Талдықорған: +32°C
$ 456.89
€ 531.36
₽ 5.32
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ТАНЫМ-ТАРАЗЫ

Шоқтығы биік шығыс мұрасы немесе зерттеу бар, зерделеу аз

14.09.2026
ТАНЫМ-ТАРАЗЫ, КҮНДЕРЕК
Шоқтығы биік шығыс мұрасы  немесе зерттеу бар, зерделеу аз

ЖИ

WhatsAppTelegramFacebook

Шығыс өркениетіне үңілгенде халықтар мен оның мәдениетін бір-бірінен бөліп қарау қиын. Бір дәуірде туған ой келесі ғасырда рухани қазынаға айналып, бір тілде жазылған шығарма өзге тілдегі әдебиеттің өрісін кеңейтіп отырған. Ұлы дала да мұндай мәдени алмасудан шет қалған жоқ. Керісінше, сан ғасыр бойы шығыс пен шатысты жалғаған кеңістікте тарих, әдебиет, тіл мен дүниетаным өзара тоғысып, рухани сабақтастық қалыптасты. Өткен мен бүгіннің арасындағы көзге көрінбейтін жіпті тарқату үшін тарихқа зер салу аздық етеді. Оны түпнұсқа деректермен салыстырып, тілін танып, дәуір табиғатын түсіне отырып оқу қажет. Осы орайда ортағасырлық тарих, шығыс әдебиеті, түркі-парсы әдеби байланыстары және бүгінгі ғылымның бағыт-бағдары туралы шығыстанушы ғалым, профессор Төреәлі Еділбайұлымен сүбелі сұхбат құрған едік.

– Қарахандықтар дәуірі мен Алтын Орда кезеңін бір-бірінен бөлек тарихи құбылыс ретінде қарау қаншалықты дұрыс? Олардың арасында қандай интеллектуалдық және мәдени сабақтастық бар?

– Әдебиет тарихы үлкен дәуірлер мен бірнеше кезеңнен тұратыны белгілі. Сол секілді түркі халықтарының әдебиетін исламға дейінгі және исламнан кейінгі деп екі үлкен кезеңге бөліп қарастырамыз. Исламнан алдыңғы дәуірге руна жазулы Орхон-Енесей, Күлтегін жазба ескерткіштерін жатқызсақ, кейінгі дәуірге қарахандықтар, Алтын Орда кезеңіндегі жазба жәдігелерден бастап, бүгінгі әдеби кеңістігіміз кіреді. Түркі мұсылман халықтарының исламнан кейінгі жазба мұрасы қарахандықтар тұсындағы әдеби жәдігерлерден басталады. Бұл кезең Х-ХІІ ғасырларды қамтиды. Одан кейін Шыңғыс хан жорығы нәтижесінде пайда болған ХІІІ-ХV ғасырларда тарих сахнасынан көрінген Алтын Орда мұрасы бар. Сонда исламнан кейінгі алғашқы бес ғасырдың әдеби мұрасы бір-бірімен үндесіп, сабақтасып жатыр десек те болады. Қарахандықтар кезеңінде жазба мұраларға Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Махмұт Қашқаридың «Диуан лұғат әт-түрк», Ахмет Жүйнекидің «Ақиқат сыйы», Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» және Сүлеймен Бақырғанидың дастандары кіреді. Қарахандықтар тұсында ислам мемлекеттік дін дәрежесіне көтеріліп, түркі тайпаларының мұсылманшылықты ұстанған кезі еді. Сондықтан да бұл дәуірдің жазба жәдігерлерінде ислами құндылықтар кеңінен көрініс берді. Осы тұста діни-дидактикалық һәм діни-сопылық еңбектер жазылды. А. Жүйнекидің шығармасында діннің негіздері көркем сөзбен жеткізілсе, А. Ясауидің даналық сөздерінде сопылықтың сырлы әлемі өлеңмен өрнектелді. Кемелдік ұстындары алға шығып, толық адам концепциясы қаланды. Алтын Орда дәуірінің жазба мұрасы қарахандықтар тұсындағы әдеби жәдігерлердің дәстүрлі жалғасы болғандықтан да идея-тематикасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Мақсаты – кемелдік ұстындарын асқақ жырлау. Осы тұста өмір сүрген Рабғұзи, Кердері, Хұсам Кәтіп, Құтб, Сәйф Сараидің шығармаларында діни және ұлттық құндылықтардың синтезі, дәстүр мен діннің сабақтастығы кеңінен көрініс берді. Жанрлық жағынан түрленіп, мазмұн жағынан байыды. Алтын Орда әдебиетінің арғы арналары (генезисі) көне түркілік кезеңге барып тіреліп, берісі қарахандықтар тұсындағы әдеби жәдігерлермен үндесіп, сабақтасып жатты әрі араб, парсы әдебиетімен тығыз байланысқа түсіп, ислам әлеміне ортақ образдар мен сюжеттер дүниеге келді.

