейін алақандай ауылда берекем артып, бірлігім жарасып мәнді ғұмыр кешіп келемін. Өмірлік серігімнің қолдауымен, ауылдастарымның ақ батасы мен тілеуінің нәтижесінде көп жетістікке жеттім. Әрбір құрақты тарихпен байланыстырамын. Тіпті, бір оюдың тарихын зерттеу үшін кітап ақтарамын. Көрпеге түскен әр ою, таңба сөйлеп тұруы керек. Ауылымыздың маңындағы Ешкіөлмес тауында көне дәуірден сыр шертетін тарихи петроглифтер барын көпшілігіміз білеміз. Бірақ терең мән беріп, кейінгі ұрпаққа насихттап жатқанымыз шамалы. Оқу, білім, ғылым жоқ заманда-ақ біздің бабаларымыз таспен қашап қаншама құнды жәдігер қалдырды. Ал бүгінгідей дамыған, жаһанданған заманда адамдар өз ойларын ашық білдіре алмай, кейінгі ұрпаққа мұра боларлық құнды дүние қалдыра алмай жатқанына қынжыламын. Ғасырлар қойнауынан жеткен жартастағы таңбалар мен бейнелерге ерекше қызықтым. Ақын болсам өлең арнап, жазушы болсам керемет шығарма жазар ем. Ал мен бұл тарихи жәдігерді құрақ өнері арқылы жаңғыртуды қолға алдым, – дейді шебер.
Осылайша ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымынан хабар беретін петроглифтер түрлі түсті маталардың қиындысына көшіп, заманауи қолөнер туындысына айналды. Шебер әр түсті өз орнына келтіріп, әрбір өрнекті мұқият орналастыра отырып, көне тарихты құрақтың тілімен сөйлетті. Бұл туындының мәні де осында. Құрақ енді тек көрпе немесе тұрмыстық бұйым жасаудың тәсілі ғана емес, тарихи-мәдени мұраны танытатын көркем құралға айналғаны қуантады. Бұл өткен мен бүгіннің арасын жалғаған нәзік көпір іспетті. Кеше жартастағы тасқа таңбаланған тарих бүгін матаның қиындысынан көрініс тауып отырғанының өзі ұлттық құндылыққа деген зор құрмет. Ал Шынардың құдіретті қолдары сол тарихты үнсіз ғана сөйлетіп, Жетісудың рухани мұрасын жаңа өрнекпен жаңғыртып жүргеніне құрметпен қарауға тиіспіз. Ісмердің бұл еңбегі туған жер тарихына деген құрметтің, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Ең бастысы ол дәстүрлі қолөнердің мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдеді.
БІРЛІГІ МЕН БЕРЕКЕСІ жарасқан алақандай ауылда-ақ отырып, халықаралық жобаларға жол ашқан Шынар Онжанованың еңбегі ерен. Ол кәсіби шеберлігін түрлі байқау мен шығармашылық жобада да талай мәрте танытып келеді. 2022 жылы «Құрақ көрпе» байқауында жүлделі орын иеленсе, 2023 жылы Қытай Халық Республикасында өткен халықаралық фестивальде II орынға ие болған. Дәл осы фетивальде Шынардың петроглифтерді сөйлеткен құрағы ерекше сұранысқа ие болған. Ізденімпаз ісмер мұнымен тоқтап қалмай, «Аламан құрақ» жобасына қатысып, ұлттық қолөнерді насихаттауға орасан зор үлес қосты. Шебер қатысқан ЮНЕСКО-ның құрақшылар байқауы жоғары бағаланып, жетістік Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Ісмердің еңбегіне мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілген. 2022 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 555 мың теңге қаржылай көмек алып, қажетті тігін машинасын сатып алған. Бұл қолдау Шынардың жұмысын жүйелі түрде жүргізуіне, тапсырыстарын көбейтіп, шығармашылығын одан әрі дамытуына мүмкіндік берген. Бүгінде шебердің өз үйінде қыз жасауын, құрақ көрпе, төр көрпе және ұлттық нақыштағы басқа да бұйымдарды тапсырыспен тігеді. Қасиетті қара шаңырақтың әр бұрышында жатқан әрбір матаның өз орны бар. Кейіпкеріміз үшін бұйымның әдемілігі тек өрнекте емес, түстердің үйлесімінде, әр бөлшектің өзара жарасымында. Сондықтан ол матаның түсін де, өрнектің орналасуын да асықпай таңдайды.
