Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында қыруар жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Соған орай 102 заң қабылданып, әлеуметтік мәселелерге, соның ішінде балаларды қорғауға көп көңіл бөлінді, кәмелетке толмағандарды құмар ойындарға тартқанға әкімшілік жауапкершілік енгізілді, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жаза қатайтылды. Қазіргі уақытта қоғамда балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайлары жиілеп кеткен кезде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, жастарды есірткі бұйымдарынан алшақтату, нашақорлықты төмендету сынды мәселелер әрқашан өзекті және еліміздің мемлекеттік әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының сәтті жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Аталмыш құжатта қоғамда заң мен тәртіп идеологиясының орнығуы туралы айтылады, әрине, онсыз «Әділ Қазақстанды» құру мүмкін емес. Өйткені заңды сақтау – әділеттіліктің негізі, сонымен бірге, әділетті қоғамда заң теңдік пен тәртіптің кепіліне айналады. Құқықтық мемлекеттегі әділеттілік заңмен реттелетін барлық қоғамдық қатынастардың өзіндік ортақ белгісіне айналады. Сонымен қатар заң талаптарын орындау жауапкершілікті де мойындайды.
Сондай-ақ, қоғамдағы заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» жаңа Заң жобасы әзірленіп жатқаны айтылды. Халықаралық қауымдастықтың басты мақсаты – заң үстемдігі. Сондықтан да көптеген елдер құқықтық мемлекет моделін құру кезінде билік көзі ретінде халықтың еркіне негізделген демократиялық және құқықтық негіздерін дамытады. Заң үстемдігі орнаған мемлекетте адам мен қоғамның құқықтары мен бостандықтарының құқықтық қорғалуы қамтамасыз етіледі, олар: заңның басымдығы, адамдар мен азаматтарды құқықтық қорғау, биліктің бөлінуі, заңдылық, азаматтық қоғамның болуы және соттардың тәуелсіздігі. Заң мен құқықтық тәртіп қоғам тұрақтылығының негізі мен кепілі екенін айта кеткен жөн.
Меруерт Искакова,
облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы
іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі





