Талдықорған қаласына отандық өндірістен шыққан 19 заманауи электробус жеткізілді. Жақын күндері жаңа қоғамдық көліктер қала бағыттарына шығып, жолаушылар тасымалына кіріседі.
Жаңа автобустардың таныстырылымына автопарк қызметкерлері, көлік саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Шара барысында қала әкімі Ернат Бәзіл қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстарына тоқталып, бұл бағыттағы шаралар облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асып жатқанын атап өтті.
«Мұның барлығы Мемлекет басшысының жаңа бағдарламалары мен облыс әкімінің қолдауының арқасында жүзеге асырылып жатыр. Облыс әкімі қоғамдық көлік мәселесіне ерекше көңіл бөліп, халыққа қолайлы жағдай жасау үшін автобустарды жаңарту жөнінде тапсырма берді. Екі жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесінде осындай заманауи автобустар қолданысқа енгізілуде. Барлығы халықтың игілігі үшін жасалып жатыр», – деді Ернат Бәзіл.
Жаңа электробустардың барлығы Қазақстандағы Falcon Murat Adilkhan зауытында өндірілген. Олардың 12-сі №13, қалған 7-еуі №5 бағытта қатынайды. Әр автобустың сыйымдылығы – 70 жолаушы, оның 30-ы отыратын орынмен қамтылған.
Көліктер кондиционермен, электронды ақпараттық таблолармен және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Төмен еденді құрылымы жолаушылардың автобусқа мінуі мен түсуін жеңілдетеді. Сонымен қатар электр қуатымен жүретіндіктен, қозғалыс кезінде атмосфераға зиянды шығарындылар бөлмейді.
Жаңа автобустардың ерекшеліктері туралы «АҚ-НАР» А ЖШС директоры Болат Тлеубаев та айтып өтті. Оның сөзінше, көліктерге бес бейнебақылау камерасы орнатылған.
«Қала және облыс әкімдіктерінің қолдауымен қаламызға экологиялық таза автобустар әкеліп жатырмыз. Бұл халық үшін де, қаламыз үшін де өте пайдалы. Автобустар Қазақстанда өндірілген, ішінде бес камера орнатылған. Алдағы уақытта осындай экологиялық таза көліктер көбейсе, жолаушыларға да қолайлы болары сөзсіз. Халқымызға ұнайды деп ойлаймыз», – деді Болат Тлеубаев.
Ал «Жан-Ел» ЖШС директоры Ғабит Қапасов жаңа автобустардың дүйсенбіден бастап бағыттарға шығатынын жеткізді. Сондай-ақ ол автопарктегі жүргізушілер саны мен техникалық қауіпсіздік талаптарына тоқталды.
«Дүйсенбіден бастап барлық автобус желіге шығады. Бұл көліктердің басты ерекшелігі – экологиялық тазалығында. Сонымен қатар жолаушылардың автобусқа мінуі мен түсуіне қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі уақытта қала бойынша 10 бағытқа күн сайын таңертең 84 автобус жолға шығады. Бүгінде автопаркке 20-30 жүргізуші жетіспейді. Жүргізушілердің барлығы медициналық тексеруден өтеді. Автобус желіге шығар алдында да арнайы тексеру жүргізіледі», – деді Ғабит Қапасов.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасына сәйкес, алдағы 2-3 жылда Талдықорған қаласының автобус паркін толық жаңарту жоспарланған. Қазіргі уақытта қалада 27 бағыт бойынша 200-ден астам автобус қатынайды.
Аяулым Шынгаева