Мен үшін құрақ құрау жай ғана кәсіп емес. Бұл – әжемнен қалған аманат. Осы өнерді әрі қарай жалғастыруды, туған жердің тарихын дәріптеуді, ұлттық өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізуді өзіме міндет деп білемін.Қыз жасауына тапсырыс көп түседі. Анасынан қыздың мінезін сұраймын. Тұйық қыздарға қанық түс таңдаймын. Ерекше толқыныспен бар ниетімді сол қыздың үлкен өміріне бағыттаймын. «Жас келіннің төрт құбыласы тең, Құдай қосқан жарымен құрақтай жарасып, мәнді өмір сүрсін» деп тілегімді айтқан соң ғана іске кірісемін. «Қыз жасауы» деген үлкен жауапкершілік. Тапсырыс алғанша бір толқимын. Іс бітіп, тұтынушының қолына түсіп, алғыс айтқанда ғана мойнымнан бір ауыр жүк түседі. Тапсырыс алғаннан іс біткенге дейін басқа дүниеге көңіл бөлмеймін. Ойым да, өзім де сол істің соңында жүремін. Тіпті, қонақ күтуге уақыт та болмайды. Мен үшін аманат етіп алған жұмысты сапалы, уақытылы аяқтау. Бірақ ешқашан ақшаға қызыққан да құныққан да емеспін. Жағдайы келмей тұрса түсініп, қыз баланың бағы, ата-ананың көңілінің жайлылығы үшін барынша жақсы дүние жасап беруге барымды саламын, – дейді жақсы адам.
ШЕБЕР ЖАННЫҢ керемет құрақ көрпелерін көргенде қолөнермен айналысу биік талғампаздық пен талантты талап ететін бекзат өнер екенін түсінесің. Қандай дүниені қолға алмасын жанын салып істегендіктен болар жасаған бұйымдары көрген адамның көзіне бірден ілігеді. Тіпті, көрпеге салынған тігістің өзі шебердің қолтаңбасын айқындап тұрады. Кейіпкеріміз көп оқып, ізденіп, білімін жетілдіру үшін түрлі курсқа қатысады. Шеберлерге арналған жәрмеңкеге барып, басқа құрақшылардың туындыларын қарап, өзінің кемшілігін іздейді. Келген соң қиялына ерік беріп, қарасаң көз жауын алатын керемет туындыларды дүниеге алып келеді. Ізденімпаз шебер бүгінде V ғасырда пайда болған құрақты бүгінгі заманмен үйлестіріп құрауға кіріскен. Ол бұл дүниені сарғайған архивте шаң басып жатқан кітаптан тапқан. Құраққа «Кербез» деп ат қойған. Алдағы уақытта атадан қалған алтыннан да қымбат мұра әрбір қазақтың төрінде төселетініне сенім мол.
Берекелі шаңырағында отырып-ақ Шынар Онжанова Жетісудың тарихы мен табиғи-мәдени мұрасын құрақтың әр қиындысына сыйғызып келеді. Әжеден қалған өнерді ардақтап, оны жаңа мазмұнмен байытып жүрген ісмер келіншектің қолынан шыққан әр бұйым – ұлттық өнердің бүгінгі тынысын танытатын дүние.
Шынардың шырайлы әлемі әдемі. Өзіне ғана тән дара болмысымен, санқырлылығымен өзгелдерден тым бөлек. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын жанындай жақсы көретін кейіпкеріміз кітапқұмар. Белгілі шеберлер жайлы үнемі ізденеді. Өзін тұрақты түрле дамытады. Бір сөзбен айтқанда көзі ашық, көкірегі ояу.
ЖОЛДАСЫ НҰРЖҰМА СОЛТАНҰЛЫ екеуі бір-бірін дәл тапқан жұп. Екеуі де байлықтан бұрын адами қасиеттерді биік қояды. Дүние емес, дос жиған жандар. Тіпті, шебер құраған құрағын да ең бірінші жолдасына көрсетеді. Өмірлік серігінің шығармашылық әлеміне құрметпен қарайтын азамат та кем-кетігін бірден табуға бейімделіп алған. «Еңбегімді жолдасым жоғары бағалайды. Тіпті, келіспей қалған тұсын да, үйлеспейтін түсін де дөп айтады. Бірден сөгіп тастап, басқаша тігемін. Осы көріністің өзінде көзге көрінбейтін бірақ астарында терең сыйластық пен құрмет бары жанымды жадыратады», – деген ісмер өзін ең бақытты әйел санайды.
Құдай қосқан жолдасы екеуінің жарасымы да жылдар өте келе бояуы оңбайтын, тігісі сөгілмейтін мықты құрақтай беки түскен. Бір-бірінің мінін іздеуден бұрын, жақсы қасиетін бағалайтын, шығармашылығын қанаттандыратын қос жүректің үндестігі көпке үлгі, өнеге болуға лайықты. Шынардың әрбір еңбегін алғаш жолдасына көрсетуі де осыдан болса керек. Өйткені оның шығармашылығына сырт көздің бағасынан бұрын, жанын терең түсінетін азаматының пікірі қымбат.
