Қаратал ауданы Кәлпе ауылының тұрғыны, зейнеткер Орынбек Сағымбаев туған ауылын көгалдандырып, жасыл желекпен көмкеруде.
Ол 2 гектар жерге ағаш көшеттерін отырғызып, жайқалта өсіруде. Бұл оның жеке бастамасы. Ал ағаш көшеттерін өз қаражатына сатып алған. Қазір емен ағаштары мен тал-теректер көз жауын алып, алыстан менмұндалап тұр. Үш жыл ішінде бой көтерген мыңдаған ағаш елді мекеннің кіре берісін көріктендіріп тұр. Ағаштардың күтіміне көбіне ауыл тұрғындары көмектеседі.
Зейнеткердің айтуынша, ол туған ауылына осындай көркемдік сыйлағаны үшін қуанышты. Ойынша, әр адам, әр азамат өз туған жеріне, ауылына жақсылық жасап, ұрпақтарына ізгілікті із қалдыру керек. Бастапқыда ол жазық жерді өңдеп, ретке келтірген. Содан соң тұғындармен бірге су арнасын қазып, ағаш көшеттерін отырғызған. Ауыл тұрғыны ағаштарға қоғамдық негізде күтім жасайды.
– Жұмыс оңай емес, ауыл климаты құрғақ. Сол себепті екпелерді жиі суаруға тура келеді. Бақша мен ауылдық аллеяны суару үшін арнайы қондырғы қолданылады. Бұл су шығынын азайтуға және оның биік жерлерге еркін ағып, жетуіне мүмкіндік береді, – дейді Орынбек Сағымбаев.
Бүгінде зейнеткердің жерлестері тал-теректің барынша өсіп, жетілуіне еш алаңдамайды. Өйткені, олар сенімді қолда. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңаділ Бейсембаев Орынбек ағаштарды өзі суаратынын, бұл үшін оған тұрғындардың дән риза екенін сөз етті. Ағаштарды арам шөптерден тазалау үшін еңбек биржасында тіркелген азаматтар келеді. Ауылдықтар сондай-ақ, осындай әдемілікті сақтауға барынша атсалысуда.
Мұндай игілікті істе жұбайы Ғалия Әуелбекова әрдайым қасынан табылады және әрқашан да солай. Ғалия осы өмірде әр адам соңына жақсы іс қалдыруға тырысу қажеттігін және қоршаған ортаны таза ұстап, гүлдендірудің маңызды екенін тілге тиек етті.
Ендігі кезекте жергілікті билік аллея ауылдың көрікті жерлерінің біріне айналуы үшін оны абаттандыруға шешім қабылдап, орындықтар мен архитектуралық шағын мүсіндер орнатып, тіпті су жүргізуді қолға алмақ.
Айгүл Байжұмақызы
Қаратал ауданы
Фото: ekaraganda.kz





