Жаздан бастап мемлекетіміздің саяси келбетін түбегейлі өзгерткен тарихи құжат – жаңа Ата Заңымыз ресми түрде күшіне енді. Бұл – жай ғана құқықтық актілерді жаңарту емес, ұлттың ертеңгі бағдарын айқындайтын қадам. Мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын танытып, өмір сүру қағидаттарын жаңа сатыға көтеретіндігі анық. Заң бар жерде тыныштық, әділдік бар. Жан-жақты сауатты адам өз құқығын өзгелер алдында қорғап, өз мүддесі үшін күресе алады.
Мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімге құрылған жаңа Конституция еліміздің саяси-құқықтық келбетін ғана емес, ішкі құндылықтарды жаңа сатыға көтерді. Қабылданған құжат екі бағытқа сүйенеді: біріншісі – баршаға ортақ құндылықтарды бекіту, екіншісі – әр азаматтың болашақ алдындағы міндетті жауапкершілігін қарау.
Заман қарыштап дамып, цифрлық технологиялар өмірімізді жаңа арнаға бұрған шақта, мемлекеттің құқықтық іргетасы да заман талабына сай жаңарып отыруы тиіс. Жаңа Ата Заңымызда ғылым мен инновация, сапалы білім, заманауи медицина және азаматтардың құқығын қорғау басты басымдық ретінде көрсетілген. Өткеннің озық тәжірибесінен қол үзбей, жаңа дәуірдің берер мүмкіндіктерін тиімді игере білу – бүгінгі күннің талабы. Технология мен жасанды интеллект дамыған заманда жеке деректерді қорғау, ақпараттық мәдениетті сақтау – қоғамдық тұрақтылықтың маңызды шарты.
Заң мен тәртіпті сақтау, білім мен ғылымды, жаңа технологияларды дамыту, тазалықты дәріптеу, табиғатты қорғау, волонтерлік қызметті қолдау конституциялық міндет ретінде айқындалды. Түбегейлі жаңа сипатқа ие болған Ата заңымыз Әділетті Қазақстанның мызғымас жарғысына айналды.
Жаңа Ата Заң – бұл тек құқықтық құжат қана емес, бұл – еліміздің ұзақ мерзімді даму философиясы. Ондағы әділеттілік, өзара құрмет және ортақ жауапкершілік қағидаттары әр азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналғанда ғана көздеген мақсатқа қол жеткізіп, қуатты әрі қауіпсіз Қазақстанның іргесі берік қаланбақ.
Заңның құндылығы қағаз бетіндегі әріптермен өлшенбейді, оның шынайы күші күнделікті өмірдегі адамдардың мәдениетімен, әр азаматтың жауапкершілігімен бағаланады.
Әділет Талғатов
«Жетісу» футзал клубының директоры





