Күздің таңғы салқыны сезіле бастағандай. Бірақ күн көтерілген сайын дала төсі бусанып, жаздың соңғы жылуын бойына сіңіргендей. Шұбар ауылы сыртындағы егістікке қарай бұрылғанда-ақ тіршіліктің қызып жатқаны байқалады. Ауылдың тынысы да осындай күндері егістік басындағы еңбекпен астасып кетеді. Дала төсінен трактордың гүрілі естіледі. Алыстан қарағанда шаң басқан алқап ортасында бір тынымсыз тіршілік байқалады. Трактор жерді қазып өткен сайын топырақ арасынан картоптың түйнектері көрінеді. Артынша жұмысшылар да жер ырысын теріп барады. Бұл – «Қоянды» шаруа қожалығының күзгі науқаны.
Биыл шаруашылық қарауындағы 100 гектар жердің әр бөлігі өзінше бір жұмысқа айналған. Бір алқаптағы арпа мен бидай жиналып үлгерсе, енді бір жерде күнбағыстың сабағы күзгі жиын-терінін күтіп тұр. Ал дәл қазір бар назар – картоп алқабында. Сырттай қараған адамға картопты жинау жеңіл жұмыс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда егістік басындағы тіршілікті көргенде оның машақаты бірден сезіледі. Жер астындағы өнімді алдымен техника аршып шығарады. Одан кейін адамның қолы іске қосылады. Әр картоп топырақтан ажыратылып, жиналып, көлікке тиеледі. Осылайша қайталана беретін қарапайым әрекет жүздеген, мыңдаған түйнекті жинағанда оның қаншалықты қажыр-қайратты қажет ететінін көрсетеді.
Алқапта жиырмадан аса адам еңбек көрігін қыздырып жүр. Бірі еңкейіп картоп тереді, енді бірі жиналған өнімді реттейді. Күн көтерілген сайын маңдайдан тер сорғалайды. Кейде ауыл шаруашылығы туралы сөз болғанда гектар, тонна, өнімділік деген көрсеткіштерді ғана айтамыз. Ал сол сандардың ар жағында дәл осындай ұшан-теңіз еңбек тұр емес пе? Бір гектардың өнімі – тек жердің бергені емес, оны күткен адамның да еңбегінің нәтижесі.
«Қояндының» картоп алқабында қазір ерекше бір ырғақ қалыптасқан. Трактор тоқтаса – жұмыс саябырлайды. «КамАЗ» көлігі келсе – қимыл қайта жанданады. Көлікке өнім тиелген сайын алқаптағы бірнеше айлық еңбектің нәтижесі біртіндеп ауылдан ұзай түседі. Көлікке тиелген картоп – бір кезде топыраққа егілген кішкентай түйнек болған еді. Оны көктемде жерге салғаннан кейін шаруа бірнеше ай бойы алқаптың жағдайын бақылап, суын, күтімін жасап, пісуін күтті. Енді сол күткен өнім қолға тиіп отыр.
Шаруашылық иесі Қуаныш Көнекбаев үшін де бұл – жауапты кезең. Оның есебінше, картоп жинау жұмысы қыркүйек айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл жоспардың орындалуы ауа райына да, техниканың жұмысына да, адам күшін дұрыс ұйымдастыруға да байланысты. Ауыл шаруашылығында кейбір нәрсені кейінге қалдыруға болмайды. Дән піскенде ору керек. Көкөніс бабына келгенде жинап алу қажет. Күзгі жауын созылып кетсе, бүгін қолайлы болып тұрған алқаптағы жұмыс ертең-ақ ауырлап кетуі ықтимал. Сондықтан диқан үшін ашық аспанның әр күні – мүмкіндік.
Ауыл өмірінің өзіндік бір ерекшелігі бар. Мұнда жылдың мезгілі күнтізбемен ғана емес, жердің жағдайымен де байланысты. Көктемде ауыл сыртындағы қара жерге дән себіледі. Жазда егіс көгеріп, алқаптың түсі өзгереді. Ал күз келгенде сол жасыл дала біртіндеп сары түске еніп, шаруаның еңбегі таразыға түседі. Шұбардағы бүгінгі көрініс те осы ауыл тіршілігінің бір бөлшегі. Егістік басындағы жұмысшылардың әр қимылы ауылдың бүкіл өмірінен сыр шерткізіп тұрғандай көрініс береді. Ал мұның бәрінің соңында үлкен еңбек жатқаны ақиқат. Бір жерде техника жөнделіп жатуы мүмкін, енді бір жерде малдың қамы жасалады. Ауылдың берекесі де осындай тынымсыз қозғалыстан құралады.
