Еліміздің саяси тарихына, дамуына сүбелі үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Солардың бірі 1954 жылдан бастап 6 рет Қазақ КСР Жоғары Кенесінің депутаты, Алматы облыстық өндірістік атқару комитетінің төрайымы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Әлеуметтік қамсыздандыру министрі қызметтерін атқарған тұлға – Зәуре Сәдуақасқызы Омарова. Оның өмір жолын баяндағанда қызметке деген адалдық, елге деген құрмет ойымызға оралады. Оның себебі де жоқ емес. Себебі қандай қызметке көтерілсе де халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оны реттеп шешімді ұсыну көптің қолынан келе бермейді. Қоғам қайраткері Зәуре Омарованың құжаттарынан құралған жеке тектік қоры Қазақстан Республика Президентінің Архивінде сақтаулы. Оның мемлекеттік және қоғамдық қызметіндегі жолындағы маңызды құжаттар, хаттары, баяндамалары мен фотосуреттері бар. Құжаттардың негізінде Зәуре Омарованың қызметтік және өмір жолынан аз-кем сыр тарқатсақ.
Зәуре Сәдуақасқызы 1924 жылы 28 қарашада Қарағанды облысы, Қарсақпай ауданы, Дүйсембай ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Қарағанды жерінде бұл тұлғаның есімі жиі аталып, оның геология саласындағы жетістіктері туралы әңгімелер көп айтылатын. Зәуре әкесі Сәдуқастан Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбектері жайында көп мәлімет біліп өскен бала Зәуре ғалым Қаныштың өміріне қызығып, елі мен жеріне қалтқысыз еңбек етуді мақсат етеді. Мектепті аяқтаған соң Днепропетровск тау институында кен инженері мамандығы бойынша оқуға түседі. 1948 жылы оқуды аяқтаған соң оның қолына «Карагандауголь» комбинатына еңбек жолдамасы берілді. Жас маманға шахтадағы жұмыс жеңіл бомайтыны түсінікті. Дегенмен бойынша жауапкершілікті сезініп, шахта жұмысының қыр-сырын үйренді. Зәуре Сәдуақасқызы 1949 жылы «Қарағандыгипрошахт» мемлекеттік институтының тау-кен бөлімінің инженер-жобалаушысы, содан кейін көмір шахталарын жобалау бойынша аға инженер болып тағайындалады.
Сонымен қатар Институтты бітіретін жылы коммунистік партия қатарына қабылданған Зәуре Қарағанды қаласындағы өзі есепте тұратын аудандық партия комитетінің өзіне жүктелген тапсырмаларын орындауға да ынталы болды. Аудандық есеп беру-сайлау конференциясына делегат болып сайланады. Ол жиналыстарда жұмыс жайы қаралатын. Орын алған кемшіліктерді жас кен инженері Зәуре Омаровадан коммунист тұрғысында қатаң сұралатын. Не керек, шахта жұмысы бойынша жүйелі есеп беру ол үшін өзіндік мектепке пара-пар болған еді. Қоғамдық жұмыстарға деген ынтасы байқалған оны 1952 жылы Қарағанды қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды. Оның ең үлкен жетістіктерінің бірі — шахталарды газсыздандыру мәселесін шешу болды. Бұл мәселелер көп жылдар бойы шешімін таппай, көптеген кеншілердің өміріне қауіп төндіріп келген еді. Осы мәселелер бойынша жоғары лауазымды тұлғалармен талқылап, Қарағандыға мұнай өнімдерін жеткізуге қол жеткізілді. жедел, кеншілердің қауіпсіздігі артып, еңбек өнімділігі жоғарылады. 1953 жылы жобалау институтының ұжымы Зәуре Сәдуақасқызын Қарағанды қалалық еңбекшілер депутаттары Кеңесінің депутаттығына ұсынған. Осы уақыттан бастап Зәуре Сәдуақасқызының еліміздің қоғамдық және саяси өміріне белсенді кірісе бастады.
Зәуре Сәдуақасқызы 1954-1962 жылдары дейін КСРО Жоғарғы Кеңесі IV және VI шақырылымдарының депутаты болып сайланады. Сайлау округіне Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалалары мен жаңадан салынған Мойынты-Шу темір жолы кірген. Ал 1954 жылы сәуірінде Жоғарғы Кеңестің бірінші сессиясында КСРО Кеңесі палатасы төрағасының орынбасары болып сайланып, төрт жыл сол қызметті атқарады.
