Газетіміздің 23 шілде № 85 санында «Алпыстан асқан жасым бар… немесе «вагон үстіндегі ғұмыр» атты сын мақала жарық көрген еді. Онда Ақсу ауданы Матай ауылындағы «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС Алматы филиалының Матай стансысындағы атқыштар командасының өзекті мәселелері айтылған.
Мақалада 60 жастан асқан мамандардың күзет қызметінде вагон үстіне шығып, мыңдаған шақырымдарға сапар шегіп, ауыр жұмыс істеп жүргендігі сөз болған. Бір өкініштісі, осындай ауыр жұмыста жүрсе де айлықтарының шайлыққа жетпейтіндігі сынға алынған. Жасы келген адамдардың пойыз вагондарының үстіне шығып, астына түсіп жұмыс істеуі қиындық тудырып келе жатқанын, теміржол күзет қызметінде жұмыс істейтіндердің зейнеткерлік жасы қысқартылса деген ой айтылған. Сондай-ақ, команданың қызметтік ғимаратының 1949 жылы салынғандығы, мекеменің тарлығы мен ескілігінен ішінде жұмыс істеу мен демалуға ешқандай мүмкіндіктің жоқтығы сөз болған.
Мақалада көтерілген мәселелерге орай газетімізге «Әскерилендірілген теміржол күзеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бас директорының орынбасары Н. Әлкеев жауап берді.
«Матай стансысындағы атқыштар командасының штат саны 69 бірлікті құрайды. Онда 60 және одан үлкен жастағы қызметкерлердің саны 7 адам. 2024 жылдың қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін Матай стансысындағы атқыштар командасының жүктерді күзететін күзетшілердің ең төменгі лауазымдық жалақысының көлемі 151 993 теңгені құрайды. Соңғы 7 айда атқыштар командасының жүктерді күзететін күзетшілерінің орташа айлық жалақысы үстемақы, қосымша ақы және төленген сыйлықақыларды қоса есептегенде 250 113 теңгені құраған.
«Серіктестік күзетшілерінің тарифтік мөлшерлемелерін жыл сайын иденцификациялау жөнінде шаралар қабылданды. Бұл, күзетшілердің жалақыларының жыл сайын өсуіне ықпалын тигізеді», – деген жауапты басшы: «Серіктестік жұмысшыларының денсаулығының жарамдылығын анықтау үшін жыл сайын медициналық тексерулерден өткізіледі. Сонымен қатар, әр қызметкер жұмысқа кірісуден бұрын еңбек міндеттерін атқаруға кедергі болатын белгілерді анықтау үшін ауысым алдындағы медициналық қарап-тексерулерден өтеді. Денсаулығының нашарлауына немесе жалпы көңіл-күйіне шағымы болған жағдайда, қызметкер ауысым алдындағы медициналық тексеру қорытындысына сәйкес жұмысқа жіберілмейді» – деп жағдайдың мән-жайын түсіндіре кетіпті.
Н. Әлкеев атқыштар командасының қызметтік ғимаратына қатысты да түсініктеме берген: «Команданың қызметтік ғимараты 1949 жылы салынған. Серіктестіктің күрделі салымдар жоспарына сәйкес ғимараттың құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Жаңа ғимарат салуды бастау және аяқтау мерзімі 2026 жыл деп белгіленді. Қазіргі уақытта серіктестік Матай стансысындағы атқыштар командасына арналған жаңа қызметтік ғимарат құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жөнінде жұмыс жүргізуде. Осының нәтижесінде «Матай» стансысындағы атқыштар командасының қызметтік ғимаратының құрылысы» жобасы бойынша кешенді ведомстволық емес сараптаманың қорытындысы алынды», – деп сыннан кейін жаңа ғимарат салу жайлы мәселенің көтерілгенін айтыпты. Енді сол қорытынды бойынша, жер телімі бөлініп, ғимараттың сызбасы жасалмақшы.
Гүлжан ТҰРСЫН
Редакциядан: дәлелді, дәйекті сынның қашанда өз «ондығын» табатыны қандай шүбәсіз болса, біздің газет көтерген мәселенің де сол мұраттан айнымай келе жатқаны анық. Оның куәсі де әр уақыт халық көкейіндегі арыз-арманға құлақ асып, содан нәтиже шығарған ұжымдық еңбек дейміз. Жоғарыдағы мақала да соған айғақ. Ендеше, сізді толғандырған күрмеуі қиын мәселе болса бізге хабарласыңыздар.





