Қазақтың маңдайына біткен біртуар перзенті, театр және кино актері Нұрмұхан Жантөринмен кездесіп, сұхбаттасқан сәттерім күні бүгінгідей көз алдымда. 1988 жылдың мамыр айы. Бір топ актер Бөрлітөбе ауданына қарасты Матай стансысы мен Береке разъезінде киноға түсіп жатыр. Олардың арасында аты аңызға айналған театр және кино актері Нұрмұхан Жантөрин бар екен деген хабарды естіп, жүздесуге асықтым. Ол кезде мен аудандық «Балқаш өңірі» газеті редакторының орынбасарымын. Нұрмұхан ағаның сол жылғы сәуір айында 60 жасқа толғанынан баспасөз арқылы хабардар болатынмын. Мерейтойлық сұхбат дайындау ойымда бар. Кешкілік қонақүйге барып, іздеген адамды таба алмадық. Кезекшіден олардың іңір қараңғылығында оралып, таңертеңгісін ерте түсіру алаңына аттанатынын білдік.
Арада екі күн өткенде аңыз адамды орталықтағы базардан зайыбым, ұлым үшеуіміз кездейсоқ жолықтырдық. Алдымен жұртшылық назарының бір адамға ауғанын байқап, еріксіз бұрылдым да аңтарылып қалдым. Күн ыстықта басына бөрік, аяғына саптама етік киген ақ киімді, шоқша сақалды қарт адам жақындап қалыпты. Еңсегей бойлы, отты жанарлы, ерекше бітімді тұлға мен іздеп жүрген Нұрағаң ғой. Қос қолдап амандастым. Қауқарлы екен. Қолымды құшырлана қысты. Ұлым Жақсылықтың сәлемін алып, бұйра шашынан сипап, қолынан жетектеп алды. Нұрмұхан ағамен сол күні Лепсінің орталық көшесімен арлы-берлі жүріп, кеңірек сұхбаттасуға мүмкіндік таптым. Сахнадағы ойынын көргенім бар-ды. Әңгіме жібін содан сабақтадық. Ол кісінің бойындағы кісі қызығарлық қасиеттердің қайдан бастау алғанын білгім келді. Тектілігі, бекзаттығы бірден көзге ұрады. Бір көрген жанға тәкаппар болып көрінгенімен өзім деген жанды өзекке теппейтін кішілігіне ден қойдым сол күні.
… Өршіл жанға жараспаған көлгір мұң,
Экрандағы образыңа телмірдім.
Шоқан болып шыңнан бір сәт
тіл қатсаң,
Қодар болып қара күшке сендірдің.
Бірде қату, бірде тату жарқын жай,
Ерік-бітім, отты жанар нар тұлға-ай.
Он тоғызда танылып ең халыққа,
Алпысқа да жеттің, аға, алқынбай, – деген қошаметімді жүрекжарды өлеңіммен сездірген едім сол күні.
Иә, ол алғаш киноға түскенде жиырмаға еркін жете қоймаған албырт жас еді. 1946 жылы алыстағы Атырау облысы, Махамбет ауданынан Алматыға арман арқалап келген ол бойындағы қабілетін ұштауды мақсат етіп, актерлер мектебіне түскен-ді. Сол оқудың екінші жылына айналғанда Кеңес одағы киношеберлерінің назарына ілікті де «Аласталған алитет» картинасында негізгі рөлді ойнау бақытына ие болды. Чукча жігіті Туматуге бейнесін шынайы сомдаған ол осы алғашқы рөлімен-ақ көрермен ықыласына бөленген.
Актерлік – шынайы қабілеттің жемісі. Солай десек те терең білімсіз кең құлашты, ауқымды рөлдерді өз дәрежесінде шығару да қиын. Өнердегі осы заңдылықты түсінген Нұрмұхан Ташкент театр институтында оқып, оны ойдағыдай тамамдап шығады. Содан кейінгі бар ғұмырын театр мен киноға арнайды. Нұрағаңды өнер өріне бастаған баспалдақ – бір-біріне қарама-қайшы Қодар мен Шоқан бейнесі. «Қазақфильм» қарлығаштары болып табылатын «Махаббат туралы аңыз», Мәжит Бегалиннің «Оның уақыты келеді» киноленталарындағы осындай басты рөлдер жас актердің шеберлігін шыңдай түсті. Нұрағаң киноға түспес бұрын өзіне жүктелген рөлді егжей-тегжейлі зерттеуге бейім екен. Алдын ала сценарийде белгіленген эпизодтарды ой елегінен өткізіп, «осы рөл оң жамбасыма келе ме, қолайыма жаға ма?» деген сауал төңірегінде ізденетін көрінеді.
– Қармақпен балық аулап көргенің бар ма? – деді ол әңгіме желісі негізгі тақырыпқа ойысқан кезде. – Ұзақты күн отырғанда қармақты шабақ қаба ма, шортан қаба ма, алдын ала білмейсің ғой. Сол сияқты актерлердің жұлдызын жандырып, атағын аспандататын рөл де бірден кездесе қоймайды. Актер бақытының іргетасы көрермен ықыласымен қаланады, – деген еді.
