Қыс мезгілінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамту – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды жұмыс.
Осы бағытта Талдықорған қаласындағы жылу жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуде «Талдықорған жылу сервисі» мекемесінің атқаратын қызметі ерекше. Жылу беру маусымына дайындық жұмыстары әдетте алдын ала басталады. Мамандар қазандықтар мен құбыр желілерін тексеріп, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Тозығы жеткен құбырлар ауыстырылып, жылу жүйелеріндегі ақаулар анықталып, оларды жою істері қолға алынады. Мұндай жұмыстардың барлығы тұрғындарға қыс мезгілінде сапалы әрі тұрақты жылу беру үшін жүргізіледі.
Осыған байланысты аталған салаға жауапты мекеме қызметкерлері жиын өткізіп, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Басқосуда мекеменің негізгі қызметі, өткен жеті айдағы жылу энергиясын өткізу көлемі және оны тұтынудың үлес салмағы, тариф саясаты, жылумен жабдықтау нысандарындағы жөндеу жұмыстарының орындалу барысы жайында ақпарат берілді. Бұдан соң журналистерге баспасөз туры ұйымдастырылып, атқарып жатқан жұмыстар көрсетілді.
– Талдықорған қаласында 10 қазандық бар. Оның төртеуі шағын қуатты, бесеуі кварталдық қазандықтар. Газға ауыстырылған кварталдық қазандықтар қазір жақсы жұмыс істеп тұр. 1980 жылы пайдалануға беріліп, бүгінде шаһардың 75%-ын жылумен қамтамасыз етіп отырған «Басқуат» орталық қазандығының жұмысы басты назарда. Биыл оның екі су жылытқыш қазандығы күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстарды қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ біраз құбыр ауыстырылды. Қалада 190-ға жуық жылу тораптары бар. Жыл сайын 5-6 шақырымы ауыстырылады. Биылғы жоспар бойынша 5,1 шақырымы ретке келтірілді. Ағымдағы жұмыстар да жүргізілуде, – дейді «Талдықорған жылу сервисі» МКК басшысының орынбасары Дидар Сапиров.
Жиында, сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінің басшысы Думан Қалибеков, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Файзулин Баниямин ойларымен бөлісті.
Айгүл БАЙБОСЫН





