Аурухананың берік болуы, медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі және білікті мамандардың жұмыс істеуі – ең алдымен халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатысты мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, Ақсу аудандық орталық ауруханасының күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілуі аудан тұрғындары үшін айрықша маңызға ие.
Ақсу аудандық орталық ауруханасында құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қайта қолданысқа берілді. 1974 жылы іргетасы қаланған ғимаратқа содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Енді медициналық нысан заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, сейсмикалық тұрғыдан күшейтілді.
Жобаның жалпы құны 1,7 млрд. теңгені құрайды. Жөндеу жұмыстарын «DK Capital» ЖШС жүргізді. Жоба аясында балалар бөлімі, терапия, хирургия, реанимация, перзентхана, қабылдау бөлімі, балаларға кеңес беру бөлімі және асхана жаңартылды. Бұл жұмыстар аурухананың сыртқы келбетін өзгертіп қана қойған жоқ. Ең бастысы – оның медициналық мүмкіндігі артты. Жаңарған нысанда ота блогы жабдықталып, фиброгастродуоденоскопия жасауға, өкпеге оттегі беруге мүмкіндік беретін қондырғылар орнатылды. Отадан кейінгі науқастарға арналған төсектер де қарастырылды. Аурухананың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту мақсатында 39,04 млн. теңгеге 790 бірлік қатты инвентарь алынды. Сонымен бірге 6,5 млн. теңгеге жұмсақ инвентарь жеткізілді. Мұның барлығы пациенттерге қолайлы жағдай жасап, медицина қызметкерлерінің жұмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Диагностикалық мүмкіндіктер де кеңейіп келеді. 2025 жылы Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспары аясында ауруханаға 79,1 млн. теңгеге цифрлы маммограф, 72,9 млн. теңгеге жылжымалы флюорографиялық құрылғы орнатылды. Бұл, әсіресе ауруларды ерте анықтап, уақытылы тексеру жүргізуде маңызды.
Аурухана директоры Байқадам Құрымбайдың айтуынша, ғимараттың жаңаруы ұжым үшін де, тұрғындар үшін де көптен күткен өзгеріс.
– Жөндеу кезінде уақытша білім беру саласының жатақханасында қызмет көрсеттік. Онда кейбір науқастарға қажетті емді толық жүргізе алмай, облыс орталығына жіберуге тура келді. Қазір жағдай мүлде басқа. Ота блогы, қажетті медициналық жабдықтар, оттегі қондырғылары, отадан кейінгі науқастарға арналған төсектер қойылды. Енді аудан тұрғындарына толыққанды көмек көрсете алатынымызға қуаныштымыз, – дейді аурухана директоры.
Мекеме басшысының айтуынша, соңғы жылдары кадрлық әлеуетті күшейтуге де көңіл бөлінген. Қазіргі таңда Ақсу ауданында 56 дәрігер және 310 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Жыл басынан бері ауданға тағы бес дәрігер жұмысқа қабылданған. Олардың қатарында хирург, отоларинголог, реабилитолог және екі жалпы тәжірибе дәрігері бар. Дегенмен кадр мәселесі толық шешілді деуге әлі ерте. Бүгінде ауданда травматолог, офтальмолог, рентгенолог және екі жалпы тәжірибе дәрігеріне қажеттілік бар. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Аурухананың жаңаруы дәрігерлердің ғана емес, ауыл тұрғындарының да көңілінен шықты. Балалар дәрігері Әсел Жолдасова ауыл медицинасына көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесін атап өтті.
– Мемлекет басшысының ауыл медицинасына көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғанына алғысымыз шексіз. Қазір бізде эндоскопиялық ота, реабилитация, трансфузия жасауға мүмкіндік бар. Бұл – тұрғындар үшін үлкен жеңілдік, – дейді дәрігер.
Жансүгір ауылының тұрғыны Айгүл Көккөзова да аурухананың қайта ашылғанына қуанышты.
– Бұған дейін ауырған сайын Талдықорғанға барып жүрдім. Жол азабын әбден тарттым. Енді өзіміздің дәрігерлерге қараламын. Олар бізді көп жылдан бері біледі, қандай ауруымыз барын жақсы түсінеді. Бәрі кішіпейіл, жағдайымызды сұрап, көңіл бөледі. Тамақтары да дәмді. Аурухананың қайта ашылғанына қуанып отырмыз, – дейді ол.
Жиында Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев та сөз сөйлеп, тұрғындарды жаңарған аурухананың пайдалануға берілуімен құттықтады.
Бүгінде Ақсу аудандық орталық ауруханасы – медициналық мүмкіндігі кеңейген маңызды әлеуметтік нысан. Заманауи құрал-жабдық, жаңартылған бөлімшелер, толықтырылған кадрлық құрам мен сейсмикалық тұрғыдан күшейтілген ғимарат тұрғындарға сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек көрсетуге жол ашады. Ең бастысы – ақсулықтар үшін аурухананың қайта ашылуы алыстағы облыс орталығына сабылмай, қажетті көмекті өз ауданынан алуға мүмкіндік берді. Ал халық үшін мұнан маңызды жаңалық жоқ
Гүлжан ТҰРСЫН