Шоқан рөлі Нұрағаңды көп ізденіске жетеледі. Соның өтеуіндей актер есімін елге кеңінен танытты. Шоқан болып ойлап, Шоқан болып күйзеліп, театр мен кинода осы рөлді қос-қабат атқарған ол кезінде айтыс-тартыстың объектісіне айналған ойлы образымен көрермен көкейінде сақталды. Кинодағы ауқымды жұмыстары бір төбе болғанымен негізінен алғанда Нұрмұхан Жантөрин театрдың танымал тарланбозы ретінде жұрт жадында қалды. 1952 жылы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрына қабылданған ол актерлік өнердің даму үрдісіне айтулы үлес қосты. Біраз жыл қызметтік бақталастық салдарынан өз үйіндей болған театрынан қол үзгенімен өнерден алыстай алмады. Қазақфильмнің белді актеріне айнала жүріп, арнайы шақыртумен театрға қайта оралды. Нұрағаң сомдаған «Еңлік – Кебектегі» Абыз, «Қаракөздегі» Сырым, «Асауға тұсаудағы» Яго, «Елеусіз қалған есіл ердегі» Доктор қайталанбас бейнелер. Ол сомдаған Абыздың философиялық бейнесінің сахнада сирек кездесетін құбылыс екенін әріптестері де мойындайды. Бұдан соң да бұл рөлдерді талай-талай талантты актерлер ойнады. Бірақ олар үшін де, зерделі көрермен үшін де Жантөрин мектебінің орны бөлек болып қала берді.
Өнердің туыстас екі түрін қатар өрбітіп, жарыстыра отырып, қай-қайсысында да табысқа жеткен актер еңбегі кезінде елеусіз қалмапты. Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Халықтар достығы» ордендерімен, КСРО және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңестерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған ол көзі тірісінде Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген артисі және Қазақ ССР-інің Халық артисі құрметті атақтарын иеленді.
Нұрмұхан аға сол жолы киноға түсудің қияметін көріп жүріп Лепсі стансысындағы 54-орта мектептің оқушыларымен кездесуге уақыт тапты.
Өз жолыңмен биіктерге өрледің,
Көнбістеніп, күбіжіктеп көрмедің.
Қайталанбас қалды, міне, қолтаңбаң,
Өшпек емес өнердегі өрнегің.
Сындарлы сәт зердемізге жазылды,
Қарсы алды жұрт Нұраға деп қадірлі.
Тарланбозы театр мен киноның,
Қос кеменің капитаны тәрізді, – деп кездесуді ашып беріп едім сол жолы. Сұрақ көп, соған орай жауап та қызғылықты болды. Ең алдымен өздерін Лепсіге алып келген картина туралы әңгімеледі.
– Бұл телефильм Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» атты романының желісімен түсірілуде. Мен мұнда Дархан есімді шал рөліндемін. Режиссер жас та болса бұл салада танылып қалған Райымбек Әлпиев деген азамат.
Аңыз адам осы фильмдегі серіктестері туралы айтуды да ұмытқан жоқ. КСРО Халық артисі, қырғыз актрисасы Жамал Сейдахметова, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі Нұржұман Ықтымбаевтардың жеке рөлдері жөнінде, олардың өнер алдындағы адалдығы хақында әңгіме өрбітті. Сұрақтың көпшілігі актерлік мамандықтың өзіндік ерекшелігіне негізделгендіктен Нұрмұхан Сейтахметұлы осы тақырыпқа кеңінен тоқталды.
– Актер болам деген жас ең алдымен өз ана тілін, халқының салт-дәстүрін жете білуі тиіс. Ең алғы шарт – талант, қабілет. Осы қасиеттер бар болса, оны ары қарай дамыту біздің театр институты ұстаздар қауымының міндеті.
Актер шерткен сырды оқушылар мен мұғалімдер ұйып тыңдады. Әсіресе өнер жолын армандап жүрген жастар үшін осы жүздесудің маңызы зор болғаны анық.
– Алпыс деген – жақсы ат мініп, түйе жетелеп келмейді екен. Өмірдегі өкінішім – қайырылмай кеткен жастығым, – деп еді сөз арасында.
Жастық шақ қайырылмайды дегенмен өтеусіз кетпепті. Соңында айқын ізі қалды, із болғанда да ешкімге ұқсамайтын өзіндік соқпақ. Ұстазым деп алдымен Шәкен Аймановтың, Жағда Өгізбаевтың, Қалибек Қуанышбаевтың есімдерін атады. Берері мол кезінде өмірден ерте аттанған шәкірттері Есболған Жайсаңбаевты, Әнуар Молдабековты сағына еске алды. Өмірі – өнеріне, өнері – өміріне айналған аңыз актер сол түсірілімде бір ай бойы Лепсінің тұрғыны болып, ақ сәлделі Алатауына, ару Алматысына асықты. Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романын арқау еткен телефильмді көрген сайын тау тұлғаның өзін, сөзін санамда қайта жаңғыртамын. Келесі 1989 жылы режиссер Болат Мансұров қойған «Сұлтан Бейбарыс» фильміндегі Бейбарыс бейнесі тек Жантөриннің емес, қазақ киносының ірі табысы болды. Бүкілодақтық «Созвездие – 90» фестивалінде осы рөлі үшін Нұрмұхан ағамыз «Актер мамандығына қосқан аса зор үлесі үшін» сыйлығын алып, арнайы дипломмен марапатталды. Көзкөргендердің айтуынша, фестиваль күндері Тверь қаласы көшелерінде Нұрмұхан Жантөринді халық «Сұл – тан Бей – барс!» деп қошеметтеп, қолпаштап тұрып алыпты деседі.
Қысқа ғұмырында соңына өлшеусіз із қалдырған Нұрмұхан Сейтахметұлы Жантөриннің тірлік сапары 1990 жылдың мамыр айында шектелді. Арада қаншама жыл өтсе де театр және кино тарланының есімі өшкен жоқ. Жылдармен бірге жаңғырып, Нұрағаң сомдаған рөлдер кейінгі талантты толқынға өнеге болып қала береді.
Жомарт ИГІМАН,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты