Қазақстандықтар үшін мобильді аударымдар лимитін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Журналистер Ұлттық банк мобильді аударымдарға қатысты лимиттерді өзгерту жөніндегі құжат жобасын «Ашық НҚА» порталында жариялағанын айтып, осы өзгерістерге қатысты сұрақ қойды.
– Базалық лимиттер бар, олар біздің тәуекелдерді басқарудың жалпы жүйесі аясында белгіленеді. Қазір біз НҚА жобасын талқылауға шығардық. Оған сәйкес, аударымның ықтимал сомасын 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр, – деді ол.
Сонымен қатар әр азамат аударымдарға арналған жеке лимитін өзі белгілей алады. Банктерге де өз лимиттерін белгілеу құқығы беріледі.
Жаңа құжат банкаралық аударымдарды, сондай-ақ 2026 жылғы шілдеде енгізілген «Бірыңғай QR» жүйесі арқылы жүзеге асырылатын төлемдерді де реттемек.





