Отбасы – адам өмірінің бастауы. Бала дүниені ең алдымен өз үйінің табалдырығынан танып, алғашқы тәлімді ата-анасының өнегесінен алады. Мінезі қалыптасып, өмірге деген көзқарасы орнығатын осы шағын орта кейін оның азаматтық болмысының бастауына айналады. Адам есейіп, өз алдына шаңырақ көтергенімен туған үйден алған тәрбиесі мен тағылымы ғұмыр бойы жадында жүреді. Сондықтан отбасының беріктігі бір әулеттің ғана тыныштығы емес, ұрпақ тәрбиесі мен қоғамның келешегіне тікелей әсер ететін құндылық.
Отбасы күні осы ақиқатты тағы бір мәрте ой елегінен өткізуге себеп болатын атаулы күн. Бұл әке мен ананың қадірін бағалап, бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті сезініп, жақын жандардың арасындағы сыйластықтың мәніне үңілетін мүмкіндік. Өйткені берекелі шаңырақ бір күнде қалыптаспайды. Оның іргесін жылдар бойғы сенім, сабыр, өзара құрмет пен жауапкершілік бекітеді. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығы, ата-ананың балаға көрсеткен үлгісі, үлкеннің кішіге қамқорлығы көзге көрінбегенімен отбасының ең берік тірегі.
Мұндай өнегені Жетісу жеріндегі Көксу ауданынан шыққан Еркеновтер әулетінің өмірінен де көруге болады. Биыл бұл отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, бірінші орынды иеленді. Енді олар республикалық кезеңде Жетісу облысының намысын қорғайды. Әулеттің бұл жетістігіне сырттай баға бермей, оның тамырына үңілгенде ғана жеңістің мәні тереңірек ашылады.
Сәлім Сейтбайұлы мен Қалипан Рысбайқызы он бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол үлкен әулеттің қатары 26 немере мен 17 шөбереге ұласқан. Бір шаңырақта он перзентті өсіріп, әрқайсысына білім беріп, өмірден өз орнын табуына бағыт көрсету үлкен жауапкершілік пен маңдай терді талап ететін іс. Мұндай әулеттің сырт көзге көрінбейтін тарихында талай алаңсыз түн, тынымсыз еңбек, қуаныш пен сынақ жатқаны сөзсіз.
Сәлім ақсақалдың ғұмыр жолы да еңбек пен табандылықтың үлгісі болды. Ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарып, жастайынан спортқа ден қойды. Қазақ күресі мен еркін күрестен жарыстарға қатысып, 1966 жылы КСРО спорт шебері атанды. Спорт адамды жеңіске ғана емес, тәртіпке, төзімге, жауапкершілікке тәрбиелейді. Сәлім Сейтбайұлы бойына сіңірген осы қасиеттерін өмірінің барлық саласында ұстанып, перзенттеріне де өнеге етті. Ал Қалипан ана отбасының күнделікті тіршілігі мен бала тәрбиесін қатар алып, әр баласының білім алып, еңбекке араласуына жағдай жасады.
Бүгінде Сәлім ақсақал арамызда жоқ. Алайда адамның ғұмыры оның өмірден өткен күнімен өлшенбейді. Артында ізгі ісі мен тәрбиелі ұрпағы қалса, оның өмір жолы жалғасын табады. Еркеновтер әулетінің бүгінгі жетістігі соның бір дәлелі. Он баланың әрқайсысы өмірден өз жолын тауып, елдің әр саласында еңбек етіп келеді. Әулеттен медицина мамандары, ғалымдар, ұстаздар, спортшылар мен жаттықтырушылар, экономистер, мемлекеттік қызметшілер және құқық қорғау саласының мамандары шыққан. Бұл ата-ананың бала тәрбиесіне жұмсаған еңбегінің ең үлкен жемісі.
Балаға тәрбие беру үшін үнемі ақыл айтып, ұзақ түсіндіру міндетті емес. Кейде әкенің маңдай тері, ананың сабыры, үлкендердің бір-біріне көрсеткен құрметі балаға айтылған жүз сөзден әлдеқайда әсерлі болады. Қалипан ананың өмірлік ұстанымы да осы қарапайым қағидамен үндеседі. Ол баланы еңбекке баулып, адамгершілікке тәрбиелеудің маңызын үнемі алға қояды. Он баланы өсірген ана үшін тәрбие жай ғана сөз емес, өмірден өткен тәжірибе.
Қазір отбасы туралы түсінік те заман талабына сай түрленіп келеді. Жас отбасылар үшін баспана, тұрақты табыс, тұрмыстық жағдайдың орны бөлек. Алайда шаңырақтың шынайы беріктігін тек материалдық өлшеммен бағалау жеткіліксіз. Отбасының жылуын бір-біріне айтылған жылы сөз, қиындықта қолдау көрсету, алыста жүрген перзенттің ата-анасын ұмытпай, хабарласып тұруы секілді қарапайым көрінетін, бірақ аса маңызды әрекеттер қалыптастырады.
Берекелі үйде әр адам өзін қажет әрі қадірлі сезінеді. Үлкеннің ақылы тыңдалып, кішінің пікірі ескеріледі. Қуаныш бірге бөлісіліп, қиындық бірге еңсеріледі. Осындай ортада өскен бала отбасының қадірін ерте түсінеді. Кейін шаңырақ көтергенде ата-анасынан көрген жақсы үлгіні өз өміріне алып келеді. Сөйтіп, бір әулеттің тәрбиесі келесі буынға жалғасады.
Еркеновтер әулетінің жеңісі – бір отбасының ғана қуанышы емес. Бұл ата-ананың перзент тәрбиесіне сіңірген еңбегінің, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың, ұлттық отбасылық құндылықтардың өміршеңдігінің көрінісі.
Сәлім ақсақалдың ғұмырлық жолы артында қалған ұрпағының ісімен жалғасып келеді. Бір кездері әкесінің жанында еріп жүрген балалар өз алдына шаңырақ көтеріп, кейінгі буынға жол көрсетіп отыр. Ал Қалипан ана үшін перзенттерінің ел қатарлы еңбек етіп, өз балаларын тәрбиелеп отырғаны өмірінің ең үлкен жемісі. Шаңырақтың беріктігі оның үлкен-кішілігімен емес, ішіндегі адамдардың бірлігімен өлшенеді. Үйдің сәнін жиһаз емес, ондағы адамдардың өзара қарым-қатынасы келтіреді. Дастарқанның берекесін астың көптігі емес, бас қосқан жандардың ықыласы арттырады. Ал отбасының ең үлкен байлығы – тәрбиелі ұрпақ.
Шаңырақ деген бүгінгі күннің ғана мекені емес, өткен мен келешекті жалғайтын алтын көпір. Атадан қалған сөз балаға жетіп, ананың өнегесі немереге ұласқанда, бір әулеттің жақсы дәстүрі кейінгі буынның өмірінен көрініс тапқанда отбасының шын мерейі арта түседі. Еркеновтер әулетінің өнегесі де осыны аңғартады. Шаңырақтың шырағы төрде отырған адаммен емес, сол үйден түлеп ұшқан ұрпақтың жүрегіндегі ізгілікпен жанады. Ал отбасының ең үлкен жеңісі – баласының жақсы адам болып қалыптасуы.
Сарби ӘЙТЕНОВА





