Панфилов ауданында жылдағы маңызды халықаралық іскерлік шаралардың бірі – «Шығыс – Батыс: шекарасыз бизнес» атты III Еуразиялық қаржы-экономикалық форумы өтті. Еуропа мен Азияның стратегиялық мүдделері тоғысқан ауқымды іс-шараны Қазақстан Республикасы Банктер қауымдастығы, облыс әкімдігі, «Банк ЦентрКредит» АҚ және Еуразиялық ынтымақтастықтың Қаржы-бизнес қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырды.
Шараның шымылдығын түрген облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов қазақстандық және шетелдік қатысушыларға ілтипатын білдіріп, өңірдің стратегиялық басымдықтарына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды буын ретіндегі орасан зор транзиттік әлеуетін атап өтті. Президент өңірлік көлік байланыстарын нығайтуға, соның ішінде автомобиль және теміржол магистральдарын дамытуға да ерекше назар аударды. Облысымыз – Қытай Халық Республикасымен шекаралас аумақта бес кедендік өткізу бекеті орналасқан еліміздегі бірегей өңір. Оның ішінде екі теміржол өткізу бекеті – «Достық» пен «Алтынкөл», екі автомобиль өткізу бекеті – «Алакөл» мен «Нұр Жолы», сондай-ақ «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының бір туристік өткізу пункті бар. Бүгінде өңіріміздің негізгі экономикалық өсу нүктелері саналатын Достық пен Қорғас қарқынды дамып келеді. Инвестиция тартудағы басты ұстанымымыз – қажетті инфрақұрылымды алдын ала қалыптастыру, ал инвесторлар өз жобаларын іске асыруға дайын күйде келеді. Сондықтан біздің міндетіміз – бизнеске қажетті барлық жағдайды алдын ала жасау, – деді Әсет Серікұлы.
Кездесу барысында сарапшылар Қорғас торабының негізгі құрамдас бөліктері – «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы, «Алтынкөл» теміржол стансысы және «Нұр Жолы» автомобиль өткізу пунктінің жұмысына жан-жақты тоқталды.
«Нұр Жолы» өткізу пунктінде CarGoRuqsat электрондық кезегі енгізіліп, тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне көшірілді. Сонымен қатар ауыр жүк көліктеріне арналған құны 2,4 млрд. теңге болатын айналма жолдың құрылысы аяқталды. Осы шаралардың нәтижесінде инфрақұрылымға түсетін жүктеме 40-45 пайызға азайып, өткізу қабілеті тәулігіне 600-ден 800 көлікке дейін артты.
«Алтынкөл» теміржол торабында кең табанды алты жолдан тұратын жаңа экспорттық парктің құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 294 шақырымды құрайтын, құны 107,8 млрд. теңге болатын «Алтынкөл – Жетіген» стратегиялық теміржол учаскесін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жоба іске асқан кезде учаскенің өткізу қабілеті тәулігіне 18 жұп пойыздан 33 жұп пойызға дейін ұлғаяды. Ал KTZE Khorgos Gateway құрғақ портында қосымша теміржол жолдары жаңғыртылғаннан кейін терминалдың өткізу қуаты бір жарым есеге артып, жылына 540 мыңнан 800 мың контейнерге дейін жетті.
Көлік-логистика саласын жүйелі дамыту нәтижесінде өңірдің кедендік өткізу бекеттері арқылы өтетін жүк ағыны тұрақты өсіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жүк тасымалының көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 17 пайызға, ал 2023 жылмен салыстырғанда 42 пайызға артып, 17,8 млн. тоннаны құрады. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш тағы 12 пайызға өсіп, 9,3 млн. тоннаға жетті. Оның ішінде транзиттік жүктің үлесі 90 пайыздан асады.
Қазіргі уақытта жалпы құны 172,3 млрд. теңге болатын тағы 12 инвестициялық жоба белсенді түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар SANY, Polyking Newhorizon Technology Industry және Minmetals Logistics Group секілді ірі компаниялардың қатысуымен триллиондаған теңге инвестиция тартуды көздейтін келешегі зор мега жобалар әзірленіп жатыр.
Форум қорытындысын шығарған облыс әкімінің орынбасары өңірдің инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге әрдайым ашық екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ауқымды бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасауға дайын екенін жеткізді.
Еңлік КЕНЕБАЙ