Кербұлақ ауданы жалпы ауыл шаруашылығына қолайлы өңірлердің бірі. Күреңбелдіктер егіншілікпен қатар мал шаруашылығын да жандандырып отыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, өңірдің ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудегі әлеуеті жоғары екені, картоп пен көкөніс бағытында мүмкіндіктерді толық пайдалануға жағдайдың бары айтылған. Сондықтан «Қоянды» сияқты шаруашылықтардың жұмысы бір ғана қожалықтың тіршілігі емес. Ол – ауылдағы жердің игерілуі, еңбек орындарының қалыптасуы, жергілікті өнімнің өндірілуі деген сөз.
Алқаптан жиналған картоптың Талдықорған мен Алматы шаһарына жөнелтілуі де осы еңбектің жалғасы. Осылайша Шұбардың қара топырағында өскен өнім бірнеше сағаттан кейін қаланың базарына, дүкеніне немесе ас үйіне жол тартады. Ауыл мен қала арасындағы байланыс кейде осындай қарапайым көріністен байқалады. Қала тұрғыны дүкеннен картоп сатып алғанда оның қай жерде өсірілгенін, оны кім жинағанын ойлай бермеуі мүмкін. Ал оның ар жағында көктемнен бері осы жермен бірге тыныстап жүрген диқандардың маңдай тері жатыр. Олар үшін бұл – жай ғана өнім емес. Бұл – көктемдегі үміт, жаздағы күтім, күздегі бейнет.
«Қоянды» шаруа қожалығы үшін биылғы науқан мұнымен бітпейді. Картоп алқабының жұмысы аяқталған соң шаруалардың назары 60 гектар жердегі күнбағысқа ауады. Шемішке жинау науқаны қазан айында басталмақ. Демек, бір алқаптың жұмысы аяқталғанымен шаруаның қолы босамайды. Күздің қоңыр салқыны қоюланып, ауыл сыртындағы тіршілік біртіндеп саябырси бастағанша еңбек жалғаса береді. Ал қазір егістіктегі трактордың гүрілі сонадайдан естіліп, барған сайын ұзап барады. Оның соңынан ерген адамдар жер қойнауынан шыққан картопты ысырапқа ұрындырмай, уақытылы жинап алу қамымен жүр. Қара топырақтан өнім жинаған еңбеккер үшін күз – жылдың соңы емес. Керісінше, көктемде басталған жұмыстың нәтижесін көретін мезгіл. Шұбардың даласында бүгін сол нәтиже біртіндеп өз жемісін беруде.
Айта кетейік, Шұбар ауылындағы еңбек мұнымен шектелмейді. Биыл ауыл шаруалары 5200 гектарға жаздық арпа, 360 гектарға жаздық бидай, 233 гектарға картоп, 541 гектарға көпжылдық шөп еккен. Сонымен бірге 100 гектар алқапқа зығыр, 592 гектарға шемішке, 150 гектарға жүгері сепкен. Қазір шаруалар үшін егінді жинаумен қатар қыс қамын жасау кезеңі басталды. Қыстық мал азығын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жаз бойғы еңбектің жемісін жинап, төрт түліктің қысқы азығын қамдау – ауылдағы берекелі тіршіліктің ажырамас бөлігі. Даладағы әр гектардың өнімін ысырапсыз жинап, қыстың қамын қазірден ойластырған шаруаның еңбегі осылайша жыл он екі ай бойы жалғаса береді.
– Картоптың бейнеті де, берекесі де бар. Көктемде жерге отырғызғаннан кейін жаз бойы күтіп-баптаймыз. Енді, міне, күз келіп, еңбегіміздің нәтижесін көрудеміз. Қазір күн жылы, жұмыс істеуге қолайлы болып тұр. Сондықтан күн суытпай өнімді тезірек жинап алуға тырысудамыз. Бәріміз белсене еңбек етсек, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтаймыз деп ойлаймын. Бүгінде Жер-Ана берген несібені ысырап етпей жинап алу – басты міндетіміз, – дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Қабылданов.
Айгүл БАЙБОСЫН