Зәуре Омарова 1958 жылдың 28 маусымында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасы Д. А. Қонаевтың орынбасары лауазымына бекіді. Бұл қызметке Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаев өзі ұсыныс жасауы да Зәуре Омарованың кәсіби біліктілігінің көрсеткіші десек те болады. Осы қызметте ол коммуналдық шаруашылық, байланыс, көлік, спорт комитеті, жол құрылысы және мемлекеттік архив сияқты маңызды салаларға жетекшілік етеді. Депутат З. Омарова Қарағанды қаласында республикадағы алғашқы 300 төсектік психоневрологиялық аурухана мен телеорта салуға қол жеткізген. Сонымен бірге ол бассейн шахталарының көмір қабаттарын газсыздандыруды қолға алған. Осы мәселелерді шешу үшін депутат ретінде КСРО денсаулық сақтау министрі Мария Дмитриевна Ковригинаның, байланыс министрі Николай Демьянович Псурцевтің, радиотехника өнеркәсібі министрі Валерий Дмитриевич Калмыковтың және т.б. қабылдауларында бірнеше рет болған. Ол 1958 жылдың маусымынан 1963 жылдың қаңтарға дейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Осы қызметте ол темір жол, автомобиль, су көлігі, автомобиль жолдары құрылысы, коммуналдық шаруашылық, энергетика және байланыс мәселелерімен айналысқан. Осы кезеңде З. Омарованың ерекше көмегiмен және бақылауымен Қызылорда, Семей қалаларында телеорталар, Өскемен және Балқаш қалаларында қайталағыштар салынды, Бұқтырма су қоймасы құрылысының жобалары мен сметалары келiсiлген.
1963 жылдың қаңтарынан 1964 жылдың желтоқсанына дейін Зәуре Омарова Алматы облыстық өндірістік атқару комитетінің төрайымы болып жұмыс істеді. Ол екі өндірістік және ауылшаруашылық облыстық атқару комитеттерінің бірігуінен кейін 1964 жылдың желтоқсанынан 1966 жылдың маусымына дейін Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызметін жалғастырған. Сонымен қатар облыстық атқару комитетінде жұмыс істеген жылдары Үшарал, Ақсу ауылдарындағы қант зауыттарының, Талдықорған қаласындағы кәріз желісінің, Үштөбе қаласындағы ет комбинатының, Қапшағай ГЭС-інің құрылыстарына және Сарыөзек, Бақанас жолындарын салу проблемаларымен белсенді айналысады.
Зәуре Омарова әлеуметтік қамсыздандырумен қатар министрлікке бағынысты ведомстволық ұйымдардың мүгедектер мен қарттар үйлерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету қызметін қолдап, протездік-ортопедиялық мекемелер, саңыраулар мен соқырлар қазақ қоғамдары үшін материалдар, шикізат сатып алуға және олардың өнімдерін өткізуге көмек көрсеткен. Бұл мәселелерді Омарова Днепропетровск, Мәскеу қалаларындағы өткен әлеуметтік қамсыздандыру органдары қызметкерлерінің Бүкілодақтық кеңестерінде талқылаған.
Бұдан басқа Зәуре Омарова Кеңес Одағы құрамына қайта кірген Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) қызметіне белсенді қатысқан. Ол Үкіметтің өкілі ретінде 1968 жылдың маусымында Женевада 66 елдің делегациялары қатысуымен өткен ХЕҰ Бас конференциясының 52-сессиясында КСРО-ның «Азаматтардың уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы» халықаралық конвенция жөніндегі жобасын қорғады. Зәуре Омарованың КСРО делегациясы атынан 26 күн аралағында пленарлық отырыстарда және қорытынды кеңесте бірнеше рет сөйлеген сөздері мен ұсыныстары оң нәтиже берді. Қызу талқылаудан кейін басқа елдер ұсынғандай бес күннен бастап емес, еңбекке жарамсыздық кезеңі басталған сәттен бастап әлеуметтік қорғауды көздейтін КСРО жобасы қабылданды.
Мемлекеттік жауапты қызметтерді атқара отырып, елінің сүйінпеншілігінде бөленген Зәуре Омарованың еңбегі елеусіз қалмады. Министрлер Кеңесінде қызмет етіп жүргенінде 1960 жылы Ленин ордені, Алматы облыстық атқару комитетіне басшылық еткенде 1967 жылы «Құрмет белгісі» ордені кеудесіне тағылды. Республика Әлеуметтік қамсыздандыру министрі лауазымын атқарған 14 жылдан астам кезеңде екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Ал 2004 жылы «Отан» орденімен марапатталды. Десек те елі мен жерінің дамуына шын жаны ашып, оның мықтырақ болуы үшін аянбай тер төгу марапаттардан биік, мақтаулардын жоғары.
Дайана Тоқбергенова,
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері





