Жаркент өңірінің Көктал ауылында туып-өскен Берік Оразбай туған ауылына, бүкіл өңіріне береке берген азамат. Өңір экономикасын дамытуға өз үлесін қосып жүрген ЖШҚ жетекшісі Берік Зейнелұлы ауылының мақтанышы. Әкесі Зейнел Оразбайұлы «Көктал» асыл тұқымды мал шаруашылығында электр қуатын реттеуші маман болып еңбек етті. Анасы Күпән қажы өмірге 8 бала әкелген ардақты жан еді.
қын өсті. Көкталдағы Абай атындағы қазақ орта мектебін тамамдағаннан кейін «Алматы спорт-туризм» академиясына оқуға қабылданып, оны 1999 жылы бапкер ұстаз мамандығы бойынша бітірген. Академияны аяқтаған соң Алматы қаласында қалып, жүк тасымалымен шұғылданатын көлік-логистика бизнесімен айналысты. Жас кәсіпкер он жылға жуық уақытта қолға алған ісін ұршықша иіріп, оң нәтижелерге қол жеткізді. Алайда оның негізгі ішкі мақсаты туған жеріне туын тігіп, ауылдастарына адал қызмет ету болатын. Сол арманын 2012 жылы жүзеге асырып, Көктал ауылында «Оразбай Б. З» жеке шаруа қожалығын құрып, қолындағы қаржысын жаңа кәсібіне жұмсап, асыл тұқымды етті бағыттағы мал өсірумен және егін шаруашылығымен шұғылданды.
Алматы қаласындағы бизнесін ауылшаруашылығымен қатар өрбіткен кәсіпкер, ауылдағы өндірісіне жыл сайын орта есеппен 300 миллионнан аса инвестиция бөлу арқылы шаруашылығын жылдам әрі жемісті қадаммен қарыштатты. Берік бұрын Алматыда табысты кәсіпкер атанғанда жақындары болмаса Жаркент өңірінің жалпы жұрты оны жақын тани бермейтін. Ауылына ат басын бұрып, қордалы қожалық жасақтағалы оның ісі мен атағы өскен өңірінде аспандады. Қожалығы Жаркент өңіріндегі бетке ұстар шаруашылық атанды. Екінің бірінің қолы жете бермейтін шетелдік әмбебап ауыл- шаруашылығы техникалары мен өндірісіне қолданған жаңа технологиялар жыл сайынғы табысын тасқындатты. Бүгінде «Оразбай Б.З» ЖШҚ басқаларға үлгі ретінде көрсетілетін іргелі шаруашылыққа айналды.
Жақында Панфилов ауданына арнайы келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев Көктал ауылындағы «Оразбаев Б. З.» ЖШҚ арнайы келіп, қожалықтың жүгері дәнін кептіру, сақтау зауытының жұмысымен танысты. Жалпы аумағы 6 гектар жерді алып жатқан өндірістік база аумағына орналасқан бұл зауыт 2022 жылы пайдалануға беріліпті. Жанында 20 мың тонна жүгері дәнін сақтайтын қоймасы бар зауыт қуаты тәулігіне 800 тонна дән кептіре алады. Бұл кәсіпорында өңірдегі жүгері өсіретін басқа қожалықтар да «дала аруының» дәнін кептіруде. Болашақта өндірістік база жанынан қуатты қоспа жем зауытын салып, дақыл дәнін өткізетін орын тапшылығын тартып жүрген жүгерішілердің жағдайын жасауды да ойластырған.
Өндірісін жан-жақты дамытып, ауылдастарына береке беріп отырған шаруашылық жұмысына облыс басшысы оң бағасын беріп, Беріктің қарымды қарекетін қолдады. Берік Оразбаев жыл сайын мың гектардан аса жерге жүгері, көпжылдық шөп, басқа да дақылдар өсіреді. Астығын өз меншігіндегі жүгері дәнін алқаптан бірден уатып алатын 5 комбайн, 12 доңғалақты трактор тіркемесі және меншігіндегі 4 жүк көлігімен жинап алады.
