Адам өзінің құқығы бұзылған жағдайда сотқа дер кезінде жүгіне бермейді. Кейде бәрі реттелініп қалар деп жайбарақаттықа салынады немесе заң қудалап жүгіруге салғырттық танытады.
Осылайша араға біраз уақыт салып сотқа шағымданып жатады. Бірақ бұл кезде талап мерзімі өтіп кетуі мүмкін. Ал талап мерзімі дегеніміз не? Әркімнің өз құқығын қорғау мүмкіндігі уақытпен шектеулі. Уақытты өткізіп алса, сот барысында өз ісінің дұрыстығын дәлелдеу қиынға соғады. Мысалы, куәгерлер болған оқиғаны ұмытып қалуы немесе құжаттардың жоғалуы мүмкін. Сондықтан талап мерзімінің заңмен анықталған өз ережелері бар. Бұл адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденің бұзылуынан туындайтын талаптың қанағаттандырылуы мүмкін болатын уақыт кезеңі. Ол туралы ҚР Азаматтық кодексінің 177 бабында айтылған. Талап қою мерзімдері және оларды есептеу тәртібі заңмен белгіленеді және оларды тараптардың келісуімен немесе әлдекімдердің еркімен өзгертуге болмайды.
Талап мерзімінің жалпы уақыты үш жыл. Жекелеген талап түрлері үшін арнайы талап мерзімі тағайындалуы мүмкін. Тоқтала кетсек, үш айлық талап мерзімі ЖШС қатысушыларының үлесті басымдықпен сатып алу кезінде бұзылған құқықтарын қорғау үшін тағайындалады. Бұл туралы ҚР АК 216 бабының 3 тармағында көрсетілген. Ал бір жылдық мерзім алдау-арбау, қорқытумен болған келісім шартты, сол сияқты бір тараптың басқа тараппен қаскөйлік ниетпен жасаған әділетсіз келісім шарттарды жарамсыз деп табу үшін қолданылады (ҚР АК 162 бабы). Сонымен қатар 1 жылдық мерзім тағы да ерлі-зайыптылардың бірінің нотариалды келісімі болмаған кезде жылжымайтын мүлікке иелік бойынша келісім шартты жарамсыз деп тануға қолданылады. Жүк тасымалы және пошталық жөнелтім келісім шарттарына да бір жылдық мерзім тағайындалады. Алты айлық мерзім жолаушы және жүк, жүк салғыш тасымалы келісім шарттары бойынша беріледі. Ал 5 жылдық мерзім салық төлеу міндеттері бойынша салық кезеңінің мерзімі өтіп кеткен кезде тағайындалады.
Егер сіздің құқығыңыз немесе заңмен қорғалатын мүдделеріңіз бұзылған кезде міндетті түрде заңгерлермен кеңесіп, қандай уақыт аралығында талап етуге мүмкіндіктеріңіз барын анықтап алған дұрыс. Азаматтың өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап талап мерзімінің уақыты өте бастайды. Егер міндеттің қандай да бір нақты атқару мерзімі болса, онда сол мерзім аяқталғаннан кейін ғана талап мерзімінің өту уақыты басталады. Талап мерзімінің өтіп кетуіне қарамастан бұзылған құқықты қорғау туралы талапты сот өз қарауына алады. Бірақ егерде сот отырысында келесі тарап талап қою мерзімінің өтіп кеткені туралы арызданса, онда соттың талаптан бас тарту туралы шешім шығаруы мүмкін. Негізгі талаптар бойынша талап мерзімінің өтуімен қосымша талаптардың да мерзімі өтіп кетеді, мысалы, шығынды өндіру туралы, т.б. Сондықтан өз құқығыңзды қорғау үшін сотқа жүгінуді кейінге созуға болмайды. Жоғарыда айтақымыздай қандай да бір себептермен талап мерзімі уақытының өтіп кеткені жайында арыз түспесе, онда сот талап арызды қарайды , тіпті қанағаттандыруы да мүмкін. Ал жауапкер немесе борышкер талапты орындау барысында талап мерзімінің өтіп кеткені жайында білмей қалған жағдайда да, орындалған талапты кері талап етуге құқы жоқ. Дегенмен, заң кейбір жағдайларда талап мерзімін тоқтатуды, үзуді және қайта қалпына келтіруді қарастырады. Егер азаматтың талап арыз беруіне төтенше жағдайлар кедергі келтірсе, ҚР Президенті мораторий жариялаған болса, егер талапкер немесе жауапкер әскери жағдайға ауыстырылған әскери бөлімшелер құрамында болса, іс-әрекетке қабілетсіз тұлғаның заңды өкілі болмаған жағдайда талап мерзімінің уақыты тоқтатылады. Бұл жағдайлар міндетті түрде талап мерзімінің соңғы алты айында орын алуы керек. Аталмыш жағдайлар тоқтатыла салысымен, талап мерзімінің уақыты ары қарай жалғаса береді де, қалған уақыт алты айға ұзартылады. Ал егер азамат борышкерге бекітілген тәртіппен талап арыз түсіргенде және егер борышкер өзінің қарызын немесе басқа да міндеттерін мойындау туралы іс-әрекет жасағанда талап мерзімінің уақыты үзіледі.
Үзілістен кейін талап мерзімінің уақыты жаңадан басталады да, үзіліске дейінгі уақыт жаңа мерзімге есептелмейді. Кейбір ерекше жағдайларда талап мерзімінің өтіп кетуінің талапкерге қатысты дәлелді себептері болса, өткізілген уақыт қайта қалпына келтірілуі мүмкін.
Сонымен қатар талап мерзімі таралмайтын бірқатар талап түрлері де бар. Олар:
мүліктік емес игіліктер және жеке мүліктік емес құқықтарды қорғау талаптары (моральдық шығынды өтеу туралы, ар-абырой және іскерлік абырой-беделді қорғау);
салымдарын беру туралы салымшылардың банкке талаптары, азаматтың өмірі мен дансаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы және басқа да заңмен қаралған жағдайлар жатады.
Сондықтан азаматтық құқықтарды жүзеге асыру уақытпен тығыз байланысты екенін ұмытпаған дұрыс.
Бейбіт ТҰРЫСОВ,
Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының судьясы.
Фото: gov.kz





