Талдықорған қаласының прокуратурасы мемлекеттік инвестициялық жобаны іске асыру барысында жұмыс құнының негізсіз ұлғайтылғанын анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде шарттың құны 85,1 млн теңгеге төмендетіліп, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Талдықорған қаласының прокуратурасы мемлекеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына талдау жүргізді.
Талдау барысында қаладағы магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобасының сметалық құжаттамасы зерделенді.
Нәтижесінде асфальтобетон массасын есептеу кезінде қателік жіберілгені анықталды. Атап айтқанда, алынатын асфальтобетон қабатының қалыңдығы ескерілмеген.
Осының салдарынан сметалық құжаттамада шығарылуға жататын қалдықтардың көлемі нақты 5 273,7 тонна орнына 105 474 тонна деп көрсетілген. Яғни қалдықтардың массасы 20 есеге артық есептелген.
Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде мемлекеттік шарттың құны 85,1 млн теңгеге төмендетілді. Бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Жетісу облысы бойынша прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде бюджет қаражатының 1,2 млрд теңгеден астам негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Жетісу облысының прокуратурасы бюджет қаражатын тиімді пайдалану, заңдылықты қамтамасыз ету және негізсіз шығыстарға жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастырады.





