САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
2026-2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясынан Көксу аудандық мәслихаты депутаттығына № 2 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат Абдрахманов Мақсат Мұхамедкәрімұлы.
Құрметті сайлаушылар!
Менің еңбек жолым ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларымен байланысты. Жинақтаған тәжірибемді ауыл шаруашылығын дамытуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және туған өлкемнің өркендеуіне үлес қосуға арнап келемін. Мен, Абдрахманов Мақсат Мұхамедкәрімұлы 1984 жылы 11 шілдеде қазіргі Жетісу облысы, Көксу ауданының Мұқыры ауылында дүниеге келдім. 2008 жылы М. Тынышпаев атындағы академияны экономист мамандығы бойынша тәмамдадым.2013 жылдан бері Мұқыры ауылындағы «Жалайыр» шаруа қожалығын басқарып келемін. Ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибем жергілікті тұрғындардың мәселелерін терең түсінуге, олардың шешілуіне ықпал етуге және ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
Мен үшін басты мақсат – жинақтаған білімім мен тәжірибемді ел игілігіне жұмсап, ауыл шаруашылығын дамытуға, тұрғындардың мүддесін қорғауға және ауылдың өзекті мәселелерінің шешілуіне ықпал ету. Халықпен тығыз байланыс орнатып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, туған өлкемнің өркендеуіне үлес қосуды өзімнің басты міндетім деп санаймын.
Құрметпен, Мақсат Абдрахманов
2026-2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
1. ЖОЛ ЖӘНЕ КӨЛІК
Мұқыры және Теректі ауылдарындағы Құлболдинов, Әуезов, Абай, Жандосов және басқа да көшелердің жол сапасын бақылауға, сондай-ақ жөнделмеген көшелерді орташа жөндеу жоспарына енгізуге ықпал етемін.
2. СУ, ЭЛЕКТР ҚУАТЫ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Алдабергенов, Жамбыл, Әбілтаев, Мақатаев, Алимамедов, Е. Исамберлинов және Қойшыбеков көшелеріндегі көше жарықтарының тұрақты жұмыс істеуін бақылауда ұстап, ауылдардың суармалы жерлермен қамтылуына және су үнемдеу технологияларын енгізуге ықпал етемін.
Келісім мен ашықтық – ауыл тірегі!
3. ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕЛЕР ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫ
2026-2029 жылдары Мұқыры және Теректі ауылдарында микрокредиттеу мен лизинг жобаларының санын 3-тен 7-ге дейін арттыруға және «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы жеңілдетілген несиелердің тұрғындарға қолжетімділігін арттыруға ықпал етемін.
4. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ
Мұқыры ауылында бау-бақша шаруашылықтарының санын 2-тен 4-ге дейін арттыруға, «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолдау алған құс шаруашылығы мен 1 гүл жылыжайын одан әрі дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, егін алқаптарын тиімді пайдалану мен өнімділікті арттыруға ықпал етемін.
5. АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ МЕН ТАБЫС
Ауылдарда шағын бизнесті дамытуға, жастарды жұмыспен қамту мен кәсіби оқытуға ықпал ету жолдарын іздестіремін. «Жастар практикасы» бағдарламасының тиімді жүзеге асырылуын бақылап, 2029 жылғы инвестициялық жобаның іске асуына және жаңа жұмыс орындарына жергілікті тұрғындардың орналасуына атсалысамын.
6. ҚОЛЖЕТІМДІ ЖӘНЕ САПАЛЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
Алдабергенов көшесі №30 мекен-жайында орналасқан дәрігерлік амбулаторияны заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге, білікті медицина мамандарын тартуға және газ жүйесіне толық қосылуына ықпал етемін.
7.БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР МЕН ЖАҒДАЙЛАР
2026-2029 жылдары Қ. Жапсарбаев, Р. Тоқымбекұлы және Т. Исабаев атындағы орта мектептердің STEM-кабинеттерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, оқушылардың ғылыми-техникалық қабілеттерін дамытуға және сапалы білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етемін.
8. ОТБАСЫЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ
Әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен көпбалалы отбасыларға жылына кемінде 1 рет материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетілуіне, қажетті көмектің қолжетімділігін арттыруға атсалысамын.
9. ЖОҒАРЫ САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ
2026-2030 жылдар аралығында Нұрманбетов көшесі №23 Қ. Жапсарбаев, Құлболдинов көшесі №17 Т. Исабаев мекен-жайларындағы мектептердің жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстарына ықпал етемін.
10. ТАЗА ӘРІ ЖАҚСЫ КҮТІЛГЕН АУЫЛ
Тоқсанына кемінде 2 рет ауылдың белсенді жастарын «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарына тартып, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға ықпал етемін.
Халық сенімі – сөз емес, жауапкершілік!
Бала болашағы – басты басымдық!
Әр шешім – ауылдың игілігі үшін!
ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Мұқыры ауылдық округінің болашағы – оның тұрғындарының бірлігіне, адал еңбегіне және туған жерінің дамуына деген жанашырлығына байланысты. Ауылдың өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы және әрбір отбасының жарқын болашағы – басты назарда болуы тиіс маңызды міндеттер.
Біздің мақсатымыз – ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беру, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және елді мекендердің инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту. Ауыл жолдарының жағдайын жақсарту, көшелерді жарықтандыру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының қолжетімділігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау – алдағы жұмыстың негізгі бағыттары.
Мен үшін ең маңыздысы – халықтың сенімін ақтау, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, көтерілген мәселелердің шешілуіне нақты ықпал ету. Әрбір бастама ел игілігіне бағытталып, әрбір атқарылған жұмыс ауыл тұрғындарының күнделікті өмірінен көрініс табуы қажет.
МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ
Ашықтық пен өзара сенім. Халықпен тығыз байланыс орнату, тұрғындардың пікірін ескеру және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруды басты қағидаттарым деп санаймын.
Әрбір тұрғынның ұсынысы мен өтінішіне назар аударып, көтерілген мәселелерді зерделеуге және олардың оң шешімін табуына ықпал етуге әрдайым дайынмын.
Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!
Тапсырыс беруші: Абдрахманов Мақсат Мұхамедкәрімұлы
Қаражат республикалық бюджет есебінен төленді