Шынардың бойтұмары – жолдасы сыйға тартқан алтын жүзік. Ол сырт көзге қарапайым ғана әшекей болғанымен, оның жүрегінде тұтас бір ғұмырдың жылуы бар. Бұл сүйікті жарының сыйы ғана емес, бірге өткерген жылдардың, үнсіз түсіністіктің, қиындықта демеген, қуанышта бірге шаттанған сәттердің белгісі. Жылтыраған жүзік азаматының ақжарма көңілін, отбасына деген адалдығын, өзіне деген сенімін үнемі еске салатындай. Шынар үшін бақыттың өлшемі де осындай қарапайым дүниелерден құралады. Байлықтан бұрын баянды сыйластықты, атақтан бұрын адамдықты, сыртқы сәннен бұрын жүрек жылуын бәрінен жоғары бағалайтын жанның әлемі әдемі, айналасы мұнтаздай таза әрі жинақы.
Өзі құраған құрақтарының әр өрнегіне жанын салып, әр түсін талғаммен таңдайтын Шынардың өмірі де дәл сондай ғажайып құрақ көрпеге ұқсайды. Әр қиындыдан өнер, отбасы, достық, адалдық пен адамгершілік байқалады. Ал сол сан алуан бояуды бір арнаға тоғыстырып тұрған ең басты өрнегі сүйікті ісіне деген ақ адал махаббаты. Сондықтан бұл әлем мейіріммен өрнектелген, махаббатпен тігілген, сыйластықпен көмкерілген әлем.
ШЫНАР ЖҰМАҒҰЛҚЫЗЫНЫҢ бақыты үйдің жылуында, қолдағы ине мен жіптің қасиетінде, түрлі түсті құрақтардың үйлесімінде, жолдасының жылы қабағында және саусағынан шешпей тағып жүрген сол бір алтын жүзіктің жылтыраған сәулесінде. Осындай қарапайым көрінгенімен, мағынасы терең бақыттың иесі болған Шынардың шырайлы әлемі әлі талай әдемі өрнекпен жалғаса беретініне сенеміз.
Шынар ОНЖАНОВА, қолөнер шебері:
Еліміздің әр қиырындағы бойжеткеннің жасауында қолымнан шыққан құрақтардың жатқаны мен үшін үлкен қуаныш. Еңбегімді елеп, өнерімді бағалап жүрген ел-жұртыма шүкір етемін. Кейде өзім тіккен көрпенің бір үйдің төрінен орын алғанын естісем, қанша шаршасам да бар бейнетімнің ақталғанын сезінемін. Тапсырыс көбейген кезде тәулігіне 2-3 сағат қана ұйықтайтын кездер болады. Тіпті көзімді жұмып жатқанның өзінде, ойым көрпелерімде болады. Қай түсті қай түспен үйлестірсем екен, мына өрнекке қандай бояу жарасар екен деп, санамда сан түрлі ой тоқтаусыз айналып тұрады. Түннің бір уағына дейін жұмыс істесем де тігін машинамды сүртіп, айналасын жинап, артық қоқым-қиқымды тазалап барып жатамын. Таңертең қайтадан іске отырғанда да ең алдымен машинамды сүртемін. Бұл мен үшін қалыптасып кеткен әдет қана емес, өз кәсібіме, өз еңбегіме деген құрмет. Үйім жиналмай қалуы мүмкін, бірақ жұмысымның дүниесіне келгенде өте ұқыптымын. Әр көрпенің артында қаншама уақыт, қаншама ізденіс, көздің майы мен жүректің жылуы бар. Сондықтан қолымнан шыққан дүниенің сапалы болғанын қалаймын. Көрпелерімнің бағасы 27 мыңнан 80 мың теңгеге дейін барады. Бұл матаның немесе дайын бұйымның бағасы емес, оның артындағы еңбектің бағасы.
Меніңше, ұлттық өнердің өміршең болуы өзімізге байланысты. Егер біз өз қолөнерімізді қадірлеп, оның мәнін түсініп, кейінгі ұрпаққа жеткізсек, ұлттық құндылығымыз да жоғалмайды. Құрақ мен үшін жай ғана көрпе емес. Оның әр қиындысында қазақтың тұрмысы, әр өрнегінде тарихы, әр тігісінде ананың ақ тілегі бар. Сондықтан қолыма ине-жіп алған сайын, өзіме ғана емес, атадан балаға жалғасқан бір өнерге қызмет етіп отырғандай сезінемін.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Талапты ауылы, Көксу ауданы





