Жеті ғасыр желкенінде дария-ғұмырдың небір толқынын көрген, аласапыран кезеңдердің ақжал тасқындарымен тайталасқан тағдыршешті таңба тұрғандай мәуелі бұтақтарының соңғы жапырақтарын қоңыр күздің желіне тонатып, алып ағаш тұр қасқая. Саясында сан буынның тілеуі жаратушысына жолданғандай еді. Осы бір алып ағашты құшақтап, тамырларынан шығып жатқан шара жасындай тамшыны таңдайға татып барып көкірек көзіндегі арзу-арманын Алласына жолдайтын елдің кие тұтқан жәдігері де уақыт дәргейіне иліккендей. Бес бұтақтың үшеуі сынып түсіпті. «Қайран, Әулиеағашым-ай» деп жеті адамның құлашы жетпес жеті ғасырлық шежіресі бар алып өскінге көз тастадық. Тарихтың там-тұм шындығы мен аңызынан шөл қандырдық.
50 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ӘКІМДІК
Аңыздың маңызы тәтті. Адам аңыз-дан күш алып, қашанда жүрек шөлін басып, рухани мейір қандырады. «Қайран, Әулиеағашым-ай» деген таңдайдағы сөзді үш бұтағынан айырылған киелі өскінге қарата айтқанымызбен, ауыл тіршілігі көңіл қуантарлық екенін көзбен көріп қайттық.
Баспасөзге жазылу науқанына орай жазиралы мекеннің батысындағы Әулиеғаш ауылдық округіне ат басын бұрған 106 ғасырлық тарихы бар «Jetіsý» газетінің журналистері алдымен Әулиеағаш ауылына керуен шөгерді. Ауылдың кіреберісінен күтіп алған округ әкімі Ермек Нұрахметов: «Қош келдіңіздер! Киелі мекеннің тыныс-тіршілігін жақсы білсеңіздер де көзбен көрейін деген екенсіздер, қуаныштымыз», – деп жылы жүзбен, қазаққа тән меймандостықпен қарсы алды.
Жалпы, 3163 тұрғын мекен еткен округтің тірлігі тиянақты. Әкімнің айтуынша, Әулиеағаш ауылының кіреберісіндегі Кеңес кезеңінде салынған қабырға мен ауыл атауы жазылған бағананың орнына алдағы жылы шағын саябақ орнатылмақ. Ауыл халқы жақсыларын күтетін, меймандарын қарсы алатын альея салынып, мың жылдыққа ұласар құдаларын да осында күтетін болады.
«Jetіsý» газетінің бас редакторы Жұматай Әміре бастаған ата басылым журналистеріне бірден атқарылар істің аужайын айтып, жоспарын түсіндірген Ермек Еркінұлы келесі кезекте өзі қызмет ететін әкімдік ғимаратына бастады.
– Бұл ғимарат 1975 жылы салынған. Әр кабинетті заманға сай жабдықтадық. 6 маманнан бөлек, техникалық қызметкерлеріміз бар. Еңбек етемін, ел үшін қызмет қыламын деген адамға ғимараттың ескілігі, соқпа тамнан салынғаны, бөлменің тарлығы кедергі емес деп ойлаймын. Осында отырып-ақ елмен етене болып, әрбір ауылды көркейтер жоспарларды талқылап, республикалық байқауларға да қатысып еңбек етіп келеміз, – дейді ауыл әкімі.
Шындығында салынғанына алдағы жылы жарты ғасыр толар ғимараттың іші жинақы болғанымен «өркениеттен өгейлік» көрген нысандардан тәуір деп айта алмас едік. Десе де іскер азаматтар мен әкім, тәубешіл халық тірлігі ескі әкімшілікке байланып қалған жоқ. Малын өргізіп, егінін орғызып тірлік емген елдің шүкірі тілдің ұшында. 8 көшенің 5-і асфальтталған. «Орталық көшеге жарық тартып, қалған 3 көшеге асфальт төсетсек нұр үстіне нұр болар еді», – дейді іскер әкім.
БАБАҢДЫ БІЛ, ЖАС ҰРПАҚ!