Алтын Орда әдебиеті қарахандықтар тұсындағы жазба жәдігерлердің дәстүрлі жалғасы. Дегенмен, әр дәуірдің өз қолтаңбасы, өз үні болатыны секілді, осы екі кезеңнің әдеби мұрасында өзіне тән ұқсастық пен  айырмашылық бар. Біріншіден, тілдік жағынан. Яғни, қарахандықтар тұсындағы жазба жәдігерлер, негізінен, оғыз-қыпшақ-қарлұқ тілдік диалектілері негізінде жазылды. Сондықтан бұл дәуірдің әдеби мұрасы барша түркі мұсылман халықтарына ортақ. Яғни, Орталық Азия, Еділ-Бұлғар, Кавказ және Анадолыдағы түркілер сол дәуірдің жазба мұрасын өздерінің әдебиетінің бастауы ретінде қарастырады. Екіншіден, бұл тұстағы жазба әдебиеттің мазмұны жалпы құндылықтарға негізделген. Ал, алтынордалық әдеби жәдігерлер осы ұлыстың құрамына кірген қазақ, өзбек ноғай, татар, башқұрт секілді өзге де халықтардың рухани мұрасы саналады. Тілдік жағынан, негізінен, қыпшақ-оғыз диалектілерімен жазылған. Сондай-ақ, каллиграфиялық жазылуларында да өзгешілік бар. Десе де, Алтын Орданың Хорезм өлкесіндегі жазба жәдігерлерде қарлұқ тілдік элементтерінің барлығын жоққа шығаруға болмайды. Осы тұрғыдан алғанда, екі кезеңнің жазба жәдігерлерін ажырату кейде қиынға түсіп жатады. Жалпы әдебиеттің тақырыбы адам десек, онда қарахандықтар мен Алтын Орда әдебиетінде бұл мәселе кеңінен жырланған. Екі кезеңнің жазба жәдігерлерін мамандар болмаса, жалпы көпшілік айыра алмайды.

– Алтын Орда тарихы көбіне саяси оқиғалар мен әскери жорықтар арқылы танылады. Оның ғылым, білім және әдебиет дамыған ірі өркениеттік кеңістік болғанын қандай деректер дәлелдейді?

– Дұрыс айтасыз, бізде тарих тек қана қақтығыстар мен жорықтардан тұратындай көрінеді. Себебі тарихты жазған уақытта сол дәуірдің әдебиеті мен мәдениетіне, тілі мен дініне көп көңіл бөлінбегендіктен де тек ірі оқиғалардың тізбегінен тұратындай әсер қалдырады. Егер де адамзат тарихынан мәдениет пен әдебиетті алып тастасаңыз, жалаң оқиғалар ғана қалады. Тарихқа нәр беретін руханият десек, сол руханияттың өзегі – әдебиет. Себебі сол дәуірдің жаңғырығы жазба жәдігерлерде жатыр.

Алтын Орда – Еуразия кеңістігінде билік еткен алып империя. Ол тарихымыздың алтын кезеңі. Сондықтан соңғы жылдары осы дәуірдің тарихы мен тілін, әдебиеті мен мәдениетін зерттеуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде Президентіміз Қ. Тоқаевтың қатысуымен үлкен сипозиум өтті. Мақсат – тарихтағы жетістіктерімізді жаңғырту арқылы болашаққа нық қадам басу.

