Ұлан-ғайыр атырапта ұлыларша ғұмыр кешкен ұландардың аты заман озған сайын өшпей, ел жадында жаңғыра беретіні хақ. Әсіресе сөз қадірін білген жұрт орақ тілді, от ауызды ақынның өрелі өлеңін ескерусіз қалдырмайды.
Сол сөз өнерінің сүрлеуін жалғап келе жатқан алакөлдік жас ақын – Санжар Сұлтанғазы. Оның жырындағы сыр мен сезімді, мұң мен сағынышты, ауылдың аңқылдаған аңсарын танып, бағасын беріп жүргендердің қатарында өзім де бармын.
Құнарлы топыраққа түскен дәннің көктеп, көкмайсаға айналатыны тәрізді, табиғи дарын да қолайлы орта мен талапты іздейді. Санжардың бойындағы өлеңге деген зергерлік, көркем ойға деген құштарлық жырларынан анық аңғарылады. Жас та болса кісілігі мен кішілігін қатар ұстаған қаламгердің шығармашылық әлемі өзіндік өрнегімен ерекшеленеді.
Ақынның жырларына үңілгенде түстерді жай бояу ретінде қолданбайтынын байқаймыз. Әрбір реңк арқылы көңілдің қалтарысын, өмірдің бір иірімін, адамның ішкі толғанысын бедерлейді. Поэзиядағы көркемдік детальдың салмағын сезінетін қаламгер үшін түстердің өзіндік жүгі бар. Соның ішінде Санжар «Жұмекенше» атты өлеңіндегі «қоңыр» сөзі айрықша мәнге ие. Қазақ ұғымында қоңыр – бірде жайма-шуақ мінездің, бірде қарапайым қоңыртөбел тіршіліктің, енді бірде мұңның бояуы. Ақын осы бір реңкті өз поэзиясының өзегіне айналдыра алған.
Қоңыр шешем бар еді, ажары нұр,
Қоңыр күйбең қазақпен азабы бір.
Қоңыр ұлы енді сол қазақтың,
Қоңыр-қоңыр жырларын жазады кіл.
Төрт тармақтың өзінен тағдырдың табы бар. Ана бейнесі, қазақтың күйбең тірлігі, перзенттің мұңы бір арнаға тоғысқан.
Қоңыр күйбең суалтты омырауын,
Қоңыр ажал соққанда қоңырауын.
Қоңыр жел қойды жұтып майда лепті,
Қоңыр шешем бар еді, қайда кетті?
Қоңыр ғана емес, Санжар поэзиясындағы қара түс те осындай қызмет атқарады:
Қара бұлттар төбемнен ауатын да,
Қара дағын көңілге жағатын да.
Қара жолдар қалаға ұзатқан-ды,
Қара тайым кісінеп қалатын да.
Тармақ басындағы «қара» сөзі бірінен соң бірі қайталана отырып, өлеңге салмақ береді. Қара бұлт, қара дақ, қара жол, қара тай – төрт түрлі сурет. Алайда бәрінің түйіні ауылдан ұзап бара жатқан баланың көңіліндегі қимастық.
Сары түс те ақынның жырында мұң мен сағыныштың белгісіндей көрінеді:
Сары жолда өткердік артқа күзді,
Сары желден құтқармай қалқа бізді.
Сары күзде жұбатар жақыны жоқ,
Сарғыш тартқан жапырақ мен тәрізді.
Мұнда сары күз – мезгілмен қатар көңілдің де күйі. Сарғайған жапырақ пен сағыныштан жүдеу тартқан адамның арасында астарлы үндестік бар. Табиғат пен адамның жандүниесі бір-біріне айна болып тұр.
Ақынның тағы бір жиі оралатын ұғымы – жүрек. Бірақ бір сөздің қайта келуі оның мағыналық қуатын әлсіретпейді. Керісінше, әр жолда жаңа реңк табады. «Жүрек» сөзіне тіркескен анықтауыштардың өзі сан құбылып, ақынның сезім иірімдерін аша түседі.
«Егілген жүрек», «жауыр болған жүрек», «кәусар жүрек», «байғұс жүрек», «сағыныш буған жүрек», «жабығатын жүрек»… Бір ғана жүрек ұғымының осынша сипатқа ие болуы ақынның сөзбен жұмыс істеу машығын аңғартады. Жырдағы қайталама сөзді таптаурынға айналдырмай, әр жолда басқа қырынан сөйлету – ақындық шеберліктің бір белгісі.
Санжардың өлеңдерін оқығанда туған жердің топырағы, ауылдың қарапайым тірлігі, ана сағынышы, балалық шақтың бұлдыраған бейнесі қатар көрінеді. Оның жырының болмысы да, шынайылығы да осында.
Жәния АСХАТҚЫЗЫ,
«Мизам» жылжымалы әдебиет мектебінің оқушысы
Алакөл ауданы





