Жаркент өңірінде соңғы жылдары төрт түлік саны еселеп өсті. Бүгінгі таңда аудан бойынша 284 мыңнан астам қой-ешкі, 89 мыңнан астам ірі қара, 25 мыңнан астам жылқы және 350 түйе бағылуда. Биылғы жаз маусымындағы құрғақшылық аудан шаруаларын алаңдатып отыр. Алдағы мал қыстату науқанына тыңғылықты дайындық қажет.
Қыс маусымына 315 мың тонна жемшөп дайындау жоспарланған. Оның 240 мың тоннасы шөп, 10 мың тоннадан астамы сүрлем, 37,5 тонна сабан, 18500 тоннасы пішендеме және 9,5 мың тонна жем.
Өңірде қазір мал қыстату мен көктемгі қой төлдету науқанына жемшөп әзірлеу жұмыстары қарқын алған. Ауданда жалпы 25 мың гектардан астам шабындық жер бар. Оның 1640 гектары көпжылдық шөп болса, 9,630 гектар табиғи шабындықтар. Осы шабындықтардан бүгінгі күнге 3 мың тоннаға жуық шөп дайындалды. Мал азығын дайындау науқанына аудан бойынша 118 шөп тайлайтын және 109 шөп шабатын техника әзірленіп, олар қазір шабындықтарда тоқтаусыз жұмыс жасауда.
Бұдан тыс күзде қосымша жүгері алқаптарынан 28,3 мың тонна сүрлем бастырылмақ. Сонымен қатар 39,6 мың тонна жүгері жемі әзірленеді. Жыл сайын шаруалар жаз маусымында әзірлеген жемшөбінің 80 пайызын қыстау маңына тасып алады.
Қазір ауданда мал қоралары мен малшы үйлерін жөндеп қыс маусымына дайындау жұмыстары да қолға алынған. Өңірде жалпы 470-тен астам қыстау бар.
Жазиралы Жаркент өңірінде қыс маусымына жемшөп қорын әзірлеу мен қыстауларды дайындау жұмыстары жауапкершілікпен атқарылуда.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





