Күз ауа қылышын сүйретіп қыс та келеді. Бір сөзбен айтқанда жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүреді. Осыған орай облыстық ТЖД тамыз айының ортасынан бастап «Өрт қауіпсіздігі айлығын» өткізуде. Мақсаты – мүгедектер, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Өткен жылыту маусымында 137 өрт оқиғасы тіркелген. Төтенше жағдайдың орын алуының негізгі себептері – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу. «Көбіне тұрғындар тұрмыстық өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып, мұржаларды, түтін құбырларын күйеден тазартудың қарапайым ережелерін елемей жатады» дейді мамандар. Жылыту аспаптары мен түтін мұржаларының беттері шаңнан және басқа да жанғыш қалдықтардан жүйелі түрде тазалануы тиіс. Мұржаны уақытылы тазаламау салдарынан түсі де, иісі де жоқ көміртегі тотығы улануға әкеліп соғады.
Жылыту маусымы кезінде өрттің алдын алу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үй-үйді аралап, тұрғындарға қаіпсіздік ережесін түсіндіріп жүр. Шараға азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, полиция мен волонтерлер қатысуда.
Аралау барысында төтенше жағдай қызметкерлері халыққа өрт қауіпсіздігі бойынша ескертпелер мен тұрғын үй жағдайын жақсарту ұсынысын беріп, электр сымдарын үнемі тексеріп тұру керектігін айтады. Себебі, уақыт өте келе кабельдер тозып, қысқа тұйықталуға әкелуі мүмкін. Ең бастысы, жылыту пешінің жағдайына ерекше назар аудару керек. Жылыту маусымы басталар алдында мұржаны тазалап, пешті жөндеу және өлшемі 50х70 см. болатын пеш алдындағы қорғаныс тақтайшасын орнату қажет. Мұржа төбенің жабындары арқылы өтетін жерлерде жанбайтын материал пайдалану керек. Өйткені бұл жерлерде өрт шығу қаупі жоғары. Сонымен қатар, пешті қыздырып жібермей, ұйқыға жатар алдында бір-екі сағат бұрын отты тоқтату керек. Бұл иіс газынан улану мүмкіндігін азайтады. Осы шараларды сақтау өрт қаупін айтарлықтай төмендетіп, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға көмектеседі.
Тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету конституциялық нормалармен шектеледі. Сондықтан үйдің және мүліктің қауіпсіздігі үшін негізгі жауапкершілік тұрғындардың өздеріне жүктеледі. Егер үй иесі құтқарушыларды үйіне кіргізсе, оларға пеш пен электр сымдарын қалай қауіпсіз пайдалану керектігі туралы түсіндіріледі. Егер үйіне кіргізбесе, өрт қауіпсіздігі ережелерін көшеде түсіндіріп, ескертпе қолма-қол немесе пошта жәшігіне қалдырылады. Мұндай жағдайда қызметкерлер үйдің жағдайын тексере алмайды. Бірақ, үйлердің мекенжайлары бақылауға алынып, қайта тексеріледі. Егер үйде ешкім болмаса, ескертпе пошта жәшігіне қалдырылады.
Текелі қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Алмас Саматұлы:
– Жылыту маусымына дайындық 2024 жылдың 15 қазанынан басталып, 2025 жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады. Ал «Өрт қауіпсіздігі айлығы» 15 тамызда басталды. Жылыту маусымы кезінде пешті кемінде үш айда бір рет тазалау қажет. Пешті жағу үшін жанғыш заттарды пайдалануға қатаң тыйым салынады, – дейді.
Қарамаса қара пеш те қатерлі. Сондықтан тұрғындарға жылыту пештерін орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керектігін айтамыз. Сонымен қатар, тұрмыстық газды да барынша сақтықпен пайдаланған жөн.
Айдар ҚАЛИЕВ





