«Қалауын тапса, қар жанар». Кейде осы нақыл Юлия Фисюкова сынды жандарға қарап айтылғандай көрінеді. Көрінеді емес, нақ сондай кісілерге айтылған. Төркіні су болғанымен ебін тапқан қарды да жағар деген ғой. Ал біз мысал қылып отырған Юлия Николайқызы несімен дараланыпты? Қандай ебі «қар жағуға» септесіпті? Сұрақ көп, жауапты мақаладан оқырсыз. Себебі «Жетісуда жасалған» айдарының бүгінгі кейіпкері түгін тартса майы шығатын киелі мекеннен шыққан дара кәсіпкер.
Сарқан ауданы, Қойлық ауылының тұрғыны Юлия Фисюкованы көп жұрт танымағанымен кәсіпкерлердің дені біледі. Дүйім жұрт өзін танымағанмен оның өнімін жазбай таниды. Емдік һәм косметикалық өнімдерін қолданып жүрген де болуы керек. Жұмбақтамай турасын жазайық, Юлия Николайқызы сабын жасайды. О, тоба, бұл да жаңалық болды дей көрмеңіз. Оның даралығының бірнеше себебі бар. Біріншіден, қоғамда екі қолға бір сайман таппай жүргендер көп. «Бірдеңе істеу керек еді» дегенмен таң атырып, кешін батырып жүрген замандас жетеді. Әсіресе жастардың қарасы қалың. Ал кейіпкеріміз қол қусырып отырған жоқ, білімі мен білігінің арқасында «бірдеңе» емес, көптің сұранысына ие сабын жасап отыр. Екіншіден, Юлия зейнет жасындағы кәсіпкер. Сан жылдық тәжірибесін жинақтап, жұмыс пен үй арасын тоздырып, бейнеттің зейнетін көріп, тынығатын сәтінде тынымсыздықпен кәсіп бастаған.
Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – фармацевт. Осыдан-ақ оның кәсіп бастауда «адаспағанын» аңғаруға болады. Сабын жасауды осыдан жиырма жыл бұрын бастаған. Әуелде өзі үшін. Отбасы қажеттілігі үшін. Өйткені сабын тұрмыстық қажеттіліктің бір бөлшегі. Кез келген адам оны күніге тұтынады. Ал шетелден келетін сабынның қалай жасалып жатқанын кей жұрт білсе, кей кісі білмейді. Сапасын арттырып, бактерия мен вирустың тамырына балта шабу үшін талай химиялық «уды» қосады. «Удың» аты у. Оның адамға да кері әсері болады. Мұны ескерген Юлия Николайқызы жергілікті жұрттың сабын жасау тәсілін зерделеп, өз білігін пайдаланып, алғашқы өнімін жасайды. Бірақ ол уақытта сабынын саудаға салып көрмепті.
Ізденуден жалықпайтын кейіпкеріміз Жетісу топырағында өнетін дәрілік өсімдіктерді пайдаланып, шипалы сабындарды жасаудың түрлі әдісін қолға алған. Қазірдің өзінде сабынның 40 түрін жасайды. Ал уақытында бұл тірлігі ішкі қызығушылық еді. Қазір оның цехында сабынның шөптен жасалғаны, сыйлыққа лайықталғаны, әртүрлі оюмен өрнектелгені, алуан түспен көмкерілгені, мерекелерге орайластырылғандары толып тұр. Көздің жауын алады. Шынын айтайықшы, иісі демесеңіз, әрбірден әлгі сабындарды асай салуға да болады. Құдды геометриялық дәлдікпен бедерленген сабындар кондитерлік дүкендегі тәтті бәліштердей менмұндалайды.
– Ел арасында тазалыққа арналған тауарларды тек зауыт шығарады деген түсінік бар. Дегенмен үй жағдайында бұл өнімді даярлап жүргендердің қарасы қалың. Алайда оның жасалу жолы мен құрамына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Мәселен, сабын – сілті, сақар және майдың қосындысы. Бұл қоспаны тікелей сатып алып, қалыпқа салып, өнім шығарып жүргендер бар. Біздің өнім таза әрі табиғи өнім. Шикізаттың 80-85 пайызы жергілікті жерден алынады. Майды жергілікті қасапшылардан аламыз. Тау мен тасты кезіп, пайдалы өсімдіктерді жинаймыз. Ал какос, пальма, костор майын шетелден алдыруға тура келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Сабын жасаушының сөзіне сенсек, сәндік һәм емдік деген желеумен талай жұрт өнім шығарып жүр. Мақтауын келістіреді. Айтуынша, шетелден дайын сабынды сатып алып, оны түрлі қалыпқа салып дүкен сөрелерін толтырып жүр. Бірақ олардың құрамы күдік тудырады. Қауіпті болуы да мүмкін. Айтпақшы, Юлия Фисюкованың цехы Сарқан ауданына қарасты Қойлық ауылында орналасқан. Ауыл шетіндегі ит тұмсығы өтпес қалың ағашты бұзып-жарып салынған жол арқылы цехқа баруға болады. Бағыттаушы болмаса, адасу тұр. Ауыл шетіне цех орналастырудың да өз жөні бар. Әуелгісі, ешкімге зиян келтірмеу. Цех иесінің сөзінше, иіс, шу деп бәзбіреуді шулатпау маңызды. Екіншісі, өндіріс орнының маңайы шикізаттың ошағы. Екі қадам аттадың, ерінгүл (лаванда), түймедақ, шырғанақ, шайқурай сынды емдік шөптер төгіліп тұр. Ал кей дәрілік һәм емдік шөпті тау аралап әкеледі екен. Ал цехтың өзі 130 шаршы метр. Мұнда бар жағдай жасалған. Шикізатты дайын өнімге айналдыруға айға жуық уақыт кетеді. Мәселен, сабынның пісіп-жетілуіне, былай айтқанда, қоспалар мен дәрілік өсімдіктер сығындысы қосылған қоймалжың сұйықтық қолға ұстап, жуынуға даяр болуы үшін 20 күн күтуге тура келеді. Ол үшін бірнеше сатылы жұмыс жүргізіледі. Сол сатылы жұмысты кезең-кезеңімен жүзеге асыруға жағдай жасалған.
