Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Жолдаудың негізгі басым бағыттары халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталды. Әлеуметтік, қаржылық, энергетикалық, аграрлық салалардағы нақты түйткілдер мен олардан шығу жолдары сөз болды.
Әуелі халықтың басындағы өсімді несиеге алаңдаушылық білдірген Президент бұл қоғамдық қатердің алдын алу үшін банктердің ақша-несие саясатына байланысты жүйелі талдау жүргізіліп, фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою үшін банктер туралы жаңа заң қабылдау қажеттігін атап өтті. Расында, бүгінгі қолданыстағы заңға түбегейлі өзгеріс қажет екенін уақыт көрсетіп отыр. Үкімет мүшелері мен әкімдерді экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға шақыра отырып, қазына қаржысын стратегиялық маңызы жоқ шаруларға жұмсамауды қатаң ескертті. Әрі шағын және орта бизнестен түсетін салықты өңірлердің өзінде қалдыру арқылы кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал ету мәселесі де айтылды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі Ұлттық қордың маңызына тоқталып, «Қор қаржысы шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек», – деп қадап айтты. Сондай-ақ, салық саясатын цифрландыру арқылы сыбайлас жемқорлықтан арылып, жеке инвестициялар тарта отырып, экономикамызды күшейтуге қатысты жаңа көзқарастар қажет екені мәлім. Өйткені, кейбір әкімдер мен министрлердің тек республикалық, облыстық бюджет қаржысын игеріп қана отырғаны ешкімге жасырын емес. Осы орайда жұмыс өнімділігін арттыру, инвестжобаларды жандандыру бағытында Үкімет жедел шешімдер қабылдау керек.
Мемлекеттік кәсіпорындардың мақсат-міндеті айқындалмағанын алға тартқан Президент ондағы қаржылық айналымдар төңірегіндегі мәселелерді Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, жағдайды май шаммен қарау керегін міндеттеді. Жаңа Жолдаудағы басымдық берген бағыттың бірі – салық саясаты. Салық кодексін қабылдау мерзімі келесі жылға ауысты. Ендігіде салық төлеуде әкімшілік жазалау тәсілі цифрлық жүйемен хабарлама жіберуге көшпек. Сондай-ақ, табысын заңдастырмаған кәсіпкерлерге жаза ауырлай түспек.
Экологиялық таза қуат көздері елімізге аса қажет екеніне тоқталған Президент АЭС құрылысы бойынша референдум 6 қазанда өтетінін, елдік іс қоғамда кеңінен талқылану қажет деген тұжырымды түйіндеді. Әлемде энегрия көздеріне деген тапшылық жыл сайын арта түсуде. Осы ретте коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастырудың өзектілігіне тоқталды.
Сонымен бірге, агросекторлардағы ақтаңдақтар өте көп. Президент сөзімен айтсақ, «5 млн. мал басы «қағазда» ғана болған».
Ел-халықтың тұрмысын жақсартуға арналған 100-ден астам бағдарлама бар, алайда оны халық түгіл сол салада қызмет істеп жүрген мамандар да білмейді. Сондықтан бағдарламаларды жүйелендіру арқылы мемлекеттік жеңілдіктердің шаруалардың қолына жеткен-жетпегенін қатаң қадағалау қажет екенін қатаң ескертті Мемлекет басшысы.
Қамсыз, қайғысыз жергілікті билікке қарата ескерту жасаған Президент елдегі айтып келмейтін төтенше жағдайлардың алдын алуда бұрынғы кемшіліктерден терең сабақ алу керектігін де атап өтті.
Бұл жолғы Жолдауда Президент халықтың игілігіне арналған бағдарламаның бірі – «Тауар несиесі» жобасын ұсынды. Аталған жоба «Amanat» партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасының жалғасы ретінде өңірлерде шынайы жүзеге асып, шаруалардың өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік бермек. Инженерлік-инфрақұрылым мәселесі бұл жолы да айтылды. Ескірген жүйені жаңартуға салалық министрлікке нақты міндеттер берді. Туристік бағыттарға рейстер жүргізу арқылы отандық туризмді дамыту жағы да ескерусіз қалмады. Бұдан бөлек, Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атау туралы айтылды.
Мемлекет басшысы биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінгенмен оның нәтижесі әлі көрінбегенін, мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетігі арқылы қаржы тартудың халықаралық тәжірибесі ескерілмей жатқанын сынап, денсаулық сақтау саласындағы жүйесіздікті реттеу жағын тапсырды. Және Үкімет «Жайлы мектеп» жобасына арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластырып, 1300 білім беру мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу міндеттелді.
Әлеуметтік тұрғыдан жағдайы төмен азаматтарға қолдау көрсетуді үнемі айтып келеді. Осы орайда 2025 жылы «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске қосылмақ. Президент Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесінің әлі де өзектілігіне тоқталды. «Үміткерді кызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескерген жөн. Бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керек. Меритократия қағидаттарынан ешкім бас тартқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстың аяқ алысы жаман емес. Қазір мемлекеттік органдардың бәрі кадр жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеге көшті. Енді Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр мәселесіне қатысты жұмысын толық автоматтандыруы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Жолдауды түйіндей келе Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек», – деп мемлекеттік органдар жұмысында азаматтардың өтініштерін талдауда, бұқараның мәселесін шешуде жаңа көзқарас орнатып, сырғытпа жауап емес, нақты шешім айтуға шақырды.
Жанарбек ӘШІМЖАН
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты





