17 қазанда «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі табиғат пен мәдениет тоғысқан ауқымды экологиялық-мәдени фестивальдің алаңына айналады. Шараның басты мақсаты – ұлттық парктің бірегей табиғи және тарихи-мәдени мұрасын таныту, экологиялық туризмді дамыту және табиғатты қорғаудың маңызын кеңінен насихаттау.
Фестивальдің басты ерекшелігі – келушілерге құландарды өздерінің табиғи мекендеу ортасында бақылауға бірегей мүмкіндік берілуі. Бір кездері саны күрт азайған бұл жануарлар бүгінде «Алтын-Емелдің» басты символына айналып отыр. Айта кетсек, 1982 жылы парк аумағында небәрі 32 құлан болса, 2026 жылы олардың саны 3 571 басқа жетіп отыр. Бұл – еліміздегі сирек кездесетін жануарлар популяциясын қалпына келтірудің және табиғатты қорғау жұмыстарының жарқын көрінісі.
Фестиваль бағдарламасы мен негізгі шаралар:
-
Тау жолындағы эко-жарыс (09:30): Шара таңғы сағат 09:30-да Шолақ тауларының бөктеріндегі 5 және 10 шақырымдық жүгіру жарысымен басталады. Қатысушылар тау ландшафтары аясында бәсекеге түсіп, белсенді демалыс пен экологиялық мәдениетті ұштастырады.
-
Ресми ашылуы (12:00): Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі мен мәдени бағдарламасы басталады.
-
Ұлттық өнер және жауынгерлік дәстүр: Сахнада «Қылыш айналдыру» және «Айбалта шоуы» көрсетіліп, көшпелілердің жауынгерлік өнері паш етіледі. Музыкалық бағдарламада Arkaiym тобы, қобызшы Ләйла Тәжібаева және шаңқобыз орындаушылары өнер көрсетеді.
-
Петроглифтерге экскурсия (13:30): Қонақтар Шолақ тауларындағы ежелгі жартас суреттеріне аттанады. Мыңдаған жыл бұрын қашалған аңшылық көріністері мен арбалар бейнесі Жетісу өңірінің көне тарихынан сыр шертеді.
Бір күнге жоспарланған мерекелік бағдарлама аясында келушілер төмендегі шараларға қатыса алады:
-
Петроглифтер мен көне түркі жазуына арналған шеберлік сабақтары;
-
Табиғат жағдайында өмір сүру дағдылары мен дәстүрлі қолөнер түрлері;
-
Ұлттық тағамдар жәрмеңкесі мен «Қолөнер жәрмеңкесі»;
-
Балаларға арналған танымдық ойындар мен квесттер.
«Алтын-Емел – құландар мекені» фестивалі – бір күндік мереке ғана емес, табиғатпен қайта байланыс орнатуға, ұлттық мәдениетті терең тануға және туған өлкеміздің тарихын сезінуге мүмкіндік беретін маңызды мәдени-танымдық алаң.
«Жетісу-Ақпарат»





