Еліміздің су саласын жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында шетелдік озық тәжірибелерді енгізу бағытында маңызды қадамдар жасалып жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов Германия Федералдық Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және өңірлік сәйкестік министрлігінің Парламенттік мемлекеттік хатшысы Мартина Энгльхардт-Копф бастаған делегациямен ресми кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар ауыл шаруашылығында суды тұтыну тиімділігін арттыру бағытында неміс кәсіпорындарымен және жетекші ғылыми ұйымдарымен тығыз серіктестік орнату жолдарын жан-жақты талқылады. Екі ел арасындағы тиімді қарым-қатынас су шаруашылығы инфрақұрылымын қайта құру, заманауи технологияларды тарту және отандық мамандардың біліктілігін жетілдіру жұмыстарына тың серпін береді.
Жиында ерекше назар аударылған маңызды жобалардың бірі – Қазақстан-Германия су хабын құру бастамасы. Аталған алаң технологиялар алмасуға, цифрлық шешімдерді енгізуге және бірлескен пилоттық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Қазіргі уақытта ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы мен German Water Partnership (GWP) ұйымы 300-ден астам компанияны біріктіретін хаб тұжырымдамасының жобасын өзара пысықтап жатыр. Неміс инвесторлары мен мамандарының қатысуы инфрақұрылымдық тапшылықты азайтып, еліміздің аграрлық сектордағы өндіріс көлемін 10-15 пайызға ұлғайтуға жағдай жасайды.
Кездесуде вице-министр Жандос Сәлімов:
«Біз Германиямен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бүгінгі диалог серіктестігімізді нығайту жолындағы маңызды қадам болып, су ресурстары саласындағы өзара тиімді бастамаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығында суды пайдалану тиімділігін арттыру міндетін қойды. Неміс технологиялары мен тәжірибесі осы міндетті іске асырудың маңызды құралы бола алады», – деп пікір білдірді.
Мемлекет басшысының қойған міндеттерін орындау аясында қолға алынып жатқан осындай ауқымды шаралар өңірлердегі экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған. Шетелдік озық тәжірибе мен заманауи цифрлық жүйелерді интеграциялау суды үнемді пайдалану мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, ауыл шаруашылығының инвестициялық тартымдылығын еселей түседі. Жауапты министрлік өкілдері халықаралық серіктестермен жасалған келісімдердің нақты өндірістік жобаларға ұласатынын атап өтті.