Екі ғасырдан аса тарих сахнасынан көрінген Жошы ұлысында ғылым мен мәдениет дамыған. Қыпшақ диалектісі басым түркі тілі мемлекеттік тіл ретінде қолданылып, әдеби шығармалар да жазылған. Бізге дейін жеткен Рашид әд-Дин, Жуейни, Жузжани секілді араб, парсы тарихшыларының жазбаларында, Рубрук, Карпини сияқты Еуропа саяхатшыларының күнделіктерінде Алтын Орданың ғылым мен білімнің кеніші болғаны жазылған. Иран, Мысыр, Сирия секілді елдерден ғалымдар мен ғұламалар Сарайға қоныс аударған. Мешіт-медреселер салынып, ғылыми орталықтар құрылған. Жошы ұлысының хандары ғалымдарға ерекше құрмет көрсеткен. Мысалы, Ибн Баттута бір ғана Сарай қаласында 13 мешіттің болғанын алға тартқан. Ал, тарихшы Ибн Арабшаһтың жазуынша, Берке, Өзбек және Жәнібек хандардың билігі тұсында Хафиз әд-Дин Баззази, шейх Сад әд-Дин әт-Тафтазани, Мәуләнә Құтб әд-Дин әл-Исләм әр-Рази, Ахмет әл-Хажандари, шейх Жәләл әд-Дин секілді ғалымдар қызмет жасаған. Араб саяхатшысы Ибраһим әт-Тәнжи өз жазбаларында арғы тегі шамдық дәрігер әс-Сахиунидің Сарай қаласында жұмыс жасап жатқанына назар аударған. Сонымен бірге, хорезмдік тәуіп-дәрігер Нұғман әд-Дин әл-Харазмидің Жошы ұлысының билеушісі Тоқты ханның кезінде Сарайға қоныс аударғанын, Өзбек ханның әр аптаның жұма күні оған қаралып тұрғанын жазған. Осы секілді жүздеген деректерді келтіре беруге болады. Сол деректердің бәрінде дерлік Алтын Орданың ғылым мен білімнің кеніші, руханияттың негізі болғаны жазылған. Өкінішке қарай сол дәуірдің тарихы мен әдебиетін әлі толық зерттей алмай келеміз. Алдағы уақытта жастарымыз осы салаға ден қойып, өздерінің түп негізін білуге талпынса, тарихи тұрғыдан қайта жаңғырған болар едік.

– Шығыс классиктерін қазақша аудару барысында біз түпнұсқаның қандай ерекшеліктерін жоғалтып алуымыз мүмкін?

 – Шығыс әдебиеті – тұңғиық. Бүгінде адамзат баласының асыл мұрасына айналған Омар Хаям, Хафиз, Фердауси, Сағди, Дәми, Науаи секілді жүздеген ақындардың әдеби мұрасы қазақ тіліне әлі толық аударыла қойған жоқ. Рас, кешегі кеңес кезеңінде бұл ақындардың кейбір шығармалары қазақша сөйледі. Алайда сол аудармалардың басым бөлігі, тіпті бәрі дерлік орысшадан тәржімаланған. Яғни, аудармашылар түпнұсқаға кіре алмаған. Сондықтан да ақынның негізгі айтпақ ойы толық ашылмаған. Әсіресе, сопылықтағы ғашықтық көзқарас, ақиқаттың сырлары толық көрініс таппаған. Мысалы, бір ғана Хафиздағы жарды сүю, Омар Хаямдағы мас болу ұғымдарының астарында терең мағына жатыр. Аудармашылар сол тұстарын толық аша алмаған. Онысы түсінікті де. Себебі аудармашы, әуелі, ақынның тілін, содан кейін өзінің ана тілін, сосын аударылып жатқан шайырдың өмір сүрген әдеби кеңістікті, сол кездегі сөз тіркестері мен ой орамдарын жетік білмейінше  аударма сәтті шықпайды. Шайырлық шеберлік пен әдеби өрнектерді толық сезіну үшін шығарманы түпнұсқада оқығанға жетпесі анық. Десек те, шығыс тілдерін білмейтіндер үшін сапалы аударма қажет. Әрине, бәрі дұрыс аударылмаған деуден аулақпыз. Сәтті шыққан дүниелер де бар. Мысалы, Фердаусидің «Шаһнамасын» Тұрмағанбет Ізтілеуов сәтті аударып шыққан. Себебі ол шығарманың табиғатын, ішкі мазмұнын толық түсінген. Сондықтан да туынды сәтті шыққан.

– Біз Сағдиді, Хафизді, Омар Хаямды шығыс классиктері ретінде ғана оқимыз ба, әлде оларды өз әдеби-мәдени тарихымыздың бір бөлігі ретінде қабылдауымыз керек пе?

– Сағди, Хафиз, Омар Хаям секілді парсы шайырларын классикалық ақын ретінде ғана білеміз. Олардың сырлы поэзиясын сүйіп оқимыз. Десе де сол Омар Хаямды әлем мықты математик ретінде біледі. Тіпті, кейбір аңыздарда Ньютон Омар Хаямның еңбектерін оқып, сүйсінген деседі. Ал, Сағдиды парсы жұрты ақын ғана емес, әлемді кезген жиһанкез ретінде де біледі. Себебі олардың басқа еңбектері қазақ тіліне аударылмағандықтан біз оларды тек ақын ретінде білеміз.

