Ел тарихының тарауына тағы бір тың туынды қосылды. Алыптың бұтағы, жақсының ұрпағы саналған әкелі-балалы Жәлменде мен Пышан бабалардың өмірі мен шығармашылығы, өрлігі мен ерлігі жайлы баяндалған, тарихи деректермен көмкерілген «Жетісудың жампоздары әкелі балалы Жәлменде мен Пышан» кітабының тұсаукесері өтті. Дөңгелек үстел форматында өрнек тапқан рухани шара барысында ұлты тұлғалардың ғибратқа толы ғұмырбаяны, тар жол, тайғақ кешу кезеңдегі ізгілік ізі айшықталды.
Тектінің тұяғы Пышан Жәлмендеұлының туғанына 140 толуына орай ұйымдастырылған рухани шара Тіл сарайында өтті. «Құрмет» орденінің иегері, «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы жүргізген дөңгелек үстелге өңірдегі зиялы қауым өкілдері, еліміздің бірқатар қаласынан келген ғалым, тарихшылармен қатар Пышан ақынның ұрпақтары қатысты.
Баба тарихын жазып, архив құжаттарымен танымдық туындыны көркемдеп жеткізген Үміткен Бүркітбаева мен Жандарбек Қарабасовтың «Жетісудың жампоздары әкелі балалы Жәлменде мен Пышан» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған тың туындының лентасын Наурыз Қылышбаев, Әміре Әрін, Пышан ақынның үлкен келіні Қыздархан Қадырханқызы кесіп, оқырманға ұсынды.
Дөңгелек үстелде алғашқы болып Алматы облысының құрметті азаматы, шежіреші Наурыз Қылышбаев сөз алды. Ол тауанды тарих тарауында елім деген ерлердің селебе жүзінде жүргендей күн кешіп, текті жұрты үшін жанқиярлық ерлікке барғанын, сол санатта Пышан Жәлмендеұлының бар екенін шымыр-шымыр толғаммен термеледі. Өз кезегінде сөз алған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, айбоз ақын Әміре Әрін, көрнекті ақын-жазушы Әли Ысқабай бастаған зиялы қауым өкілдері Жәлменде мен Пышан ақынның ғибратты жолына ой жүгіртіп, сырлы де нәрлі, қасиетті де қасіретті өмір өткелегінен мысал келтірді. Ел айбары болған асыл бабаларға Талдықорған қаласынан көше берілу керектігін айтысты.
«…Кезінде Пышан ақпатшаның да, Советтің де бұйрығын орындауға міндетті байлаулы болысы болса да ол ақтар мен қызылдардың елді шапқанын көріп, өкімет саясатына қарсы шыққан. Пышан болыс – жай шайқастардың құрбаны емес, саяси қоғамның құрбаны», – деп кітап алғысөзін жазған әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы және ғылымдар академиясының академигі Талдыбек Нұрпейісов айшықтағандай, шын мәнінде Пышан Жәлмендеұлы қазақ, қарапайым халық үшін атқа қонған ардақтымыз еді. Ол саяси қоғамның құрбаны болып жазықсыз оққа ұшты. Десе де өмір өз ақиқатын айшықтады. Жазықсыз кеткен асылдың тұяғы ғасыр аумай жатып ақталды. Рухын ұрпақтары, арда жұрты шат қылып, әрбір онжылдықта мерейтойын айрықша атап өтетін күнге жетті.
Расында бабаның мерейтойын жетісулықтар үнемі тойлап келеді. 140 жылдық торқалы тойына орай өрнек тапқан рухани шара соның айғағы десек, осынау қуанышқа орай оқырманға жол тартқан кітаптың авторы Жандарбек Қарабасов сөз алып, туындының жазылу тарихына тоқталды. Пышан Жәлмендеұлының болмысы мен рухани өмірінен сыр шертті.
Жетісудың жезтаңдайы Бақберген Асқарбеков Пышан ақынның әнін әуелетсе, өз кезегіне Пышан Жәлмендеұлының ұрпағы Қайрат Жақиянов ақын, сазгер, әнші һәм батыр болған бабаның немере, шөбере, шөпшек, неменелеріне дейін атап тұрып таныстырды. Рухани шараның түйінін М. Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі Еркін Стамшалов ғалыми баяндамамен түйіндеді.
Айта кетерлігі, М. Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткен «Ұлтының ұлы перзенті» атты дөңгелек үстел соңында Пышан Жәлмендеұлының ұрпақтары кітап авторларының иығына шапан мен дестелі орамал жауып, алғаусыз алғыстарын жеткізді.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