Рухани әңгіме айту, шынайы ашылып сөйлесу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып бара жатқан уақытта Ермек Еркінұлы ата басылым қаламгерлеріне әсерлі әңгіме ұшығын шығарды. Жеті ғасырлық тарихы бар киелі ағашы бар ауылдың жетінші әкімі болып сайланғанын, жетінші немересі дүниеге келгенін, ауылдықтар жеті мәрте республикалық байқауда бақ сынағанын тізбелей жөнелді. Көңілі дария ауыл басшысының кабинетінде емен-жарқын сөйлескен біздер: «жеті қат көк пен жердегі ұлттың марагері – ұрпақ» деп, ауыл мектебінде оқушылар мен ұстаздар, ата-аналармен жүздестік.
Рухани басқосудың тізгінін алған ауыл басшысы меймандарды салтанатты түрде таныстырып өтті. Бас редактор Жұматай Оспанұлы, ата басылымның ардагер журналисі Мырзағали Нұрсейіт, бөлім меңгерушісі Асыл Сұлтанғазы жастармен еркін тақырыпта сырласты.
Тарау-тарау тарихтан сыр шертіп, ықылымға ықыласы ауған данагөйлердің маржан сөзін жіпке тізген Жұматай Оспанұлы бұл дүниедегі сарқылмас қазына – білім-ғылым, иман мен шыңдалған ұждан екенін жеткізді. Тұмадай тұнық әлемнің кейіпкері саналатын оқушыларға «Барлық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген хакім Абай ғибратынан басталған іркес-тіркес толғам таратқан бас редактор, орайы келгенде оқушылардан кітаппен қаншалықты дос екенін сұрады. Жүздің арасынан суырылғандай Ерке Төлебекова есімді оқушы «Бейсен және Болмыс» кітабын 6 сағатқа жетер-жетпес уақытта түгескенін айтса, Аяла Ерғали бастаған жоғары сынып оқушылары қазақ ақындарының жырын көсілте мәнерледі.
Телефонға телміріп, тәрбиені әйгілі тұлғалар мен әулеттің үлкенінен емес, әлуеметтік желіден алатын жас ұрпақ болмауды баса айтқан Жұматай Оспанұлы бастаған кеш кейіпкерлері оқушылардың сауалына жауап беріп, еркін диалог орнатты.
Иә, 450-ге жуық оқушы білім алып жатқан мектептің жетістігі желпінтеді. Өткен жылы ауыл мектептері арасында өткен «Үздік ауыл мектебі» байқауында жүлделі 2-орын алған бұл шаңырақтан талай тарландар да түлеген. Қазақ әдебиетіне олжа салған Жүсіпбек Қорғасбектей бекзат болмысты жазушы шыққан ауылдың біршама оқушысы әдебиетке құштар, кітаппен дос болған балаусалар екен. Ақпарат дамыған заманда сондай оқушылар газет-журналға да көп зер салу керектігі толғамға тақырып болды.
ТАУ ҚОЙНАУЫНДАҒЫ ТУРИЗМ
Мәйекті сөз, мәнерлі мақаммен айтылған кеңес пен ағалық ақыл айшықталған жүздесуден кейін журналистер қауымын Әулиеағаш ауылдық округінің әкімі Е. Ермекұлы елді мекеннің тыныс-тіршілігімен таныс- тырды. Әуелі жетіғасырлық тарихы бар, бүгінде туризм орнына айналған Әулие ағашқа алып барды.
– Осыдан төрт жыл бұрын киелі ағаш басына тәу етіп келушілерге жағдай жасауды ойлап, сол жылы мемлекеттің бір тиын қаражатынсыз әулие өскіннің айналасын абаттандырдық. Бұған кәсіпкерлер мен ауыл халқы қаражат жинап, қолдау көрсетті, – дейді ауыл басшысы. Ағаштардың айналасына жиек тас, әжетхана орнатылып, көлік тұрағының орны жаңғыртылыпты. Бұдан кейін Көктал – Арасан және Жаркент – Арасан ауылдарын көріп, тау қойнауындағы туристік һәм шипажай тірлігімен таныстық.
Айта кетерлігі, округ құрамындағы Көктал – Арасан ауылында 259 адам мекен етсе, Жаркент-Арасанда 57 тұрғын тірлік кешуде. Жалпы алғанда Әулиеағаш ауылдық округі табиғатымен де, сұлулығына сай кеңжүректі халқының тиянақты тірлігімен де аудандағы жетекші елді мекен санатында.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