Шығармалары парсы тілінде жазылғандықтан оларды өз әдеби кеңістігіміздің бір бөлшегі ретінде толық қабылдай алмаймыз. Себебі түркілік сөз өнері басқа да, парсылық басқа. Әрине, орта ғасырда әдеби кеңістігіміз бір болып, ортақ желілер мен арналар көрініс тапты. Образ, сюжеттер екі халықтың әдеби кеңістігінде кеңінен жырланды. Кезінде Фердауси, Низами, Жәми, Науаи көтерген Ескендір бейнесін Абай қайта жырлады. Жәми мен Дехлеуидегі Ләйлі-Мәжнүнді Шәкәрім қазақ даласына алып келді. Десек те, парсы және түркі халықтарының болмысы бөлек болғандықтан  араларында айырмашылық бар. Сондықтан олардың мұрасын төлтума мұра ретінде қарастыра алмаймыз. Алайда олар көтерген идеялардың қазақ даласына қайта жырлануына қарап, кейбір туындыларын төлтума ретінде қабылдаймыз.

– Түркі және парсы әдебиеттері арасындағы байланыс біржақты болды ма әлде екі өркениет бір-біріне қатар әсер етті ме?

– Ешбір халықтың әдебиеті дара өмір сүре алмайды. Басқа халық әдебиетімен үндесіп, сабақтасып жатады. Әсіресе, ортақ мәдениет пен өркениет халықтардың жазба мұрасын барынша жақындатады. Ортақ мәдениеттің негізі – дін десек, онда ислам өркениетінің аясына ұйысқан мұсылман халықтарының әдеби кеңістігі бір арнада дамыған.

Орта ғасырда араб – ғылымның, парсы – әдебиеттің тілі деген қағида қалыптасқан. Содан түркі тілі «отбасы, ошақ қасындағы» тілге айнала жаздаған. Мұны сезген Әлішер Науаи секілді ақындар ана тілінде өлең жазып, түркі тілінің дамуына өз үлестерін қосқан. Мұны не үшін айтып отырмыз, себебі орта ғасырда парсы тілінің таралу аймағы кеңейіп, көрші жатқан түркі халықтарының тілін әдебиет алаңынан ығыстырған кездері де болған. Содан түркі ақындарының кейбірі парсыша жырлаған. Ғалымдар көбінесе әдеби байланыстарға бір жақты ғана қарап, парсының түркіге тигізген әсерін ғана зерделеген. Оған себеп те жоқ емес. Біз жоғарыда атап өткен парсы шайырлары түркі ақындарына қатты әсер еткен. Мысалы, Алтын Ордадағы кейбір шығармалардың генезисі парсы туындыларында жатыр. Сондай-ақ, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы «кітаби ақындарымыз» да әдебиеттегі алыс-беріске үлес қосып, көбінесе шығыс мотивтерінің негізінде жырлағандары да бар. Бірақ, парсы әдебиеті түркі әдеби кеңістігінде бес жүз жылдан аса үстемдік құрды дегенімізбен де, сол парсы жұртын мың жылдан аса уақыт түркілер билеген. Исламнан кейінгі парсының патшалар тарихы – түркілер тарихы десек те болады. Ғазнауидтер династиясынан бастап, ХХ ғасырдың басындағы Қажарларға дейін бәрі түркілер болған. Оны парсылардың өздері де мойындайды. Десек те сол билеушілердің мемлекеттік дін ретінде парсыны алға шығарғанын да айта кетуіміз қажет. Сол кезде түркінің көптеген сөздері парсыға енген. Тіпті парсының кейбір ақындары түркі әдеби тілінің бай екенін айтып, жырға қосқан. Сондықтан да, бүгінгі шығыстанушылар осы жағына назар аударып, түркілердің араб һәм парсы жұртына тигізген әсерін зерделеу маңызды дер едік.

– Шығыстанудың қазіргі әлеуеті қандай? Бізде мектеп қалыптасты деп айтуға бола ма?

