Дінмұхамед Қонаевтың рухани және адамгершілік қасиетіне бас имейтін қазақ жоқ шығар. Өйткені Димекең ең алдымен еңбеккер, бірлікшіл қазақ халқының перзенті. Сондықтан төл перзентін төбесіне көтере құрметтейтін жерлестеріміз жыл сайын ұлы тұлғаның қайтыс болған күнін ерекше құрметпен атап өтеді. Осыған орай, «Қонаев» қорының өкілдері мен Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының ақсақалдары Талдықорған қаласындағы Д. Қонаев ескерткішіне жиналып, гүл шоғын қойып, тағзым етті.
Жиындағы әңгіме өзегі Димекеңнің өмірі мен кісілік болмысына бағытталды. Көпшілік заманымыздың кемеңгер ойшылы, ұлты үшін ұлтарақ, халқына қалқан болған, шын мәнінде елім деп еміренген Дінмұхамед Қонаевтың Отанына қаншалықты берілгендігін, азаматтық өресінің биіктігін тілге тиек етті.
Өмір бір орында тұрмайды, уақыттың да өз үні, ағысы, пәлсапасы, оны жүзеге асырар толқыны бар. Кешегі Қонаевтың тұсында жас болса, бүгінде өмірдің сан толқынынан өткен, өздері өмір сүріп отырған уақыттың қиын мәселелерін шешу жолында еңбектеніп жүрген зиялы қауым өкілдері де ойларымен бөлісіп, отаншыл тұлғаның жаңа қырларын сөз етті.
«Ел ағасы» атанған Дінмұхамед Ахметұлының қазақ еліне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның ішінде Талдықорған қаласының көркеюіне де тікелей қолдау танытқаны барша жұртқа мәлім. Бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарына өркениеттің өрлігін ұғындырып тұратын сол ғимараттардың қызығын көруде. Жиынға қатысқан қала тұрғындары осы жайлы естеліктер айтып, болашақ ұрпаққа өнеге болар лебізін жеткізді. Бүгінде нар тұлғаның есімі аймақтағы мектеп, көше, тағы да басқа нысандарға берілген.
Мұның өзі жетісулықтардың Димекеңе деген құрметінің қаншалықты деңгейде екенін аңғартады. Өйткені Жетісу жері – нар тұлғаның туған жері, өскен елі. Өмірінің дені өрлеу мен өсу, билік пен білгірлік кезеңі осы өлкеде өркен жайды. Қашанда халқына қалтқысыз қызмет еткен адамдар тіршілігінде жасаған ісімен де, айтқан сөзімен де мәңгілік жасай береді. Бүгінгі кездесуден осыны білдік.
Қажет АНДАС





