Отандық ауыл шаруашылығы саласында жаңа егін науқанының бағалары қалыптасып, нарық біртіндеп тұрақты жұмыс режиміне оралып келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Дәнді және майлы дақылдар. Қазақстан» зерттеу бюросының мамандары дәнді, майлы әрі бұршақ дақылдарын өндірушілерге арналған кезекті сауда стратегиясын әзірледі. Сарапшылардың талдауы бойынша, қазіргі сәтте астық нарығы біртіндеп қалыпты жұмыс ритміне түсті. Дегенмен, әр дақыл бойынша баға конъюнктурасы мен экспорттық сұраныс әртүрлі.
Дәнді дақылдар бағытында сарапшылар 3, 4 және 5-сыныпты жұмсақ бидайды сатуды уақытша тоқтата тұруды ұсынады. Қазіргі уақытта элеваторларда 3-сыныпты бидай бағасы сапасына байланысты 88-111 тг/кг аралығында белгіленген. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 110-145 тг/кг дейін көтерілуі мүмкін. Ал 4 және 5-сыныпты жұмсақ бидай сәйкесінше 80 тг/кг мен 70 тг/кг деңгейінде саудаланып жатыр, олардың ықтимал ең жоғары бағасы 100-110 тг/кг шамасын құрайды.
Арпа мен қатты бидай өндірушілерге тауарды қажеттілігіне қарай сатқан тиімді. Екінші сыныпты арпаның элеватордағы орташа бағасы 67 тг/кг болса, оның жоғарғы шегі 95 тг/кг жетеді. Қатты бидайдың протеиніне қарай ағымдағы бағасы 93-106 тг/кг шамасында сақталып тұр, болашақта 120-140 тг/кг деңгейіне дейін өсу ықтималдығы бар.
Майлы дақылдар секторында рапс бағасы 5 теңгеге арзандап, 202 тг/кг құраса, күнбағыс 221 тг/кг деңгейінде тұрақтады. Зығыр (180 тг/кг), сафлор (178 тг/кг), соя (193 тг/кг) және қыша (215 тг/кг) дақылдарын қажеттілікке орай өткізу ұсынылады. Алайда күнбағыс өндірушілеріне өнімді сату тиімді, себебі бұл тауардың ықтимал ең төменгі бағасы 180 тг/кг дейін төмендеуі ғажап емес.
Бұршақ дақылдары арасында асбұршақ бағасы 5 теңгеге өсіп, 90 тг/кг жетті. Солтүстік өңірлерде жоғары сапалы бұршақ пен жасымыққа сұраныс бар. Дегенмен, сарапшылар сары бұршақ пен қызыл және ірі тар жасымықты (110-112 тг/кг) қазіргі уақытта сатуды жөн көреді. Себебі бұл бағытта жақын арада тиімдірек бағалық мүмкіндіктер қалыптаса қоюы қайталана бермейді.
Шаруалар мен агроқұрылымдар үшін бұл ұсынымдар қаржылық шығындарды азайтып, егінді оңтайлы бағада өткізуге мүмкіндік береді. Нарықтағы экспорттық сұраныс пен жаңа өнім көлемі алдағы апталарда баға бағдарын толық айқындайды.