– Құдайға шүкір, кеңес заманымен салыстырғанда шығыстанушылар қатары көбейіп, ғылыми әлеуеті көтерілді. Мектеп қалыптасып та келеді. Н. Оңдасынов, Л. Рүстемов, Ө. Күмісбаев, М. Маженова, Ә. Дербісәлі секілді алдыңғы буын шығыстанушылардың қатары көбейіп келеді. Шығыс тілдерін білетін түлектер әр салада қызмет етіп жатыр. Ғалымдар да баршылық. Бірақ қатары аз. Тарих саласында араб, парсы, қытай тілдерін білетін мамандар жетіспейді. Себебі ортағасырлық тарихи деректердің басым бөлігі сол тілдерде жазылған. Сондай-ақ, әдебиеттану саласына да мамандар қажет. Себебі, жаңа біз жоғарыда айтып өткен қарахандықтар, Алтын Орда тұсындағы жазба жәдігерлерін араб, парсы һәм түркі тілдерінен хабары жоқ маман оқи алмайды. Аударма арқылы оқыса да, түпкі мәніне бойлай алмайды. Сол үшін де ғылымдағы шығыстанушылар мектебі қалыптасуы үшін жас мамандарды сол ғылым-білімге баулу жағы алға шығады.

– Қазір ортағасырлық қолжазбаларды зерттеуде қандай жаңа әдістер қолданылып жатыр? Мысалы, цифрландыру, жасанды интеллект, цифрлық каталогтар ғылымға қаншалықты мүмкіндік береді?

– Кітапханалардың байлығы ондағы кітап санына емес, көне қолжазбалар мен ескі кітаптардың қорына тікелей байланысты. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің Түркия, Өзбекстан секілді елдердің қолжазба қоры өте бай. Құдайға шүкір, біздің де Орталық ғылыми және Ұлттық кітапханада да көне мұралар сақталған. Әрине, ол қолжазбалар кітапхана қорларында шаң басып жатпауы қажет. Ғылыми айналымға еніп, қазақ руханиятына қызмет етуі тиіс. Әрі оларды сақтау да маңызды. Ол үшін әуелі көне мұралардың бәрі сандық форматқа жүктеліп, электронды нұсқасы жасалуы қажет. Көне қолжазба арнайы жерде ғана сақталып, ол белгілі бір уақытқа дейін «қатырылуы» қажет. Мамандар қолжазбаның электронды көшірмесі арқылы жұмыс жасайды. Электронды нұсқалары арнайы сайттарға жүктеліп, барша оқырманға қолжетімді болуы тиіс. Бүгінде әлем осы жағына баса назар аударып отыр. Алайда кейбір елдерде аса құнды қолжазбаларды көпшіліктің назарына ұсына бермейді. Оны арнайы хатпен барып, көшірмесінің өзін ақылы түрде алуға тура келеді.  Бүгінде біз институтымыздан қолжазба және ескі кітаптар қорын аштық. Ескі мұраларды зерделеу, каталогын жасау, электронды көшірмесін алу жағын қолға алдық. Ең бастысы сол қолжазбалардың аударылып, кітап болып шығып, ғылыми айналымға түсу жағына баса назар аударып отырмыз. Себебі ғылыми айналымға енбесе, ол қолжазбаның сіздің сандығыңызда жатты не, шетел кітапханасының қорында сақталды не, айырмашылығы болмайды.

– Зерттеуші ретінде сіз үшін әлі күнге дейін жауабы табылмаған ең қызық сұрақ қандай?

– Әркімнің өзі зерттейтін алаңы болады ғой. Мен үшін Махмұт Қашқаридың түркі халықтарының грамматикасына арналған еңбегінің табылуы, Қожа Ахмет Ясауидің қаламына тиесілі «Диуани хикметтің» ең ескі қолжазбасының ғылыми айналымға енуі, ортағасырларда жазылып, бүгінгі күнге дейін жетпеген бабалар мұрасының қайта жаңғыруы қызық. Жалпы, ғалымды жауабы жоқ сұрақтар алға жетелейді. Сол сұрақтардың жауабын табамын дегендер ғылым әлеміне енеді. Сондықтан да жауабы белгілі сұрақтарға қарағанда шешімін таппаған сауалдар маңызды дер едім.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Айша СЕРІКҚЫЗЫ

Қатысты жаңалықтар

Жетісуда жаңа әдеби марафон қарқын алды

Жетісуда жаңа әдеби марафон қарқын алды

14.09.2026
Табысты майлы дақыл

Дәнді және майлы дақылдардың элеватордағы қазіргі бағасы қандай?

14.09.2026
Елде баспана саудасы қатарынан екінші ай төмендеді

Елде баспана саудасы қатарынан екінші ай төмендеді

14.09.2026
Шоқтығы биік шығыс мұрасы  немесе зерттеу бар, зерделеу аз

Шоқтығы биік шығыс мұрасы немесе зерттеу бар, зерделеу аз

14.09.2026
Қазақстан Кореямен жаңа жоспарларын жариялады

Қазақстан Кореямен жаңа жоспарларын жариялады

14.09.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.