Жанымның толқынындай тербетілген,
Сен менің тәтті үмітім,
шербетім бе ең?
Жалығып жүрген кезде жер бетінен,
Айдың нұры алаулап келбетіңнен;
келген ең…
Көз қарыққан,
жан ысынған,
ақылымнан таңғанмын, шабысымнан.
Кұмай көктен құлдилап жеткен сәулем,
Патшадай пұшайманмын тағы сынған.
Елемей дос қадірін,
жат шабұлын,
Күйреген көкіремде патшалығым.
Қаңсыған қорғандардың тасын құшып
Отырған ауышы едім ақ-сарының.
Сен келдің,
Дүр оянды самсап үміт,
Ақыл да қайта оралды сарсаң ұрып,
Қалыпты аңсауды да Ар сағынып,
Жасандым пейіштегі Жанша күліп.
***
Қайдасың сағынышым жаны мақпал?!
Өртендім,
өн бойымнан жалын ап қал.
Көңілдің күрең бағын жел кемірсе,
Жапырағын жоқтайды жамырап тал.
Бозарған боз дүниенің көзі аларып,
Боз жусан билей-билей тозады арып.
Қазанның азан-қазан аспанында
Бүйірсоғып маңғиды бозала бұлт.
Күз ғой бұл,
күрсінемін у сіміріп,
Қос қолым шарасыздан қусырылып
күп-күрең сағынышым,
сені іздеймін,
кеудемді беймәлім бір тылсым ұрып…
***
Үлпілдек құстың мамығындай ең,
мамықта қатқыл жүректен.
Сәбидің мөлдір шалығындай ең,
жымиған сайын дір еткем.
Ғазиз басыңа арай сіңіріп,
келгенсің қайдан жарқырап?
Тағдырдың уын талай сіміріп,
тепсініп жүрдім, арқырап.
Шағыр көз шаққан үттей-ақ жаның,
мұнар кеудеме жол салды.
Сүйкеніп едім сүттей ақ жаның,
ағартты кіршең аңсарды.
Нәп-нәзік үнге бөле де мені,
жетеле мінсіз сол шаққа ақ.
Күртік қар сынды керегедегі
Ерісін мұңым моншақтап;
рахаттанайын, бақыт табайын,
Балауса ерін өле өбіп.
Ағартқым келді уақыт самайын,
Мамыққа малтып, бөленіп…
Үлпілдек құстың мамығындай ең,
Мамықта қатқыл жүректен.
Сабидің мөлдір шалығындай ең,
Жымисаң ғой деп жыр еткем.
***
Телегей теңіз толқыны жауып,
Тәнімді тұтас жасырса.
Күмістен таққан шолпысы жарық,
Мойныма ғашық асылса.
Түпсізге терең шым бата берсек,
Тебірене құшып, толықсып.
Жағаға барқыт күн бата келсек,
Жан шарпылысынан талықсып.
Желегі манат құрақта жатып,
Қоңырқай сырды қотарсақ.
Тағанын кеше сұлатқан уақыт,
Ой ошағына от алсақ.
Әттең-ай, қиял қияндап кетті,
Мен тұрмын жалқы жағада.
Жанымды нендей күй арбап кетті,
бақыт та тұтам ғана ма?
Арманның уын сезіп ем, жұтып,
Көңілдің көлін мұз алды.
«Жалғыздығымды» көзіме шұқып,
көлеңкем кеште ұзарды.
***
Сен – шам нұры,
мен – көбелек,
Күйер болдым
о, не керек?
Пәруанамын ырқы кеткен,
Ықырармын –
о, керемет.
Ділбарымсың түн ұрлаған,
Сенсіз қараң жұмыр ғалам.
Нұр аңсаған көкірегімдей,
Іле сұлу сыбырлаған.
Ол Балқашын сүйіп, құлап,
Мен өзің деп күйіп, жылап,
толқын атып тебіренеміз
Мендік аңсар биік бірақ.
Махаббатым, мәхбүбімсің,
Жан балқытқан нақ күнімсің.
Өбе алмасам от ерінді,
Жұмыр жүрек қақ тілінсін.
***
Тулаған жүрек-жетіген,
саз құсады мұңсіңді.
Қайырылмай самғап кетіп ең,
Қансырап батқан күн сынды.
Бара ғой, бар-бар, ақ құсым –
періште қанат, пейіл кең.
Беймезгіл келген бақпысың,
бақпысың будай сейілген?..
Жырыма азық – өткен күн,
Жүректің жерік шанағы.
Сазына басып көктемнің,
Симфония туып барады.
Сағыныш – ақын сорабы,
Соңымда қалсын жыр ізім.
Самғадың сезім қонағы,
Бағымды ұрлап бір үзім.
Бара ғой, бар-бар, ақ құсым,
қанатың талмай қалықта.
Қос көктем жүрдің, жатбысың?
Өмір ғой, өмір,
Жабықпа!..
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: dzen.ru





