Талдықорған қаласы Бикен Римова атындағы драма театры сахнасында Жеңіс күніне орай «Соғыстың сұрқы әйелге жат» реквиемі сахналанды. Қоюшы-режиссері – талантты актер, бауырлас қырғыз елінің перзенті Баатырбек Шамбетов.
Қойылым шымылдығы түрілген сәттен зал ішін ауыр үнсіздік жайлады. Өйткені, көрермен сахнаға қарап отырған жоқ, соғыстың қақ ортасына еніп кеткендей күй кешті. Бір сәтте көмейге өксік тығылып, жүрек түбінде тұнған мұң қозғалды.
Бұл туындының салмағы да, тарихы да бөлек. Белорус жазушысы Светлана Алексиевич ұзақ жылдар бойы майдан көрген жүздеген әйелмен тілдесіп, олардың шерлі де шеменді, қайғылы да қасіретті естеліктерін хатқа түсірген. Жазушының сол еңбегі әлем әдебиетінде зор бағаланып, 2015 жылы Нобель сыйлығына лайық деп танылды. Бұл марапат бір қаламгердің ғана жеңісінен бөлек, соғыс зарын арқалаған әйел тағдырының адамзат алдындағы шындығына берілген баға.

Қойылымды тамашалап отырып, майдан даласындағы әйел адамының жан арпалысы анық сезіледі. Жанған от пен жауған оқтың ортасында қанаты күйген көбелектей шыр-пыр болған мейірім иесі жүр. Бұл – махаббат. Кеудесін оқ тескен, жүзін күйік шалған жаралы жауынгерлердің жанынан табылып, ажал мен өмірдің арасында арашашы болған да сол – махаббат. Қатыгездік пен қанішерлік жайлаған сұрапылға қарғыс айтып, қан сасыған майданнан жұпар аңқыған жеңіс күнін жақындатқан да – сол. Ал сол махаббатты өн бойына, жан дүниесіне ұялатқан – әйел заты.
Алайда сахнадағы әйел бейнесі нәзіктіктің нышаны болып қалмайды. Керісінше, от кешкен қайсар рухтың символына айналады. Бірі жаралы жауынгерді сүйреп жүріп жан тапсырса, бірі оқ астында жүріп бозбаланың соңғы деміне куә болады. Әйтсе де олардың жүрегіндегі сағыныш пен үзілген арман көрермен көңілін босатады.

Режиссерлік шешім спектакльдің ішкі қуатын тереңдете түскен. Қою жарық пен қараңғылықтың алмасуы, мизансценалардың дәл құрылуы сахналық динамиканы күшейтеді. Кей көріністер кино кадрындай тізбектеліп, оқиғаның эмоциялық ағысын үдетіп отырады. Әсіресе сахна төрінде сарғайған хат пен әскери шинель ғана қалған сәтте зал іші тастай тынды.
Қойылым барысында көрермендердің, әсіресе бойжеткен қыздардың жанарына жас үйірілді. Бірі көз жасын жасырса, екіншісі үнсіз егілді. Себебі сахнадағы тағдыр – өмірдің өзегінен суырылған ащы ақиқат. Әр монолог ананың зары секілді естіліп, әр кейіпкердің мұңы көрермен жүрегіне жетті.
Спектакль аяқталған тұста зал үнсіз қалды. Сол үнсіздіктің өзінде үлкен ой, ауыр мұң жатты. Соғыстың сұрқы әйелге жат екенін ұқтырған қойылым көрермен санасына бейбіт күннің қадірін тағы бір мәрте дәлелді.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Талдықорған қаласы