– Осыдан 2 жыл бұрын жүгері дақылының дәнін кептіріп, сақтайтын зауытты іске қосқанбыз, – дейді зауыт директоры Серік Сауранбаев.
Зауыт қуаттылығы сағатына 50 тоннадан аса дақыл дәнін кептіріп, өңдей алады. Кептіру құрылғылары табиғи газбен жылиды. Жұмыс жүйесін арнайы оқып, маманданған операторлар Ерлан Оразбаев пен Олег Деркач атқарады. Қожалықта науқандық жұмыс кезінде 80-нен аса адам еңбек етеді. Еңбеккерлердің орташа жалақысы маусымда 200 мың теңгеден асады. Қожалық қазір қарауындағы 1500 бас асыл тұқымды ет бағытындағы Санта-гертруда сиырын, 1500 Мұғалжар асыл тұқымды жылқысын, 1000 қазақы биязы жүнді, 700 Еділбай асыл тұқымды қойларын Іле өзені жағалауындағы қожалыққа қарасты 5 мал қорасында жайлы қыстатуда. Бұдан басқа 70-ке жуық асыл тұқымды қазақы және Еділбай қошқарлары бар. Түліктерінің қыстауы мен төлдейтін маусымына молынан жеткілікті жем-шөп қоры жасалған. Сарпылдақ учаскесіне орналасқан мал бордақылау кешенінде мың бастан аса ірі қара мен жылқы бордақыға қойылған.
Қожалық егін өсірудің жаңа технологиясын қолға алып, өткен жылдан бастап 208 гектар жердегі жүгерісін тамшылатып суару әдісіне көшірген. Шаруа қожалығының меншігінде жалпы 5 мың гектар жер бар, соның 1100 гектары суармалы егіс алқаптары. Биыл 500 гектардан аса жерге жүгерінің әр түрлі сұрпын егіп, өсірді. 100 гектардан аса жерге жоңышқа, мал азығына қажет басқа да дақылдар егілген. Қожалықтағы егін шаруашылығы саласын Беріктің інісі Ерлік Зейнелұлы басқарады. Біз қожалыққа барған сәтте жалпы 500 гектар жерге өсірілген жүгерінің 450 гектарға жуық алқабының дәні жиналып, зауытқа әкелініп, одан 5000 тоннадан аса дән кептіріліп, қоймаға сақтауға қойылыпты. Науқандық жұмыстардың нәтижелі атқарылуына комбайыншылар Манап Ыбрайымжанов, Бақтияр Заманбеков, «КамАз» жүк көлігін жүргізушілер Сұлтанбек Исаев, Дәурен Камалиев, басқа да азаматтар уақытпен санаспай еңбек етіп жүр.
«Оразбай Б.З» ЖШҚ Көктал кентінде өндірістік базасында сағатына 50 тонна дақыл дәнін кептіріп, өңдейтін Қостанайда жиналған отандық зауыт, машина-трактор тұрағы мен шеберханасы, бір мезетте 80 тонна салмақ тарта алатын таразысы, дән сақтайтын және жемшөп қоймасы, дақыл дәнінің сапасы мен ылғалдылығын анықтайтын сарапханасы, жұмысшылар асханасы, қонақ бөлмесі екіқабатты кеңсе үйіне орналасқан. Соңғы 5 жылдан бері «Оразбай. Б. З.» ЖШҚ жыл сайын өңірдегі аз қамтылған екі отбасына тұрғын үй сатып алып беріп жүр. Берік осыдан оншақты жыл бұрын ауылдастарына мешіт салып берген. Өз жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар азық-түлікке, басқа да жағдайларға мұқтаж ауылдастарына көмек қолын созудан қалыс қалған емес.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