– Жетісу бай, түгін тартсаң майы шығатын, топырағының өзі шипаға толы өңір. Жергілікті табиғи өсімдіктердің пайдалы қасиеттерін өндірісте тиімді пайдалануға ерекше мән береміз. Сабын құрамына өсімдік сығындыларын қосу басты ерекшелігіміз. Өсімдіктерден қажетті сығындыларды арнайы технология арқылы дайындаймыз. Дәрілік шөптерді жаз және күз мезгілдерінде алдын ала жинап, өңдеп, кейін өндірісте пайдалануға әзірлейміз. Табиғи шикізаттың пайдалы қасиеттерін сақтауға тырысамыз. Қазіргі таңда дәрілік шөптер негізінде сабынның 40-тан астам түрін өндіреміз. Әр өнімнің құрамына қолданылатын өсімдік түрі мен сығындысы оның ерекшелігіне қарай таңдалады, – дейді Юлия Николайқызы.
Осындай ауқымды бейнеті бар өнім қазір Сарқан ауданында ғана емес, еліміздің біраз өңірінде сұранысқа ие. Жер-жерден сұраныс беріп, алдырып жатады. Юлия Фисюкованың айтуынша, сарқандық емдік сабынды туризм саласында жүргендер жиі тұтынады. Әдетте көлемді өнімді қонақүй ұстағандар сатып алады екен. Мереке қарсаңында да сабын жасаушының өніміне сұраныс артады. Былай қарасаңыз, жоғарыда айтқандай, Юлияның өнімдері дайын сыйлық. Әр мерекенің ерекшелігіне сай жасалған. Өзінің айтуынша, сұраныс болса, түрлі пішінде, түрлі кейіпте сабын жасай алады.
Адам – өткізгіш. Өз білгенін, өмірден түйгенін маңайындағыларға үйретіп отыруы табиғи заңдылық. Өткізгіштігі сол, пенде өзіне дейінгілерден үйреніп, өзінен кейінгілерге үйретеді. Осы үрдіспен сарқандық сабыншы тәлім сабақтарын өткізеді. Оны осы кәсіпті үйренуге ниет еткендер арнайы шақырып, ілімін үйренеді. Юлия Фисюкова жиі іссапарға шығады. Жұртты үйретеді, салаға бейімдейді, бірақ өз балалары сабын жасауға құлықты емес. Кәсіпкерлік саласында жанында қолдаушысы – жолдасы екен. Айтуынша, қиындығы мол, титықтатар тірлігі көп кәсібінде шабыт беретін де, қуат қосатын да сол кісі. Одан бөлек, тағы бір жан оны үнемі қолдап, қолпаштап жүреді екен. Біз ол кісі жайында «Жетісуда жасалған» айдарымен мақала даярлағанбыз. Есімі – Светлана Мұқашева.
– Кәсібімді дамытуға, оны дөңгелетуге алғаш қолдау көрсеткен жанның бірі – Светлана Мұқашева. Ол бүгінге дейін кәсібіме үнемі қолдау білдіріп келеді. Сабындарымды алғаш рет көрмеге алып шығып, көпшілікке таныстырған да – Светлана. Өзі кәсіпкер болған соң саладағы тәжірибелерімен бөлісіп, құжат жағынан жәрдемдесіп тұрады. Мұндай қамқор жанның қасыңда болғаны қандай жақсы, – дейді кейіпкеріміз.
Кез келген кәсіпті дөңгелету үшін уақыт, тәжірибе һәм қаражат қажет. 2024 жылға дейін кейіпкеріміз мол тәжірибе жинады. Уақыт та жеткілікті. Сол уақытты тәжірибе жинауға жұмсады. Тек қаржы қолбайлау болған. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жәрдемдесіп, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысады. Екі жыл бұрын жоба аясында қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, кәсібін дөңгелетті. Нәтижесінде Жетісу жерінде ғана емес, Қазақстан бойынша «Юлияның сабындары» брендке айналған.
Дастанбек САДЫҚ





