Сеул қаласында өткен «С5+1» елдері өнеркәсіп министрлерінің бірінші отырысында Орталық Азия мемлекеттері мен Корея Республикасы арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекеттер басшыларының алдағы саммиті қарсаңында ұйымдастырылған бұл жиын өнеркәсіптік инфрақұрылым, инвестиция тартуу және жаһандық жеткізу тізбектерін дамытуға арналды. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі Ким Чжон Кванның төрағалығымен өткен шараға аймақ елдерінің министрлері қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар аса маңызды минералдар мен инновациялық технологиялар алмасу бағытындағы жобаларды пысықтады. Ел басшылығы жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалар инвесторлардың сенімін арттырып қана қоймай, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашуда.
Ерсайын Нағаспаев өз сөзінде «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» заңның маңызына тоқталып, оңтүстіккореялық әріптестерді осы бірегей жобаны жүзеге асыруға атсалысуға шақырды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан тиімді қадамдар шетелдік капиталдың қауіпсіздігіне кепілдік беріп, өзара тиімді серіктестіктің көкжиегін кеңейте түседі.







